Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

НЕГІЗГІ ТАҚЫРЫП | ЖЕМҚОРЛЫҚТАН АЗАТ ҮКІМЕТ

Сыбайлас жемқорлық — қоғамды жайлаған індет

Сыбайлас жемқорлық — қоғамды жайлаған індет

Сыбайлас жемқорлық дегеніміз — мемлекеттегі лауазымды қызметкерлердің өз дәрежелерін жеке бастарының мүддесі үшін пайдалануы. Бүгінде індетке айналған жемқорлықтың тамыры тереңде жатыр. Мысалы, Киелі кітапта сот ісінде пара алуға тыйым салатын заң жазылған. 3500 жыл бұрын жазылған бұл заң жемқорлықтың сол заманда-ақ төбе көрсеткенін аян етеді (Мұсаның 2-жазбасы 23:8). Жемқорлық пара алумен ғана шектелмейді. Парақор шенеуніктер мүліктерді жымқырып, қызмет өкілеттігін теріс пайдалану, тіпті ашықтан-ашық мемлекеттік қаржыны тонауға дейін барады. Сондай-ақ олар дос-жарандары мен туған-туыстарының жағдайын жасау үшін өз дәрежелерін заңсыз қолдануы мүмкін.

Жемқорлық қоғамның түрлі салаларында орын алғанмен, басқару органдарының ішіндегі сыбайлас жемқорлық бәрінен де кең етек алған. “Трансперенси интернешнл” (Transparency International) ұйымының “Ғаламдық жемқорлық барометрі — 2013” атты зерттеуінің нәтижесі бойынша, әртүрлі елдің тұрғындары жемқорлыққа белшеден батқан келесі 5 мемлекеттік институтты атап өткен: саяси партиялар, полиция қызметкерлері, мемлекеттік шенеуніктер, заң шығару мен сот жүйесі. Осы мәселенің өзектілігін көрсететін келесі есепке назар аударайық:

  • АФРИКА. 2013 жылы Оңтүстік Африкада 22 000 шенеунік жемқорлыққа барғаны үшін жауапқа тартылған.

  • ОҢТҮСТІК АМЕРИКА. 2012 жылы Бразилияда 25 адам саяси қолдаушыларды сатып алу мақсатында мемлекеттік қаржыны пайдаланғаны үшін жазаға тартылған. Олардың арасында бұрынғы президент әкімшілігінің басшысы, мемлекеттегі екінші ықпалды адам да бар еді.

  • АЗИЯ. 1995 жылы Сеул қаласында (Оңтүстік Корея) әмбебап дүкен қирап, 502 адам қайтыс болды. Тексеру нәтижесінде қала басшылары мердігерлерден пара алып, олардың құрылыс нормасына сай келмейтін бетонды қолданып, қауіпсіздік ережелерін бұзуына жол бергені анықталды.

  • ЕУРОПА. “Бұл мәселе (яки Еуропадағы жемқорлық мәселесі) ушығып тұр... Саяси жүйенің жемқорлықты ауыздықтауға дәрмені жетпейтін көрінеді”,— деп мәлімдейді Еуропа Одағының Ішкі істер бойынша комиссары Сесилия Мальмстром.

Иә, сыбайлас жемқорлықтың тамыры тереңге жайылған. Жемқорлыққа қарсы күрес мәселесінің маманы, профессор Сьюзан Роуз-Акерманның айтуынша, жемқорлықты жою үшін “үкіметтің басқару жүйесіне айтарлықтай өзгерістер” енгізу қажет. Жағдай үмітсіз көрінгенмен, Киелі кітап бұдан да үлкен өзгерістер жасаудың мүмкін екенін әрі олардың сөзсіз жүзеге асатынын көрсетеді.