НЕГІЗГІ ТАҚЫРЫП | СІЗ ҚҰДАЙҒА ЖАҚЫНДАЙ АЛАСЫЗ
Сіз Құдаймен сөйлесесіз бе?
Жақын достар бір-бірімен жүзбе-жүз, я болмаса телефон, электронды пошта, бейнебайланыс және хат арқылы жиірек араласып тұруға тырысады. Осылайша біз де Құдаймен жақын қарым-қатынас орнатқымыз келсе, онымен жүйелі түрде сөйлесіп тұруымыз керек. Бұны қалай істеуге болады?
Біз Ехобамен дұға арқылы сөйлесе аламыз. Алайда Құдайға дұға етуді құрдасыңызбен айтылатын күнделікті әңгімемен салыстыруға болмайды. Дұға айтқанда, сөздерімізді Жаратушымызға, әлемдегі ең жоғарғы тұлға Алла Тағалаға арнайтынымызды түсінуіміз қажет. Осыны түсінгеніміз дұғаны зор құрмет пен қастерлеу сезімін таныта отырып айтуға талпындыруға тиіс. Дұғаларымыз Құдайдың құлағына жету үшін, белгілі бір талаптарға сай келуіміз қажет. Қазір солардың үшеуін қарастырайық.
Біріншіден, дұғамызды Исаға, әулиелерге не мүсіндерге емес, тек Ехоба Құдайға ғана бағыштауымыз керек (Мысырдан шығу 20:4, 5). Киелі кітапта: “Барлық өтініштеріңді дұға етіп, жалбарынып, ризашылықпен Құдайға білдіріңдер”,— деп нақты айтылған (Філіпіліктерге 4:6). Екіншіден, дұғалар Құдайға оның ұлы Иса Мәсіх арқылы бағышталуға тиіс. Исаның өзі шәкірттеріне: “Мен арқылы болмаса, ешкім де Әкеге келе алмайды”,— деп түсіндірген (Жохан 14:6). Үшіншіден, дұғаларымыз Құдайдың еркіне сай болуға тиіс. Киелі кітапта: “Оның еркіне сай не сұрасақ та, Құдайдың бізге құлақ асатынына кәміл сенеміз”,— делінген * (Жоханның 1-хаты 5:14).
Жақын достар екеуара әңгімелері неғұрлым жиірек болғанын қалайды
Әрине, егер достардың біреуі екіншісіне сөз бермей, өзі ғана үнемі сөйлей беретін болса, достық қарым-қатынас ұзаққа созылмайды. Достар екеуара әңгімелескенді жақсы көреді, сол сияқты біз де Құдайдың сөйлеуіне мүмкіндік беруіміз қажет. Сондай-ақ ол сөйлегенде, мұқият тыңдауымыз керек. Құдай бізге қалай сөйлейтінін білесіз бе?
Бүгінде Ехоба Құдай бізге өзінің жазбаша Сөзі — Киелі кітап арқылы “сөйлейді” (Тімөтеге 2-хат 3:16, 17). Неліктен бұлай дей аламыз? Мысалы, сіз жақын досыңыздан хат алдыңыз делік. Хатты оқып шыққан соң (досыңыздың сөздері ауызша емес, жазбаша болса да), сіз: “Досым былай деп жатыр!”— деп, оқығандарыңызды өзгелерге қуана-қуана айта бастайсыз. Тура сол сияқты, Киелі кітапты оқу арқылы, сіз Ехобаның сөйлеуіне мүмкіндік бересіз. Алғашқы мақалада сөз етілген Джина былай дейді: “Егер Құдай мені өзінің досы деп қарастырғанын қаласам, оның бізге жазған “хатын”, яғни Киелі кітапты мұқият оқуым қажет”. Сосын, Джина әрі қарай сөзін жалғап: “Киелі кітапты күнделікті оқығаным мені Құдайға жақындата түсті”,— дейді. Құдай Сөзі — Киелі кітапты күнделікті оқу арқылы, күн сайын Ехобаның сізге сөйлеуіне мүмкіндік бересіз бе? Осылай істегеніңіз, Құдайға жақындай түсуіңізге көмектеседі.
^ абзац 5 Құдайға дұға арқылы қалай жақындауға болатынына қатысты көбірек мәліметті Ехоба куәгерлері басып шығарған “Киелі кітап шын мәнінде неге үйретеді?” кітабының 17-тарауынан таба аласыз.