Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

 НЕГІЗГІ ТАҚЫРЫП

Адамзат жерді қашанғы бүлдіре бермек?

Адамзат жерді қашанғы бүлдіре бермек?

“Ұрпақтар бірінен соң бірі келіп-кетіп жатады, ал жер сол тұрған күйі тұра береді”(СҮЛЕЙМЕН ПАТША, Б. З. Б. ХІ ҒАСЫР) *.

Ежелде өмір сүрген Киелі кітап жазушысы осы сөздерімен адам ғұмырының өткіншілігін жердің тұрақтылығымен салыстырған. Шынында да, мыңдаған жыл бойы бір ұрпақ келіп, бір ұрпақ кетіп жатыр. Ал Жер ғаламшары сол қалпы тұр, ол әлі күнге дейін өмір сүруге қолайлы.

Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін дүние зор қарқынмен өзгере бастады. Адамзат небәрі 70 жылдың ішінде байланыс, тасымалдау және технология салаларында таңғаларлық ілгерілеудің, ал соның арқасында бұрын-соңды болмаған экономикалық өзгерістердің куәсі болып отыр. Қазіргі уақытта көп адам бұрын ойға да келмеген тұрмыс жағдайының рақатын көруде. Сондай-ақ осы уақыт аралығында жер тұрғындары үш есе дерлік көбейді.

Алайда мұның жаман салдары да бар. Адамзаттың іс-әрекеттері жер бетінде қалыптасқан табиғи айналымдарды бұзды. Кейбір ғалымдардың айтуынша, біз Антропоцен деп аталған жаңа геологиялық дәуірде өмір сүрудеміз. Бұл — адамзаттың жерге тигізетін әсері күшейе бастаған дәуір.

Киелі кітапта адамдардың “жерді бүлдіретіні” алдын ала айтылған (Аян 11:18). Біз сол уақытта өмір сүріп жатырмыз ба? Жерге әлі қаншалықты зиян келтірілмек? Ол қайта қалпына келмейтін  күйге жете ме? Адамзат жерді қашанғы бүлдіре бермек?

ЖЕР ҚАЙТА ҚАЛПЫНА КЕЛМЕЙТІН КҮЙГЕ ЖЕТЕ МЕ?

Жер бетіндегі өзгерістердің беталысы қандай? Кейбір ғалымдардың пайымдауынша, өзгерістердің әсерін нақты болжап айту өте қиын. Сондықтан олар салдары қайғылы болатын кезеңге жақындап қалдық деп уайымдайды. Бұл климаттың күтпеген жерден күрт өзгеруінен болуы мүмкін.

Мысалы, Батыс Антарктика мұз қабатын алайық. Жердегі температура үздіксіз көтеріле берсе, мұз қабатының еруі қалпына келместей деңгейге жетеді деген күдік бар. Мұз қабаты күн сәулесін шағылыстырады. Ол жұқарып, кішірейе берсе, астындағы мұхиттың беті ашылады. Тұңғиық мұхит күн сәулесін шағылыстырмайды, қайта, ыстықты өзіне тартады. Бұл өз кезегінде мұз қабатының одан бетер еруіне ықпал етеді. Нәтижесінде кері қайтпайтын қауіпті процесс басталады. Ал мұның салдарынан су деңгейі көтеріліп, жүздеген миллион адам апатқа ұшырайды.

ЭКОЛОГИЯЛЫҚ “ҚАРЫЗДЫҢ” ӨСУІ

Қазіргі экологиялық “төтенше жағдайдың” шешімін табу үшін түрлі жобалар ұсынылған болатын. Солардың бірі — “тұрақты даму” атты ұзақ мерзімді жоба. Бұл жобада экономика мен әлеуметтік жағдайды жердің экологиялық мүмкіндіктерін ескере отырып жақсарту көзделген еді. Нәтижесі қандай болды?

Өкінішке қарай, әлемді экономикалық дағдарысқа ұшыратқан қарыздың өсуі сияқты, жердің де экологиялық “қарызы” күн санап өсіп келеді. Адамзат жер ресурстарын дамылсыз қолдануда. Сондықтан олардың орны табиғи жолмен толып үлгермей жатыр. Тығырықтан шығудың жолы бар ма? Бір эколог: “Шынын айтқанда, жердегі жағдайды ретке келтірудің ешбір амалын тапқан жоқпыз”,— деп ашық мойындады. Мұндай жағдай Киелі кітаптағы: “Адамның өз жүретін жолын өздігінен бағыттауына болмайды”,— деген сөздерді растайды (Еремия 10:23).

Дегенмен Киелі кітапта Құдай жердің орны толмастай бүлінуіне жол бермейтіні жазылған. Забур жырлары 113:24-те: “Жер бетін Ол [Құдай]  адамзатқа берді”,— делінген. Шынында да, жер шары — көктегі Жаратушымыздың “кемелді сыйы” (Жақып 1:17). Құдай бізге уақытша қолданыста болып, кейін тозығы жетіп құритын сый беруі мүмкін бе? Әрине, жоқ! Жер шарының қалай жаратылғаны бұған дәлел болып табылады.

ЖАРАТУШЫНЫҢ НИЕТІ

Киелі кітаптың “Жаратылыстың басталуы” атты жазбасында Құдайдың жер шарын шеберлікпен жаратқаны жазылған. Алғашында “жер ретсіз, тіршіліксіз бос жатты; суға толы тұңғиықтың үстін қара түнек жауып тұрды”. Байқасақ, мұнда тіршілік үшін аса маңызды судың жер шарында болғаны ерекше атап өтілген (Жаратылыс 1:2). Сосын Құдай: “Жарық пайда болсын!”— деді (Жаратылыс 1:3). Бұл күн сәулесінің ауа қабатынан өтіп, жер бетіне алғаш көрінгеніне нұсқаса керек. Бұдан соң құрлық пен теңіздің пайда болғаны айтылған (Жаратылыс 1:9, 10). Кейін жер “тұқым шашатын өсімдіктерді әрі дәнегі бар жеміс беретін ағаштарды өсіріп шығарды” (Жаратылыс 1:12). Сөйтіп, фотосинтез сияқты өмір үшін маңызды табиғи құбылыстар мен айналымдар іске қосылды. Осыншама дайындық не үшін қажет болды?

Ежелде өмір сүрген Ишая пайғамбар Құдай жайлы: “Ол жерді де қалыптастырып, нығайтты. Оны ретсіз, бос тұру үшін емес, мекендеу үшін жаратты”,— деген (Ишая 45:18). Демек, Құдай жерді адам баласы мәңгі өмір сүру үшін жаратқан.

Адамзат Құдайдың сыйын дұрыс пайдаланбай, соның кесірінен жердің құрып кетуге шақ қалып тұрғаны өкінішті. Алайда Құдайдың жерге қатысты ниеті өзгерген жоқ. Ежелде Мұса пайғамбар: “Құдай өтірік айтатын пенде емес, Ойын өзгерте беретін адам да емес. Ол айтса, сонысын іске асырмай ма?”— деген (Руларды санау 23:19). Құдай жер шарының құрып кетуіне жол бермейді. Қайта, оның “жерді бүлдіргендерді құрту үшін белгілеген уақыты” таяп қалды (Аян 11:18).

ЖЕР — МӘҢГІ МЕКЕНІМІЗ

Иса пайғамбар көпшілікке танымал Таудағы уағызында: “Момын адамдар бақытты, өйткені олар жерді мұра етеді”,— деген (Матай 5:5). Сол уағызында Иса ненің арқасында жер құрып  кетпейтінін де айтқан. Ол ізбасарларына былай деп дұға етуді үйреткен: “Сенің Патшалығың келсін! Сенің еркің көктегідей жер бетінде де орындалсын!” Демек, Құдай өзінің жерге қатысты еркін Патшалық арқылы жүзеге асыратын болады (Матай 6:10).

Осы Патшалықтың үлкен өзгерістер жасайтыны жайлы Құдай: “Міне, бәрін де жаңадан жаратып жатырмын”,— деген (Аян 21:5). Бұл сөздерді Құдай қазіргі жерді жойып, жаңасын жаратады деп түсіну керек пе? Жоқ, өйткені ғаламшарымыз еш кемістіксіз жаратылған. Қайта, Құдай жердегі дағдарысқа айыптыларды, яғни “жерді бүлдіргендерді” құртады. Олар — қазіргі адамзат қоғамындағы билік жүйесі. Оның орнына “жаңа көк”, яғни Құдай Патшалығы “жаңа жерді” құрайтын Құдайға мойынсұнғыш адамзат қоғамына билік етеді (Аян 21:1).

Адамзаттың экология алдындағы “қарызын” Құдай “өтейді” де, табиғатты қалпына келтіреді. Құдайдың не істейтініне қатысты забур жыршысы былай деген: “Сен жерді баптап суарып, құнартасың”. Демек, ауа-райы қалпына келіп, Құдай жерге батасын төккенде, жер беті жұмаққа айналады әрі азық-түлік мол болады (Забур 64:10—14).

Хатшы Пьярелалдың айтуынша, Үндістанның рухани көсемі болған Мохандас Ганди “Жер әрбір адамның қарнын тойдыра алса да, көзін тойдыра алмайды” деген екен. Құдай Патшалығы адамдардың ішкі ниетін өзгерту арқылы жердегі бар қиындықтың түптамырын жояды. Ишая пайғамбар Құдай Патшалығы билік еткенде, адамдардың бір-біріне де, жерге де “ешқандай зұлымдық пен қиянат жасамайтынын” алдын ала айтқан (Ишая 11:9). Қазірдің өзінде түрлі ұлттан шыққан миллиондаған адам Құдайдың жоғары нормаларын біліп жатыр. Олар Құдайды және адамдарды сүюді үйренуде. Ризашылық білдіруді, қоршаған ортаны қорғауды, табиғат ресурстарын үнемдеуді, бір сөзбен айтқанда, Жаратушының ниетіне сай өмір сүруді үйреніп жатыр. Осылайша олар жұмақ орнаған жерде өмір сүруге дайындалуда (Уағыздаушы 12:13; Матай 22:37—39; Қолостықтарға 3:15).

Құдай үшін Жер өте бағалы, ол оның құрып кетуіне жол бермейді

Жаратылыс жайлы мәлімет “Құдай Өзінің жаратқандарының бәріне қарап, өте жақсы екенін көрді” деген сөздермен аяқталған (Жаратылыс 1:31). Жер Құдай үшін өте бағалы, ол оның құрып кетуіне жол бермейді. Жердің болашағы сүйіспеншілікке толы Жаратушымыз Ехоба Құдайдың қолында екенін білу неткен жұбаныш! Құдай былай деп уәде етеді: “Әділдер жерді мұра етеді, Онда мәңгі бақи өмір сүреді” (Забур 37:29 ЖД). Жерді мәңгі мекен ететін әділдердің қатарында сіздің де болғаныңызды тілейміз.

^ абзац 3 Киелі жазбалардағы Уағыздаушы кітабының 1:4-інен алынған.