НЕГІЗГІ ТАҚЫРЫП | ӨТІНІШТЕРІМІЗ ҚҰДАЙДЫҢ ҚҰЛАҒЫНА ШАЛЫНА МА?
Құдай өтініштерімізді тыңдай ма?
Кейбір адамдар “Құдай біздің өтініш-тілектерімізге құлақ түрмейді, сондықтан одан тілену құр бекершілік” деп есептейді. Өзгелері болса дұға еткенмен, өтініштері жауапсыз қалғандай сезінеді. Бір атеист кісі Құдайдың қандай екенін өз санасында елестетіп, ой түйіндеген соң: “Ең болмаса құлағыма сыбырлашы”,— деп дұға еткен екен. Бірақ ол Құдайдың үн-түнсіз қалып, жауап бермегенін айтты.
Дегенмен Киелі жазбаларда Құдайдың бар екені және оның дұғаларымызды тыңдайтыны айтылған. Онда ежелде жазылып кеткен мынадай сөздер бар: “Көмекке шақырып жалбарынғаныңда, ол [Құдай] ықыласын түсіреді. Даусыңды ести сала, саған жауап береді” (Ишая 30:19). Ал Киелі жазбалардың басқа бір жерінде: “Әділдің дұғасы оған ұнамды”,— делінген (Нақыл сөздер 15:8).
Иса пайғамбар Құдайға дұға еткенде “дұғасына жауап алды” (Еврейлерге 5:7)
Бұған қоса, онда өтініштері Құдайдың құлағына шалынған адамдар жайлы айтылған. Бірде Иса пайғамбар “өзін аман алып қала алатынға... жалбарынғанда,.. дұғасына жауап алған” (Еврейлерге 5:7). Сондай-ақ Құдай Сүлеймен мен Даниял пайғамбардың да дұғаларына жауап берген (Шежірелер 2-жазба 7:1; Даниял 9:21).
Олай болса, неліктен кей адамдарға тілек-өтініштері жауапсыз қалып жатқандай көрінеді? Дұғамызды естісін десек, біз оны басқа құдайларға не ата-бабамыздың аруағына емес, Киелі кітапта айтылған Ехоба * Құдайға бағыштауымыз қажет. Сондай-ақ Құдай дұғамызда “оның еркіне сай”, яғни оның көңілінен шығатын нәрселер турасында сұрағанымызды талап етеді. Тілегіміз осы талаптарға сай болса, Құдайдың “құлақ асатынына кәміл сенімді” бола аламыз (Жоханның 1-хаты 5:14). Сонымен, дұғаларымыз босқа айтылмау үшін біз Киелі жазбалардан Құдай туралы білім алып, оның еркіне не жататынын түсінуіміз қажет.
Көптеген адамдар дұғаның жай ғана діни рәсім емес екеніне сенеді. Олар Құдай дұғаларды тыңдап, жауап беретініне сенімді. Мәселен, Кенияда тұратын Айзек былай дейді: “Мен Құдайдан Киелі кітапты түсінейінші деп тіледім. Содан көп ұзамай маған бір кісі жолығып, қажетті көмекті ұсынды”. Ал филиппиндік Хильда есімді әйел болса темекіні тастағысы келген. Бірнеше рет тырысса да қолынан келмеген соң, күйеуі оған: “Құдайға дұға етіп, көмек сұрасаңшы”,— дейді. Ол солай етеді. Хильда былай дейді: “Оның қалай көмектескенін сезінгенде қатты таңғалдым. Темекі тартуға деген құмарлығым өзінен-өзі жоғалып бара жатқандай болды. Сөйтіп, мен бұл әдетімді мүлдем доғардым”.
Иә, өтініштеріңіз Құдайдың еркіне сай келсе, ол сізге де міндетті түрде жауап береді емес пе?!
^ 6-абзац Ехоба — Киелі кітапта жазылған Құдайдың есімі.