Сіз білгенсіз бе?
Ирод патша Иерусалимдегі ғибадатхананы қайта соққанда қандай қиындықтарға кезікті?
Бастапқыда Сүлеймен Иерусалимдегі ғибадатхананы төбенің үстіне соққан болатын. Ол төбенің батыс және шығыс жағынан тіреу қабырғаларын тұрғызды, соның арқасында киелі ғибадатхананың айналасында бірнеше сатылы жазық жерлер төселді. Бірақ Ирод ғибадатхананы Сүлейменнің кезіндегісінен де ғаламат еткісі келді, сондықтан оны жөндеп, кеңейтуге кірісті.
Иродтың құрылысшылары алаңды кеңейту үшін ғибадатхананың солтүстік жағындағы жерді ұзартты. Ал оңтүстік жаққа қарай алаң 32 метрге кеңейтілді. Бұны істеу үшін олар үлкен тастар қою арқылы жердің деңгейін көтерді және қалың тіреу қабырғасын тұрғызды. Бұл қабырғаның кейбір жерінің биіктігі шамамен 50 метр болды.
Ирод ғибадатханада атқарылатын қызметке және құрбандықтардың шалынуына кедергі еткісі келмеді, яһудилердің сезімдеріне тиіп кетуді де қаламады. Яһуди тарихшысы Иосиф Флавийдің айтуынша, қарапайым жұмысшылар қасиетті жерлерге кірмеу үшін, Ирод патша діни қызметкерлерге тіпті тас қалау мен ұсталық кәсібін үйреткен.
Ирод аталмыш жобаның аяқталуын көрмей дүниеден озды. Б. з. 30 жылы ғибадатхананың құрылыс жұмыстарының жүріп жатқанына 46 жыл болған еді (Жохан 2:20). Бұл істі бірінші ғасырдың бел ортасында Иродтың шөбересі Агриппа ІІ бітірді.
Неге Мальта тұрғындары елші Пауылды кісі өлтіруші деп ойлады?
Мальтаның кейбір тұрғындарына грек діні ықпал еткен болса керек. Құдайдың ежелдегі Пауыл есімді қызметшісімен болған оқиғаны қарастырып көрейік. Елшілердің істері кітабында жазылғандай, ол Мальта аралының маңында кеме апатына ұшырайды. Аралға аман-есен жеткен соң, Пауыл өзімен бірге болған жолаушылардың тоңып қалмауы үшін жағылған отқа бір құшақ ағаш қояды. Сол кезде бұтақтардың арасынан улы жылан шығып, оның қолына оралып қалады. Мұны көрген арал тұрғындары өзара: “Бұл адам — шынымен де кісі өлтіруші. Ол теңізден аман қалғанмен, Әділдік оның тірі жүруіне жол бермеді”,— десті (Елшілердің істері 28:4).
Осы тармақтағы “Әділдік” сөзі гректің “дике” сөзінен аударылған. Бұл сөз жалпы әділдікке нұсқаса керек. Ал грек мифологиясында Дике әділдіктің әйел тәңірінің есімі болған. Ол адамдардың істерін қадағалайды, әрі айыпты адамдар жазасыз қалмауы үшін, ашылмаған әділетсіз істер туралы Зевске айтып отырады деп саналған. Сондықтан, бір дерекке сай, Мальта тұрғындары былай ойлаған болса керек: “Пауыл теңізден аман қалса да, ол өлімге кесілген адам, өйткені осы улы жылан арқылы... “Дике” оны ұстап алды”. Алайда Пауылдың бұдан еш зиян шекпегеніне куә болғанда, арал тұрғындары ойларын өзгертті.