Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

ОЛАРДЫҢ СЕНІМДЕРІН ҮЛГІ ЕТЕЙІК | ЖҮСІП

“Қалайша сондай ауыр қылмыс жасамақпын?!”

“Қалайша сондай ауыр қылмыс жасамақпын?!”

КҮЛЛІ даланы қапырық, ыстық ауа жайлап алған, гүл жарған лотос пен басқа да су өсімдіктерінің иісі аңқып тұр. Бірінің артынан бірі ілескен бір топ ер адам судың жағалауымен түйелерін айдап келеді, бұдан үркіп ұшқан құтандардың қанат қағыстары да естіледі. Бұл саудагерлердің керуені ұшы-қиырына көз жетпейтін Ніл өзенінің бойымен ылдилап барады. Жүсіп сол саудагерлердің бақылауында. Оның бар ойы — жүздеген шақырым артта қалған Хеброн өлкесіндегі жылы ұясы. Қазір ол өзге әлемге түскендей.

Айналада құрма мен інжір ағаштарының төбесінде жүрген маймылдардың жағымсыз даусы мен айқайы естіледі. Жан-жағындағы адамдардың сөздері де Жүсіп үшін мүлдем жат. Ол әрбір сөзге құлақ түріп, оларды жаттап алуға тырысуда. Ол “енді ешқашан үйіме оралмаймын” деп ойласа керек.

Бұл Жүсіптің небәрі 17—18 жасқа қараған кезі еді. Сөйтсе де тіпті ересек адамды қайғыға батыратын қиындықтарға тап болып отыр. Әкесінің айналып-толғанары болған оны туған бауырлары көре алмай өлтірмек болады. Бірақ райларынан қайтып, оны құлдыққа сатып жібереді (Жаратылыс 37:2, 5, 18—28). Енді болса бірнеше апта бойы жол жүріп, елдің астанасына жақындап қалған әлгі саудагерлер басқа да құнды тауарлармен қоса, оны сатып пайда көрмек. Осыны көздеген саудагерлердің қуанғаны айтпаса да түсінікті. Басына осындай қайғы түскен Жүсіпке салы суға кетіп, үміт отын сөндірмеуге не көмектесті? Қиындықтар мен көңіл қалдыратын жайттарға тап болғанда, қалайша біз сенімімізде берік болып қала аламыз? Бұл орайда Жүсіптен көп нәрсеге үйренеріміз анық.

ЖҮСІПКЕ “ЖАРАТҚАН ИЕ ЖАР БОЛДЫ”

“Ысмағұлдық саудагерлер оны Мысырға апарған еді. Сол жерде Потифар есімді мысырлық уәзір Жүсіпті олардан сатып алды. Потифар перғауынның бас қорғаушысы болатын” (Жаратылыс 39:1). Осы бір-екі ауыз сөзбен Киелі кітап екінші рет құлдыққа сатылған Жүсіптің қаншалықты қорланғанын елестетуге көмектеседі. Ол жай ғана алып-сатар тауар сияқты болды! Енді Жүсіп жаңа қожайынына еріп, сауда-саттықпен айналысып жатқан адамдарға лық толы қала көшелерімен жаңа үйіне қарай бет алып барады.

Міне, ол жаңа үйіне де келіп жетті! Бұл оның туып-өскен үйінен мүлдем өзге. Жүсіптің отбасы шатырларда тұрды, отар-отар қой-табындарын бағып, көшпелі өмір кешті. Ал мұндағы Потифар сияқты бай мысырлықтар көз жауын алатын түрлі-түсті әсем үйлерде тұрып жатты. Археологтардың мәлімдеуінше, ежелгі мысырлықтар пайдалы өсімдіктерді, шарбақпен қоршалған бақтар мен папирус, лотос және басқа да су өсімдіктері бар тоғандарды ұнататын. Олардың тамаша бақпен қоршалған үйлерінде самал жел есіп тұратын кең алаңдары, зәулім терезелері және үлкен асүй мен құлдарға арналған бөлмелері де бар еді.

Жүсіптің Мысыр байлығына басы айналып қалды ма? Бұлай болуы екіталай. Бәрінен де бұрын ол жалғыздықтан жабырқап жүрген болса керек. Мысырлықтардың сөйлеген сөздері, киген киімі, сырт көрінісі, әсіресе діні ол үшін мүлдем бөтен еді: олар неше түрлі құдайларға табынатын, оккультизм мен сиқырлықпен айналысатын, өлім мен о дүние жайлы тақырыптарға құмар болатын. Айналасындағының бәрі өзі үшін жат болғанына қарамастан, жалғыздыққа бой алдырмауға Жүсіпке не көмектесті? Киелі кітапта: “Жаратқан Ие [Жүсіпке] жар болды”,— делінген (Жаратылыс 39:2). Жүсіптің ағынан жарылып, өз Құдайына ішіндегісін ақтарып айтып отырғаны сөзсіз. Жазбаларда “Иеміз Өзіне сиынғандардың жанында” екені жазылған (Забур 144:18). Жүсіп өз Құдайына жақындау үшін тағы не істеді?

Жас Жүсіп еңсесін көтеріп, өзіне тапсырылған жұмысты барын салып атқаруға тырысты. Осылайша ол Ехобаның батасына ие болуға талпынды. Содан көп ұзамай жаңа қожайынының оған мейірімі түсті. Потифар Жүсіптің бауырларының Құдайы Ехобаның жас қызметшіге жар болып, ісін оңғарып отырғанын, соның арқасында өз үйінің өркендеп жатқанын көрді. Уақыт өте келе Жүсіп Потифардың көңілінен шыққандықтан, ол өзіндегінің бәрін осы қабілетті қызметшісіне сеніп тапсырды (Жаратылыс 39:3—6).

Жүсіп Құдайдың жас қызметшілері үшін керемет үлгі болып табылады. Бүгінде адамдар зұлымдықпен әрі сиқырлықпен байланысты нәрселерге құмар, болашақтан күдер үзіп, өмірден әбден түңілген. Сондықтан мектепте жүргенде жас мәсіхшілер кейде өздерін жат ортада жүргендей сезінуі мүмкін. Осындай күйді бастан өткеріп жүрген болсаң, Ехобаның өзгермегенін есте ұста (Жақып 1:17). Ехоба адалдықтарын сақтап, оған ұнамды болуға жанын салып жүргендердің қасында, ол қызметшілерін батасыз қалдырмайды. Бұған еш күмәнданбасаң да болады.

Киелі кітапта уақыт өте Жүсіптің өсіп ержеткені жазылған. Мысырға бозбала болып келген ол енді “дене бітімі келісті, келбетті жігіт” болды. Ал бұның өзіндік қаупі бар еді. Себебі сыртқы сұлулықпен ерекшеленетін адамдарға өзгелер жиі орынсыз көңіл бөліп жатады.

Потифардың әйелі адал Жүсіпке көз салды

“ЖҮСІП ЕШҚАШАН АЙТҚАНЫНА КӨНГЕН ЕМЕС”

Жүсіп адалдық қасиетін жоғары бағалады. Ал Потифардың әйелі бұған кереғар көзқараста болды. Жазбаларда былай делінген: “Күндердің күнінде қожайынының әйелінің көзі Жүсіпке түсіп: —Жүр, бірге болайық,— деп еліктірді” (Жаратылыс 39:7). Жүсіп жалған құдайларға табынатын бұл әйелдің арсыз ұсынысын қабыл алды ма? Киелі кітапта Жүсіптің бойында жастарға тән қалаулары жоқ болған не бай әрі беделді уәзірдің кербез әйелі тартымсыз болған деп айтылмаған. Олай болса, Жүсіп “Азғындыққа барсам, бұл қожайыныма беймәлім болып қалар” я болмаса “Әйелдің ұсынысын қабыл алсам, материалдық игіліктерге қол жеткізе аламын” деп ойлап азғырылды ма?

Біз Жүсіптің сол сәтте не ойлағанын білмейміз. Алайда оның берген жауабынан жүрегіндегі ой-ниетін анық көреміз. Ол әйелдің ұсынысынан бас тартып, былай деді: “Қараңыз, қожайыным өз сарайындағы барлық істі менің міндетіме артып, еш нәрсемен айналыспайды. Бұл үйде ешкім менен артық күшті емес. Қожайыным өзіңізден басқа ештеңені де билігімнен айырған жоқ. Ал сіз оның жұбайысыз ғой! Сонда мен қалайша сондай ауыр қылмыс жасап, Құдайдың көз алдында күнәға батпақпын?!” (Жаратылыс 39:8, 9). Жас жігіттің шын жүрегінен шыққан осы сөздерді құлшына айтып жатқанын елестетіп көріңізші! Әйелдің қалауын орындау тіпті оның ойына да кіріп-шықпады. Мұның себебі неде?

Жүсіптің сөздерінен көрінетіндей, қожайыны оған сенім артты. Потифар әйелінен басқасының бәрін, бүкіл үйі мен иелігін, оның қолына берген еді. Енді оған қалайша опасыздық жасамақ? Жүсіп осы ойдың өзінен шошыды. Алайда ол үшін ең жеркеніштісі Ехоба Құдайға қарсы күнә жасау болды. Бала кезінде ата-анасы оған неке адалдығына қатысты Құдайдың көзқарасы жайлы көп айтатын еді. Ехоба о баста некеге бастама беріп, оған қалай қарайтынын анық білдірген: еркек пен әйел бір-біріне жабысып, “біртұтас” болуы керек (Жаратылыс 2:24). Ал осы одақты бұзуға азғырылғандар Құдайдың қаһарына ұшырауға шақ қалған болатын. Мысалы, Жүсіптің әжелері Сара және Рабиғамен жақындаспақ болғандар бастарына қауіп төндірген еді (Жаратылыс 20:1—3; 26:7—11). Жүсіптің бұл оқиғалардан сабақ алып, Құдайдың көзқарасын ұстанып өмір сүруді мақсат еткені анық.

Потифардың әйелі Жүсіптің берген жауабын жақтырмады. Түкке тұрғысыз қарапайым құлдың кеудесінен итеріп, ұсынысын “ауыр қылмыс” деп атағаны ол үшін күтпеген жайт болды! Десе де ол айтқанынан қайтпады. Жүсіптің сөздері намысына тиіп кеткендіктен, оны қоярда-қоймай көндіруге тырысып бақты. Осылайша бұл әйел Шайтандікіндей рух танытты. Исаны сынағаннан еш нәтиже шықпағанын көрген Шайтан да оңайлықпен беріле салған жоқ еді, ол “басқа бір қолайлы уақытты күтті” (Лұқа 4:13). Сондықтан адал адамдардың әрқашан берік те мығым болғандары өте маңызды! Жүсіп дәл осылай әрекет етті. Әйел “күн сайын қайта-қайта мазаласа да”, ол еш берілген жоқ. Киелі кітапта: “Жүсіп ешқашан айтқанына көнген емес”,— делінген (Жаратылыс 39:10). Алайда Потифардың әйелі қадалған жерінен қан алатын әйел еді.

Әйел үйде қызметшілердің болмайтын кезін күтті. Ол Жүсіптің үй шаруасымен ішке кіретінін білді. Сол сәт туғанда, оған бас салды. Әйел оның шапанынан ұстай алып: “Жүр, бірге болайық”,— деді. Жүсіп бірден әрекет етті. Әйелдің құшағынан сытылмақ болып, кері шегінді. Алайда әйел оның киіміне мықтап жармасып алды. Сонда Жүсіп шапанын тастай сала, сыртқа қаша жөнелді (Жаратылыс 39:11, 12).

Бұл оқиға Пауылдың киелі рухтың жетелеуімен: “Азғындықтан қашыңдар!”— деп айтқан сөздерін еске салады (Қорынттықтарға 1-хат 6:18). Жүсіптің әрекеті қай-қайсысымыз үшін де тамаша үлгі! Себебі бізге Құдайдың өнегелік заңдарына құрмет танытпайтын адамдармен жиі араласуға тура келіп жатады. Ал мұндай қатынас бізге кері әсер етуі мүмкін. Сол себепті де сақ жүріп, қаншалықты қиын болмасын, жамандықтан қашу керек.

Жамандықтан қашқаны Жүсіпке қымбатқа түсті. Потифардың әйелі кек алуды көкседі. Ол бірден айқайға салып, сырттағы үй қызметшілерін шақыртты. Әйел Жүсіптің оны зорламақ болғанын, бірақ айқайын естісімен қашып кеткенін айтып жала жапты. Сосын айыбын дәлелдеу үшін Жүсіптің шапанын жанына қойып, күйеуін күтті. Ал Потифар келгенде, мұндай жағдайдың болғанына оның жатжұрттық құлды әкелгені себеп болғанын айтып, күйеуін де кінәлады. Сонда Потифар қаһарына мініп, Жүсіпті түрмеге қаматып тастады (Жаратылыс 39:13—20).

“ЖҮСІПТІҢ АЯҚТАРЫ ҚЫСЫЛЫП БҰҒАУЛАНДЫ”

Сол уақыттары Мысыр еліндегі түрмелердің қандай болғанына қатысты біздің білетініміз көп емес. Археологтар үйінділердің арасынан темір торлары мен зындандары бар үлкен бекіністерді тапқан. Жүсіп қамалған жерін суреттегенде, түпнұсқада сөзбе-сөз “шұңқыр” дегенді білдіретін сөзді қолданған. Бұдан оның саңылаусыз қараңғы әрі адамды бар үмітінен айыратын жерде жатқаны көрінеді (Жаратылыс 40:15). Жүсіптің тағы қандай азапты бастан кешіргені жайлы Забур жырында былай делінген: “Жүсіптің аяқтары қысылып бұғауланды, Мойнына оның темір құрсау салынды” (Забур 104:17, 18). Сол заманда мысырлықтар тұтқындардың кейбірінің қолдарын артқа қайырып, шынтақтарына бұғау салатын, ал басқаларының мойнына темірден жасалған қарғы кигізетін. Жүсіптің ешқандай қылмыс жасамаса да, өзінің соншалықты азапталғанына қатты күйінгені айтпаса да түсінікті!

Ал ең сорақысы, бұл қас қағым сәтте өте шығатын қиындық емес еді. Киелі кітапта Жүсіптің түрмеде қала бергені жазылған. Ол жантүршіктіретін жерде жылдар бойы жатты *! Ол тіпті бостандыққа шығатынын я шықпайтынын білмеді. Түрмеде өткізген алғашқы сұмдық күндер апталарға, сосын айларға ұласқанда, болашақтан күдер үзіп, торығып кетпеуге Жүсіпке не көмектесті?

Киелі кітапта “Жаратқан Ие Жүсіпке жар болып, оған шапағатын төккені” жазылған (Жаратылыс 39:21). Түрме қабырғасы да, бұғаулар да, қараңғы зындан да Ехобаның өз қызметшісіне айнымас сүйіспеншілігін танытуына кедергі бола алмады (Римдіктерге 8:38, 39). Жүсіптің көктегі Әкесіне дұғада қайғы-мұңын шаққаны, ал “жұбаныш атаулының қайнар көзі” Ехобаның оның жүрегіне тыныштық бергені анық (Қорынттықтарға 2-хат 1:3, 4; Філіпіліктерге 4:6, 7). Ехоба Жүсіпке тағы қандай жолмен қол ұшын берді? Ол Жүсіпті “түрме бастығының мейіріміне” бөледі.

Сол кездері тұтқындарға белгілі бір жұмыс тапсырылғанға ұқсайды. Түрмеде Жүсіпке қандай іс тапсырылмасын, ол оны аянбай атқарып, бар жағдайда Ехобаға арқа сүйеп отырды. Бұл жағдайдан да Жүсіптің Ехобаның батасына ие болу үшін қол қусырып отырмағаны көрінеді. Содан ол Ехобаның батасына бөленіп, кезінде Потифардың үйіндегідей, түрмеде де құрмет пен сенімге ие болды. Киелі кітапта: “Түрме бастығы онда отырған барлық тұтқындарды Жүсіптің қарамағына тапсырып, бүкіл жұмыс оның басқаруымен атқарылатын болды. Жүсіпке тапсырған істің ешқайсысына да бастық көңіл бөлмеді. Себебі Жаратқан Ие Жүсіпке жар болып, оның істеген әрбір ісін оңынан келтіріп отырды”,— делінген (Жаратылыс 39:22, 23). Ехобаның оны алақанына салып қамқорлағанын сезінгені Жүсіп үшін неткен жұбаныш болды!

Жүсіп түрмеде аянбай еңбек етіп, Ехобаның батасына ие болды

Біз де бұрылыс-бұралаңы көп өмір жолында рухымызды күйрететін қиындықтарға, тіпті әділетсіздікке кезігуіміз мүмкін. Алайда біз Жүсіптің сеніміне қарап үйрене аламыз. Ехобаға дұғада жақын болсақ, оның өсиеттеріне мойынсұнсақ әрі оның көз алдында дұрыс болып табылатынды істеуге тырыссақ, оның бізге батасын беруіне жол ашамыз. Осы айдардың келесі мақаласында Ехобаның Жүсіпті кейінірек одан да зор баталарға кенелткені жайлы білетін боламыз.

^ 23-абзац Киелі кітаптан көрінетіндей, Потифардың үйіне келгенде Жүсіп шамамен 17—18 жаста еді, әрі ержеткенше бірнеше жылдай сонда қала берді. Ал түрмеден шыққанда оның жасы 30-да болды (Жаратылыс 37:2; 39:6; 41:46).