Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

НЕГІЗГІ ТАҚЫРЫП

Болашақты біреу біле ала ма?

Болашақты біреу біле ала ма?

Барлығымыз болашағымыз жайлы ойланамыз. Өйткені өзімізді және жақындарымызды алда не күтіп тұрғанын білгіміз келеді. Сондықтан бізді келесідей сұрақтар мазалауы мүмкін: “Балаларым өмір сүретін заман жақсырақ болар ма екен?” “Жер қандай да бір апаттың кесірінен жойылып кете ме?” “Болашағым жарқын болу үшін қазір не істей аламын?” Мұндай сұрақтар қою бізге тән нәрсе, өйткені біз табиғатымыздан болашағымыздың жарқын да жайдары болғанын қалаймыз және келешекке үреймен емес, сенімділікпен қарағымыз келеді. Егер біз алда не күтіп тұрғанын нақты білсек, өзімізді сол нәрсеге ойша дайындап, алдын ала қамдана алар едік.

Сонымен, сізді болашақта не күтіп тұр? Мұны біреу біле ала ма? Болашақты болжауға тырысатын мамандар кейбір нәрселерді дұрыс тұжырымдағанмен, көп нәрседе қателеседі. Ал Құдай болса болашақта болатын оқиғаларды тура айтады. Ол Киелі кітапта өзі жайлы былай деген: “Ақырғы жайттарды әуел бастан-ақ және әлі істелмеген істерді баяғыдан-ақ алдын ала білдіріп келемін” (Ишая 46:10). Оның айтқан сөздері тура орындалды ма?

ҚҰДАЙДЫҢ АЙТҚАНДАРЫ ҚАНШАЛЫҚТЫ ТУРА?

Құдайдың ежелде айтқан пайғамбарлықтарының дәл орындалғаны жайлы білу біз үшін неліктен маңызды? Мысалы, ауа райын болжаушының айтқандары күнде тура орындалып тұрса, сіз таңғалар едіңіз ғой, әрі оның келесі күнге айтқан болжамына да мұқият ден қояр едіңіз. Тура сол сияқты, егер сіз Құдайдың алдын ала айтқан сөздерінің өте дәл орындалғанын білсеңіз, оның болашаққа қатысты не дегенін де білгіңіз келмес пе еді?

Қаңырап бос қалған Ниневия қаласының қайта қалпына келтірілген қабырғасы

ҰЛЫ ҚАЛАНЫҢ ЖОЙЫЛУЫ.

Ғасырлар бойы берік тұрған ұлы қаланың жойылатынын алдын ала дәл айту әрбір адамның қолынан келе бермейді. Бірақ Құдай өзінің қызметшісі арқылы Ниневия деген ұлы қаланың жойылатынын алдын ала айтқан (Софония 2:13—15). Тарихи деректерде бұған қатысты не делінген? Б. з. б. VII ғасырда, Құдайдың бұл пайғамбарлықты айтқанына шамамен 15 жыл болғанда, бабылдықтар мен мидиялықтар Ниневия қаласына шабуыл жасап, оның күл-талқанын шығарды. Бұған қоса, Құдай Ниневия қаласының “шөл даладай қурап, қаңырап бос қалатынын” да алдын ала айтқан болатын. Бұл айтылған сөздер дәл орындалды ма? Иә. Ниневия қаласының аумағы шамамен 518 шаршы шақырым жерді алып жатса да, жаулап алушылар бұл қаланы өз иеліктеріне айналдырмай, оны қиратып тастаған. Қандай саясат аналитигі мұндай жайттарды осындай дәлдікпен нақты айта алар еді?

ҰЛЫ ПАТШАНЫҢ ШЫҒУЫ.

Дүниежүзілік державаны өзіне бағындыратын патшаның шығатынын және кейінірек оның империясының төртке бөлініп кететінін 200 жыл бұрын алдын ала айтуға кімнің батылы жетер еді? Осындай ерекше болжам тура орындалса, сол болжамды айтқан адамның әйгілі болып кетері анық. Құдайдың қызметшісі Даниял пайғамбар Грекия патшасының аз уақыт ішінде Мидия мен Парсы мемлекетін жаулап алатынын, алайда жеңіске жетіп, “әбден күшейді деген кезде” оның патшалығының күйрейтінін алдын ала айтқан. Ол былай деген: “Оның халқынан пайда болатын төрт патшалықтың... күштері онікімен тең келмейтін болады” (Даниял 8:5—8, 20—22). Даниял бұл сөздерді жазғаннан кейін 200 жылдан аса уақыт өткен соң, Ескендір Зұлқарнайын Грекияның патшасы болады. Алдын ала айтылғандай, ол Мидия мен Парсы империясын жаулап алады да, Грекия империясын Инд өзеніне (қазіргі Пәкстан) дейін кеңейтеді. Алайда Құдай алдын ала айтқандай, ол 32 жасында күтпеген жерден көз жұмады. Ал оның төрт қолбасшысы ұлы империяны өзара төртке бөліп алады. Адамнан күшті тұлғаның басшылығы болмаса, мұндай ерекше тұстарды дөп басып кім айта алар еді?

Киелі кітапта Бабылдың құлайтыны алдын ала тура пайғамбарлық етілген

ИМПЕРИЯНЫҢ ҚҰЛАУЫ.

Егер де біреу әлі дүниеге келмеген адамның есімін атап, оның дүниежүзілік державаны басып алатынын, тіпті бұл үшін ерекше стратегия қолданатынын алдын ала айтса, бұл таңғаларлық жайт болар еді ғой. Ал Құдай Кир есімді адамның бір елді басып алатынын алдын ала айтқан болатын. Сондай-ақ пайғамбарлыққа сай, Кир патша тұтқында болған яһуди халқын босатып, олардың ғибадатханаларын қайта қалпына келтіруге қолдау көрсетпек еді. Бұған қоса, Кир соғыс стратегиясы бойынша өзеннің суын құрғататынын және сол түні ашық қалған қақпалардың арқасында елді оңай басып алатынын да Құдай алдын ала айтқан болатын (Ишая 44:27—45:2). Құдайдың айтқан пайғамбарлығы бүге-шігесіне дейін орындалды ма? Тарихшылар Кир патшаның Бабылды аталмыш жолмен басып алғанымен толық келіседі. Кирдің әскері керемет тапқырлықпен Бабылдың өзен арнасын бұрып, суын құрғатқан. Тағы бір таңғаларлығы, Кир әскері қалаға салғырттықпен ашық қалған қақпалар арқылы кірген. Ақырында Кир патша Бабылдың құлдығында болған яһуди халқын босатып, оларға Иерусалимдегі киелі ғибадатхананы қайта қалпына келтіруге рұқсат берген. Бұл таңғаларлық жайт еді, өйткені ол яһудилердің Құдайына ғибадат етпейтін (Езра 1:1—3). Осы тарихи оқиғаларды алдын ала және бүге-шігесіне дейін Құдайдан басқа кім тура айта алар еді?

Біз Құдайдың болашақта болатын оқиғаларға қатысты алдын ала айтқан сөздерінің қалай дәлме-дәл орындалғанын көрсететін үш мысалды ғана қарастырдық. Алайда Киелі кітапта осы сияқты басқа да мысалдар көптеп кездеседі. Яһуди халқының жетекшісі Ешуа өз халқына былай деген болатын: “Шын жүректен, бар жан дүниелеріңмен мынаны мойындауларың керек: Құдай Иелеріңнің өздеріңе берген барлық игілікті уәделерінің біреуі қалмастан бәрі жүзеге асты. Оның бір сөзі де орындаусыз қалған жоқ” (Ешуа 23:1, 2, 14). Халық Құдайдың уәделері мен пайғамбарлықтарының тура орындалып отырғанын өз көздерімен көрген. Құдайдың айтқандары неге тура орындалып отырған? Өйткені оның жолдары адамдардікінен жоғары. Құдай жақын болашаққа қатысты да кейбір жайттарды алдын ала айтқан. Бұл сіздің өміріңізге де қатысты болғандықтан, сіздің бұл жайлы білгеніңіз маңызды.

ҚҰДАЙДЫҢ ПАЙҒАМБАРЛЫҚТАРЫ МЕН АДАМДАРДЫҢ БОЛЖАМДАРЫ

Адамдардың жасайтын болжамдары жиі ғылыми зерттеулерге, өздерінде көріпкелдік қабілеті бар деп есептейтіндердің жорамалдарына не деректер мен үрдістерге қарап жасалған сараптамаларға негізделеді. Олар алдын ала болжам жасап алғаннан кейін, әдетте қол қусырып, не болады екен деп күтіп отырады (Нақыл сөздер 27:1).

Ал Құдай болса адамдар сияқты емес, ол барлық жайтты жақсы біледі. Ол адамдарың болмысы мен бейімділіктерін толық түсінеді. Сондықтан қандай да бір жайтқа қатысты пайғамбарлық айтуды шешкен кезде, Құдай жеке адамның не бүкіл халықтың қалай әрекет ететінін алдын ала көре алады. Алайда Құдай бұнымен ғана шектелмейді. Ол айтқан сөзінің орындалуы үшін факторлар мен үрдістерді өз бақылауына алып, тіпті оларды өзгерте алады. Ол былай дейді: “Менің аузымнан шыққан сөзім... нәтиже берместен өзіме қайта оралмайды... [сөзім] көздеген мақсаттарымды жүзеге асырады” (Ишая 55:11). Құдайдың кейбір пайғамбарлықтарын болашақта не болатынын нақты баяндайтын хабарландыру деуге де болады. Иә, Құдай айтқандарының тура орындалатынына бізге кепілдік береді.

СІЗДІҢ БОЛАШАҒЫҢЫЗ

Сіздің және жақындарыңыздың болашағына қатысты алдын ала айтылған сенімді мәлімет бар ма? Егер сіз жақында дауыл болатыны жайлы ескерту естісеңіз, өміріңізді сақтап қалу үшін әрекет етер едіңіз ғой. Біз Киелі кітаптағы пайғамбарлықтарға келгенде де тура солай әрекет етуіміз керек. Өйткені Киелі кітапта Құдай жақын арада дүниежүзілік үлкен өзгерістер орын алатынын алдын ала айтқан (“ Құдай болашақ жайлы бізге нені аян етті?” деген қоршауды қараңыз.). Ал Құдайдың айтқандары болжаушысымақ мамандардың айтатындарынан әлдеқайда өзгеше.

Бұл дүниенің тарихы жалпы немен бітетіні белгілі. Өйткені ол туралы Киелі кітапта алдын ала жазылып кеткен. Құдай өз Сөзінде былай дейді: “Ақырғы жайттарды әуел бастан-ақ... алдын ала білдіріп келемін. Мен мақсатымды орындап, өзіме ұнайтындарды іске асыратын боламын деп уәде беремін” (Ишая 46:10). Киелі кітапқа сай, сізді және отбасыңызды керемет болашақ күтіп тұр. Ехоба куәгерлерінен алдағы уақытта орын алатын оқиғалар жөнінде сұрасаңыз болады. Әрине, Ехоба куәгерлері көріпкел емес, олар болашақты білу үшін рухтармен байланысқа түспейді және болашақты болжайтындай ерекше құдіретке де ие емес. Олар бар болғаны Құдай сөзін зерттейді және жарқын болашағыңыз үшін Құдайдың не дайындап қойғанын сізге Киелі кітаптан көрсете алады.