Қарызға ақша алуым қажет пе?
“Қарыз алу — той, қарыз қайтару — жоқтау” (Суахили мақалы).
БҰЛ — Шығыс Африкада өте танымал мақал. Сондай-ақ бұл сөздер дүниенің түкпір-түкпіріндегі адамдардың сезімдерін анық сипаттайтыны сөзсіз. Досыңыздан не өзге бір жерден қарызға ақша алғанда, сізде де осындай сезімдер туындай ма? Кейде қарыз алу ақылға қонымды болып көрінуі мүмкін, бірақ бұл шынымен жақсы шешім бе? Қарыз алудың қандай тұзақтары бар?
Суахили тіліндегі келесі мақал тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні болып табылады: “Қарыз алу мен қарыз беру достықты бұзады”. Расында да, қарыз достыққа және адамдардың қарым-қатынасына сызат түсіруі мүмкін. Жақсылап жоспар құрсақ та, ниетіміз игі болса да, барлығы әрқашан біз ойлағандай бола бермейді. Мысалы, қарызды қайтаратын уақыт келгенмен, ол қайтарылмай жатса, қарыз беруші ашулана бастауы мүмкін. Өкпе-реніш ұлғайып, қарыз беруші мен қарыз алушының, тіпті олардың отбасыларының да, қарым-қатынасы суи бастауы мүмкін. Қарыз адамдардың арасында кикілжің тудыратындықтан, ақшамен байланысты қиындықтарды шешуде, қарыз алуды ең соңғы амал ретінде қарастырғанымыз жөн.
Қарыз адамның Құдаймен де қарым-қатынасына нұқсан келтіруі мүмкін. Қалайша? Киелі кітапта қарызды саналы түрде қайтарғысы келмейтін адамды зұлым деп атаған (Забур 37:21 ЖД). Сондай-ақ онда: “Қарыздар қарыз бергеннің құлы болар”,— делінген (Нақыл сөздер 22:7). Берешек қайтарылмайынша, алған адам берген адамға борыштар болып қала беретінін түсіну керек. Африканың келесі мақалы орынды айтылған: “Адамның аяғын қарызға алар болсаң, сол адам қайда бар десе, сонда барасың”. Бұл — қарызға белшесінен батқан адам өз қалауынша әрекет ете алмайды деген сөз.
Сондықтан қарыз бар болса, оны бірінші кезекте қайтаруға тырысу қажет. Әйтпесе қиындықтар туындауы мүмкін. Сот істері мен түрмеге жабылуды қозғамағанда, қарыздың өсуі уайым-қайғыны, ұйқысыз түндерді, қосымша жұмыс пен ерлі-зайыптылар арасындағы ұрыс-керісті көбейтеді, тіпті соның кесірінен отбасы ойран болып жатады. Римдіктерге 13:8-де келесідей дана сөздер жазылған: “Өзара сүйіспеншіліктен басқа ешкімге ештеңе қарыз болмаңдар”.
БҰЛ ШЫНЫМЕН ҚАЖЕТ ПЕ?
Жоғарыда айтылғандарды ескерсек, қарыз алу мәселесінде барынша сақ болған жақсы. Парасаттылық танытып, келесі сұрақтардың үстінен ой жүгірткеніміз абзал: “Шынымен де, қарыз алу қажет пе? Бұл отбасының аман-саулығы үшін қажет болып жатыр ма? Әлде бұған ашкөздік не қалта көтермейтін нәрсені қалау себеп болып отыр ма?” Негізінен, қарызға батып, өзгеге борыштар болғанша, азды қанағат еткен дұрыс.
Әрине, күтпеген жағдайлар туындағанда не тығырыққа тірелгенде, бұдан басқа амал қалмауы мүмкін. Солай болған күнде де, қарыз алуды шешкен адам бұған үлкен жауапкершілікпен қарауға тиіс. Бұны іс жүзінде қалай жасауға болады?
Біріншіден, әлдебіреу бақуатты болса, одан қарызға ақша ала беруге болады дегенді білдірмейді. Егер біреудің жағдайы жақсы болса, ол міндетті түрде бізге қаржылай көмектесуге тиіс деп те ойламауымыз қажет. Сондай-ақ осындай бақуатты адамдардан алған қарызды қайтармай-ақ қоюға болады деген ойдан да аулақ болу керек. Бұған қоса, қалталы адамдарға қызығып қарамау қажет (Нақыл сөздер 28:22 ЖД).
Сосын, алған ақшаны қайтаруға бел буыңыз, әрі бұны ұзаққа созбаңыз. Егер қарыз беруші ақшаны қайтаратын уақытты белгілемесе, онда оны өзіңіз белгілеп, сол уақытта қайтаруға тырысыңыз. Болашақта түсініспеушіліктер болмау үшін, бұл жайтты қағаз жүзінде екіжақты рәсімдеген дұрыс (Еремия 32:9, 10). Ризашылығыңызды білдіру үшін, мүмкін болса, қарызды өз қолыңызбен қайтаруға тырысыңыз. Қарыз қайтаруда сөзіңізде тұрғаныңыз қарым-қатынасты нығайта түседі. Бірде тауда уағыз айтқанда, Иса пайғамбар: “Сендердің “иә” дегендерің “иә”, ал “жоқ” дегендерің “жоқ” болсын”,— деген (Матай 5:37). Сонымен қатар “барлық істе басқалар өздеріңе қалай істесін десеңдер, сендер де оларға солай істеңдер” деген “алтын ережені” естен шығармау қажет (Матай 7:12).
КИЕЛІ КІТАПТАҒЫ ПАЙДАЛЫ АҚЫЛ-КЕҢЕСТЕР
Киелі кітапта қарызға батудан сақтандыратын қарапайым кеңес бар. Онда: “Рас, қолда барға қанағат етсек, Құдайға шын берілгендік зор пайданың көзі болады”,— делінген (Тімөтеге 1-хат 6:6). Басқаша айтқанда, қарыздың ащы дәмін татпаудың ең жақсы жолы — қолда барды қанағат ету. Әрине, бәрін әрі бірден алғысы келетін бұл дүниеде қанағатшыл болу оңай емес. Міне, осы кезде бізге “Құдайға шын берілгендік” көмек болады. Қалай?
Азия елдерінің бірінде тұратын бір мәсіхші ерлі-зайыптының мысалын қарастырайық. Жастау кезінде олар жеке өз үйі бар адамдарға қызыға қарайтын. Сөйтіп, бір күні банктен және туыстарынан қарыз алып, оған жиған-терген ақшаларын қосып, үй сатып алмақ болады. Көп ұзамай олар ай сайын қомақты сома қайтарып отырудың не екенін түсіне бастайды. Бұл ерлі-зайыпты қосымша жұмыс істеп, барлық уақыты соған кетіп, бала-шағасына дұрыстап уақыт бөле алмай қалады. Отағасы былай деп есіне алады: “Ұйқының жоқтығы мен уайым-қайғы арқамдағы жүк іспетті болды. Өзімді тынысым тарылып, тұншығып жатқандай сезіндім”.
“Дүние-мүлікке Құдайдың көзқарасымен қарау — нағыз қорғаныш”
Ақырында, олардың есіне Тімөтеге 1-хат 6:6-дағы сөздер түсіп, бұл тығырықтан шығудың жалғыз жолы — үйді сату деп шешеді. Барлық қарыздарынан құтылуға екі жыл қажет болады. Олар бастарынан өткен осы жағдайдан не нәрсеге үйренді? Аталмыш ерлі-зайыпты: “Дүние-мүлікке Құдайдың көзқарасымен қарау — нағыз қорғаныш”,— деп тұжырымдады.
Мақаланың басында келтірілген суахили мақалы көпке танымал. Алайда бұдан қарыз алушылардың саны азайып жатқан жоқ. Жоғарыда қарастырылған Киелі кітап ақыл-кеңестерін ескеріп, “Қарызға ақша алуым қажет пе?” деген сұрақтың үстінен асықпай ой жүгірткеніміз даналыққа жатпай ма?