НЕГІЗГІ ТАҚЫРЫП | ЕХОБА КУӘГЕРЛЕРІ ДЕГЕН КІМДЕР?
Ехоба куәгерлері неге сенеді?
Ехоба куәгерлері “Киелі жазбалардың бәрі Құдай рухының жетелеуімен жазылған, әрі тәлім беруге... тиімді” екеніне сенеді (Тімөтеге 2-хат 3:16). Біз Киелі кітаптың көмегімен Жаратушымызды танып-білеміз және мән-мағыналы өмір сүреміз.
Киелі кітапта былай делінген: “Адамдар сенің есімің Ехоба екенін, бүкіл жер бетін билейтін жалғыз Құдай Тағала екеніңді білсін” (Зәбүр 83:18). Сондықтан да біз тек Ехоба Құдайға ғибадат етеміз және Куәгерлері ретінде оның есімін өзгелерге жариялаймыз (Ишая 43:10—12).
Мәсіхтің ізбасарлары болғандықтан, біз “Құдай Ұлы” * Исаның Мәсіх ретінде жерге келгеніне сенеміз (Жохан 1:34, 41; 4:25, 26). Ол өлген соң көкке көтерілді (Қорынттықтарға 1-хат 15:3, 4). Кейінірек Иса Құдай Патшалығының Патшасы болды (Аян 11:15). Бұл Патшалық — жер бетіне жұмақ орнататын көктегі шынайы үкімет (Даниял 2:44). Киелі жазбаларда: “Момындар жерді мұра етеді, керемет тыныштық орнағанын көріп, шаттыққа кенеледі”,— делінген (Зәбүр 37:11, 29).
“Олар Киелі кітапты оқығанда, Құдай өздеріне сөйлеп жатқандай қабылдайды. Ал қандай да бір қиындыққа тап болса, оны шешу үшін Құдай Сөзіне жүгінеді... Олар үшін Құдай Сөзі тірі”. Католик дін қызметкері Бенджамин Кераят (“Münsterländische Volkszeitung” газеті, Германия).
Біз Киелі кітаптағы ақыл-кеңестер қазіргі таңда да өте пайдалы деп білеміз (Ишая 48:17, 18). Сондықтан біз ондағы ақыл-кеңестерге құлақ асамыз. Мысалы, Киелі кітап біздің санамыз бен тәнімізді улайтын нәрселерден аулақ болуға шақыратындықтан, біз темекі мен есірткі қолданбаймыз (Қорынттықтарға 2-хат 7:1). Сондай-ақ Киелі кітапта қатаң айыпталған істерден, атап айтқанда маскүнемдіктен, азғындықтан және ұрлық жасаудан аулақпыз (Қорынттықтарға 1-хат 6:9—11).
^ 5-абзац Киелі кітапта Иса сондай-ақ “Құдайдың жалғыз Ұлы” деп аталған. Бұл оның Ехоба Құдайдың өзі жаратқан ең бірінші және жалғыз жаратылысы екенін білдіреді (Жохан 3:18; Қолостықтарға 1:13—15).