НЕГІЗГІ ТАҚЫРЫП | СОҒЫСҚА ҚАТЫСТЫ ҚҰДАЙДЫҢ КӨЗҚАРАСЫ ҚАНДАЙ?
Соғысқа қатысты Құдайдың көзқарасы — бірінші ғасырда
Бірінші ғасырда яһудилер Рим империясының езгісінде болды. Ата-бабалары сияқты олар да Жаратқан Иеге қайта-қайта жалбарынып, құтқаруын сұрағаны даусыз. Осындай күйде жүргендерінде, олар Иса туралы естіді. Ол, расында да, өздері күткен Мәсіх, яғни Құтқарушы ма? Жұрт Исраилді құтқаратын осы кісі деп үміттенді (Лұқа 24:21). Бірақ үміттері ақталмады. Қайта, б. з. 70 жылы Рим әскері Иерусалим мен ондағы ғибадатхананың күл-талқанын шығарды.
Неге Құдай яһудилер үшін соғыспады? Ертеде ол солай етуші еді ғой! Неге оларға азаттық алу үшін, қанаушыларымен соғысуды бұйырмады? Әлде Құдайдың соғысқа қатысты көзқарасы өзгерді ме? Жоқ, өзгерген жоқ. Бірақ оның яһудилерге деген көзқарасы өзгерді. Себебі олар Құдай жіберген Исаның Мәсіх екенін мойындамады (Елшілердің істері 2:36). Сондықтан яһуди халқы Құдай халқы болудан қалды (Матай 23:37, 38).
Құдай яһуди халқын да, олардың жерін де қорғамайтын болды. Бұдан былай олар соғыста Құдай бізге жақ дей алмайтын. Иса алдын ала айтқандай, Құдайдың ықыласына енді жаңа халық ие болды. Бұл рухани халық еді. Киелі кітапта ол “Құдайдың Исраилі” деп аталған (Ғалаттықтарға 6:16; Матай 21:43). “Құдайдың Исраилі” майланған мәсіхшілерден тұрды. Келесі сөздер соларға айтылды: “Кезінде Құдайдың халқы емес едіңдер, енді оның халқысыңдар” (Петірдің 1-хаты 2:9, 10).
Олай болса, Құдай мәсіхшілерден құралған халқын Рим езгісінен азат ету үшін соғысты ма? Бәлкім, қанаушыларына қарсы соғысуды өздеріне тапсырған шығар? Жоқ, олай етпеді. Неге? Алдыңғы мақаладан білгеніміздей, қашан соғысу керектігін тек Құдай ғана шешеді. Ал ол өзі де соғыспады, мәсіхшілерге де соғысуды бұйырмады. Демек, Құдайдың ниеті бойынша, бірінші ғасыр озбырлық пен зұлымдыққа қарсы соғысатын уақыт емес еді.
Сонымен, ертедегі исраилдіктер сияқты, бірінші ғасырдағы мәсіхшілер де Құдайдың зұлымдық пен озбырлықты құртатын уақытын күтуі керек еді. Сондай-ақ олардың өз беттерінше дұшпандарына қарсы соғысуға құзырлары болмады. Иса Мәсіх те осылай үйреткен. Мысалы, ол ізбасарларына: “Жауларыңды ұдайы жақсы көріңдер және өздеріңді қудалағандар үшін дұға ете беріңдер”,— деген (Матай 5:44). Рим әскерінің Иерусалимге қарсы аттанатынын пайғамбарлық еткенде де, Иса шәкірттеріне қалада қалып, шайқасуды емес, қашуды бұйырған. Олар солай етті де (Лұқа 21:20, 21).
Елші Пауыл да рухтың жетелеуімен былай деген: “Өздерің үшін кек алмаңдар... Өйткені былай деп жазылған ғой: — Кек алу — менің ісім, есесін мен қайтарамын,— дейді Ехоба” (Римдіктерге 12:19). Пауыл мұнда Мұсаның 3-жазбасы 19:18-ден және Мұсаның 5-жазбасы 32:35-тен үзінді келтірген. Бұл сөздерді Құдай ғасырлар бұрын айтқан болатын. Алдыңғы мақаладан білгеніміздей, ежелде Құдай өз халқының кегін алу үшін, соғыстарда оларға қолғабыс еткен. Сонымен, Пауылдың сөздерінен Құдайдың соғысқа қатысты көзқарасы өзгермегені көрінеді. Атап айтқанда, бірінші ғасырда да Құдай соғысты қызметшілерінің кегін алудың және озбырлық пен зұлымдықтың түбіне балта шабудың дұрыс жолы деп білген. Десе де, ежелгі замандағыдай, мұндай соғыстың қашан болатыны мен оған кім қатысатынын тек Құдай шешкен.
Көріп отырғанымыздай, бірінші ғасырда Құдай мәсіхшілердің соғысқа қатысқанын қаламаған. Ал қазір ше? Ол қандай да бір халыққа не топқа соғысуды бұйырды ма? Құдайдың өз қызметшілері үшін соғысатын уақыты келіп жетті ме? Бүгінде Құдайдың соғысқа деген көзқарасы қандай? Бірқатар мақаланың соңғысынан осы сұрақтарға жауап аламыз.