НЕГІЗГІ ТАҚЫРЫП | ЗАМАННЫҢ СОҢЫ ЖАҚЫН БА?
Көптеген адамдар сияқты сіз де заманның соңынан аман өте аласыз
Киелі кітапта: “Сол уақытта дүние жаратылғаннан бері осы уақытқа дейін болмаған... зор алапат болады. Егер сол күндер қысқартылмағанда, ешкім аман қалмас еді”,— делінген (Матай 24:21, 22). Бірақ Құдай: “Осы дүние... өтеді де кетеді, ал Құдайдың еркін орындаушы мәңгі өмір сүреді”,— деп, көптеген адамдардың аман қалатынын уәде етеді (Жоханның 1-хаты 2:17).
Егер осы дүние жойылғанда, аман қалып, мәңгі өмір сүргіңіз келсе, не істеуіңіз қажет? Керек-жарағыңызды жинауыңыз немесе осыған ұқсас дайындықтар жасауыңыз керек пе? Жоқ. Киелі кітап мүлдем басқа нәрселер жасауға шақырады. Онда келесідей сөздер жазылған: “Мұның бәрі осылай құрып кететін болса, сендердің жүріс-тұрыстарың қасиетті, ал іс-әрекеттерің Құдайға шын берілген адамдарға тән болу керек емес пе?! Өйткені сендер Ехобаның күнінің келгенін күтіп, оны естеріңде мықтап ұстап жүрсіңдер ғой” (Петірдің 2-хаты 3:10—12). Мәнмәтінге назар аударсақ, құрып кететін нәрселердің қатарына осы бұзылған дүниенің басшылары және Құдайдың емес, адамдардың билігін таңдағандар жататынын байқауға болады. Сондықтан материалдық дүние-мүлік жинағанымыз бізді болашақ апаттан құтқара алмайтыны анық.
Құтқарылу үшін Ехоба Құдайға шын берілгендік танытуымыз және оған қандай жүріс-тұрыс пен іс-әрекет ұнамды екенін танып-білуіміз қажет (Софония 2:3). Бұған қоса, өте маңызды кезеңде өмір сүріп жатқанына мән бергісі келмейтін көпшілікке ермей, қайта, Ехобаның күнін есімізде мықтап ұстауымыз қажет. Ехоба куәгерлері сізге төніп келе жатқан осы күннен қалай құтқарылуға болатынын Киелі кітаптан көрсете алады.