Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

ОҚЫРМАН САУАЛДАРЫ

Рождество мейрамы қайдан бастау алған?

Рождество мейрамы қайдан бастау алған?

Рождество мәсіхшілердің Иса Мәсіхтің туған күнін атап өтетін дәстүрлі мейрамы болып есептеледі. Алайда бұл мейраммен байланысты салт-жоралардың Исаның туылуына қандай қатысы бар?

Мысалы, Аяз ата немесе Санта-Клаус туралы аңызды алайық. Бүгіндегі сауыққой, қызыл шапанды, ақ сақалды Санта — 1931 жылы Солтүстік Америкадағы сусын компаниясының жарнама үшін ойлап тапқан кейіпкері. 1950 жылдары кейбір бразилиялықтар Санта-Клаусты өздерінің Аяз аталарымен ауыстыруға тырысты. Мұның арты не болды? Профессор Карлос Фантинатидің айтуынша, Санта-Клаус Бразилияның Аяз атасын ғана емес, “тіпті нәресте Исаны да жеңіп кетті және желтоқсанның 25-індегі мейрамның ресми кейіпкеріне айналды”. Алайда Рождествоның шикілігі тек Санта-Клауспен шектеле ме? Бұл сұрақтың жауабын алу үшін ертедегі мәсіхшілердің заманына оралайық.

Британ энциклопедиясында айтылғандай, “мәсіхшіліктің алғашқы екі ғасырында азапкерлердің, сонымен қатар Исаның да туған күнін тойлауға тыйым салынған”. Неге олай? Мәсіхшілер туған күнді тойлау көпқұдайшылдардың дәстүрі болғандықтан, одан мейлінше алшақ болу керек деп қарастырған. Оның үстіне, Исаның қай күні туылғаны туралы Киелі кітапта ештеңе айтылмаған.

Алғашқы мәсіхшілер туған күн тойлауға үзілді-кесілді қарсы болған болса да, б. з. IV ғасырында католик шіркеуі Рождество мейрамын ендірді. Шіркеу халықты өздеріне тартуына кедергі болған ең басты нәрседен, атап айтқанда, көпқұдайшыл римдіктердің діндері мен олардың қыс мезгіліндегі күн құдайын дәріптеу мейрамдарынан арылғысы келді. “Америкадағы Рождество” деген кітапта айтылғандай, жыл сайын желтоқсанның 17-сі мен қаңтардың 1-і аралығында “римдіктердің көбісі ойын-сауық қуып, ішіп-жеп, той тойлап құдайларына құлшылық ететін”. Ал желтоқсанның 25-інде римдіктер Жеңілмейтін күннің туған күнін атап өтетін. Рождествоны дәл сол күнге белгілеу арқылы Шіркеу көптеген римдіктерді күннің емес, Исаның туған күнін мерекелеуге еліктірді. “Санта-Клаустың өмірбаяны” деген кітабында Герри Боулер римдіктердің “әлі де өздерінің қысқы мейрамдарының қызықтарын көре алғаны” туралы жазады. “Олар жаңа мейрамдарды бұрынғыша тойлай беретін”.

Сонымен көргеніміздей, Рождествоның түп-тамыры жалған дінде жатыр. “Рождество үшін күрес” деген кітабында Стивен Ниссенбаум Рождество — “беті мәсіхшілікпен сыланған көпқұдайшылдардың мейрамы” деген. Демек, Рождество мейрамы шынайы Құдайдың және Иса пайғамбардың атына кір келтіреді. Бұл соншалықты маңызды мәселе ме? Киелі кітапта былай делінген: “Әділдік пен заңсыздық арасында қандай байланыс бар? Жарық пен қараңғылық арасында ортақ не бар?” (Қорынттықтарға 2-хат 6:14). Рождество мейрамы қисық өскен ағашқа ұқсайды. Оның бұрмаланғаны сонша, ол Құдайға ұнамды бола алмайды (Уағыздаушы 1:15).