Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Құдайдың көңілінен шығу мүмкін бе?

Құдайдың көңілінен шығу мүмкін бе?

Киелі кітапта ерекше мақтауға ие болған адамдар жайлы оқығанда: “Маған олар сияқты болу қайда... Мен мінсіз де, әділ де емеспін. Оның үстіне, мен әрдайым Құдайға ұнайтынды ғана істей бермеймін ғой”,— деп ойлаған кездеріңіз болған ба?

Әйүп “әділ де мінсіз” болған (Әйүп 1:1)

Киелі кітапта рубасы Әйүп “әділ де мінсіз” адам ретінде суреттелген (Әйүп 1:1). Лұт та “әділ кісі” деп аталған (Петірдің 2-хаты 2:8). Ал Дәуіт жайлы Құдайға “ұнайтынды ғана істейтін” адам деп жазылған (Патшалар 1-жазба 14:8). Десе де бұл кісілердің өмірлерімен жақынырақ танысатын болсақ, бірнеше жайтты білеміз. Біріншіден, олар да қателік жіберген. Екіншіден, олардан көп нәрсеге үйрене аламыз. Үшіншіден, жұмыр басты пенделер Құдайға ұнамды бола алады.

ОЛАР ДА СҮРІНГЕН

“[Құдай] бұзық адамдардың өрескел қылықтарға беріліп кеткендеріне қатты қиналған әділ Лұтты аман алып қалды” (Петірдің 2-хаты 2:7)

Бірталай қасірет шеккен Әйүпке басына түскен қиындықтар әділетсіздік болып көрінген. Әйүп адалдығын сақтаған-сақтамағаны Құдай үшін бәрібір деген жаңсақ пікірде болған (Әйүп 9:20—22). Әйүп өзінің әділдігіне сенімді болғаны сонша — ол өзін Құдайдан да әділмін деп айтып жатқандай көрінген (Әйүп 32:1, 2; 35:1, 2).

Лұтты алсақ, ол анық та қарапайым нұсқауды орындамай жүріп алған. Ол Содом мен Ғомора қалаларын жаппай өнегесіздік жайлағанына қатты қапаланған, тіпті “жаны азапқа түскен” (Петірдің 2-хаты 2:8). Құдай зұлымдыққа белшесінен батқан сол қалаларды жоятынын жариялап, Лұтқа отбасымен аман қалуға мүмкіндік берді. Бәлкім, мұндай хабарды естіген Лұт қаладан бірінші болып қашу керек қой деп ойлармыз. Әйткенмен, сол маңызды сәтте ол іркіліп қалды. Сонда Лұт пен отбасын құтқарып қалу үшін, Құдайдың періштелеріне оларды қолдарынан жетелеп тұрып қаладан шығаруға тура келді (Мұсаның 1-жазбасы 19:15, 16).

Дәуіт “[Құдайдың] жолынан таймай,.. бар жүрегімен оған ұнайтынды ғана істеп жүрді” (Патшалар 1-жазба 14:8)

Дәуіт болса нәпсісін тыя алмағанының кесірінен біреудің әйелімен азғындық жасаған. Бұл тірлігін жасырғысы келген ол одан да сорақы әрекетке барып, әлгі әйелдің күйеуін өлтірткен (Самуилдің 2-жазбасы 11-тарау). Киелі кітапта: “Дәуіттің бұл ісі Ехобаның көз алдында барып тұрған жексұрындық еді”,— делінген (Самуилдің 2-жазбасы 11:27).

Әйүп, Лұт және Дәуіт пендешіліктен қателік жіберген, кейбірі тіпті ауыр күнә жасаған. Бірақ, қазір қарастыратынымыздай, олар шын жүректен Құдайға мойынсұнуды қалаған. Олар шалыс қадам жасағандары үшін өкінген және өзгеруге дайын болған. Сондықтан да Құдай оларды ықыласына бөлеген, әрі Киелі кітапта олар адал адамдар ретінде сипатталған.

ОЛАРДАН НЕ ҮЙРЕНЕМІЗ?

Бәріміз күнәкар пенде болғандықтан, “сүрінбейтін тұяқ, жаңылмайтын жақ” болмайды (Римдіктерге 3:23). Бірақ қателік жасап қойсақ, соған өкінетінімізді көрсетіп, жағдайды түзету үшін қолымыздан келгенді істеуіміз қажет.

Әйүп, Лұт пен Дәуіт қателіктерін қалай түзеткен? Әйүп жүрегінде мінсіз адам болған. Құдай оған дұрыс ой жүгіртуге көмектескен соң, Әйүп көзқарасын өзгертіп, айтқан сөздерін қайтып алды (Әйүп 42:6). Лұттың Содом мен Ғоморадағы өнегесіздікке деген көзқарасы Құдайдікіндей болған. Алайда уақыт таяғанда оның бірден әрекет етпегені қиындық туғызды. Десе де ол ақырында жойылуға кесілген қалалардан қашып шығып, Құдайдың жазасынан аман қалды. Мойынсұнушылық танытып, ол артта қалдырған нәрселерге бұрылып қараған да жоқ. Дәуітке келсек, ол Құдай заңынан аттап, ауыр күнә жасады, бірақ шын жүректен өкінді және Құдайдан рақымын түсіруін сұрап жалынды. Осылайша ол шын ниетінің қандай екенін көрсетті (Зәбүр 51-тарау).

Құдайдың осы үш кісіге рақымын жаудырғаны таңғалдырарлық жайт емес. Өйткені ол күнәкар пенделерге шамадан тыс талап қоймайды. “Ол біздің неден жаратылғанымызды жақсы біледі, топырақ екеніміз оның есінде” (Зәбүр 103:14). Олай болса, пендешіл табиғатымызды білетін Жаратушымыз бізден нені күтеді?

Құдай “біздің неден жаратылғанымызды жақсы біледі, топырақ екеніміз оның есінде” (Зәбүр 103:14)

ҚҰДАЙҒА ЖАҒУ ҮШІН НЕ ІСТЕУІМІЗ КЕРЕК?

Дәуіттің өз ұлы Сүлейменге айтқан сөздері Құдайға ұнамды болудың жолын көрсетеді. “Сен, ұлым Сүлеймен, әкеңнің Құдайын танып-біл. Оған бар жүрегіңмен, бар ықыласыңмен қызмет ет”,— деді ол (Шежірелер 1-жазба 28:9). Бар жүрегімізбен қызмет ету нені білдіреді? Бұл Құдайды шын жүректен сүюді және оның еркін білуге, орындауға құштар болуды білдіреді. Бірақ бұл кемелді болу керек деген сөз емес. Қайта, Құдайға мойынсұнушылықпен қызмет етуді жан-тәнімізбен қалауды және түзелуге дайын болуды білдіреді. Құдайды сүйгендіктен және тілалғыш болуды қалағандықтан, Құдай Әйүпті мінсіз, Лұтты әділ, ал Дәуітті Құдайға ұнайтынды ғана істейтін адам деп қарастырған. Шалыс қадам басқан болса да, олар Құдайға ұнамды болды.

Құдайға бар жүрегімізбен қызмет ету — оның еркін орындауға дайын болуды және мойынсұнушылықпен қызмет етуді жан-тәнімізбен қалауды білдіреді

Сонымен, егер ой-санамызға біз қаламаған жаман ойлар келсе немесе аузымыздан шығып кеткен сөздер үшін ұятымыз мазаласа, я болмаса әрекетіміздің бұрыс болғанын кеш түсініп жатсақ, жоғарыда айтылған кісілердің оқиғасы бізге жігер береді. Кемелділікке жету біз үшін әзірге мүмкін еместігін Құдай біледі. Сонда да ол бізден өзін сүйеді және мойынсұнуға тырысады деп күтеді. Егер бар жүрегімізбен осылай етсек, Құдайға ұнамды болатынымыз шүбәсіз.