Тағы бір тамшы айғақ
Киелі кітаптағы деректің растығын көрсететін археологиялық дәлелдер бар ма? “Библикал Археолоджи Ревью” журналының 2014 жылы шыққан мақаласында “Киелі кітаптың Еврей жазбаларындағы тұлғалардың нешеуі археологиялық деректерде кездескен?” деген сұрақ көтерілді. Жауабында: “50-ден кем емес!”— делінді. Бұл тізімге кірмей қалған бір кісі бар, ол — Татенай. Ол кім болған? Қазір Киелі кітаптың Татенай жайында аз болса да, не дейтініне көңіл бөлейік.
Иерусалим бір кездері алып Персия империясының қол астында болды. Бұл қала парсылар “Өзеннің арғы беті” деп атаған аймаққа, яғни Евфраттың батыс өлкесіне кірді. Парсылар Вавилонияны басып алған соң, ондағы яһуди тұтқындарын босатты. Оларға Иерусалимге оралып, Ехобаға арналған ғибадатхананы қайта тұрғызуға рұқсат берді (Езра 1:1—4). Бірақ дұшпандар бұл құрылысқа қарсылық білдіріп, яһудилер Персияға қарсы бүлік шығармақшы деген жала жапты (Езра 4:4—16). І Дарий патшаның (б. з. б. 522—486 жж.) тұсында Персияның билік өкілі Татенай осы мәселе бойынша іс жүргізді. Киелі кітапта ол “Евфраттың батыс өлкесінің әміршісі” деп аталады (Езра 5:3—7).
Татенай әулетінің, сірә, қаржы мұрағаты болған көптеген сына жазулы қыш тақташаларда оның есімі табылған. І Дарий патшаның билігінің 20-сыншы жылына (б. з. б. 502 жыл) сай келетін бір тақташа табылды. Онда “Өзеннің арғы бетінің әміршісі Татанудың” қызметшісі бір іскерлік мәселеге куә болғаны жазылған. Осы құжаттағы Татану Езра кітабында айтылатын Татенайдың өзі.
Бұл кісі қандай міндет атқарған? Б. з.б. 535 жылы Ұлы Кир өз иелігіндегі жерді провинцияларға бөлді. Олардың бірі “Бабыл мен Өзеннің арғы беті” деп аталған. Кейіннен бұл провинция екіге бөлініп, біреуі Өзеннің арғы беті деген атаумен қалды. Бұған Келесирия, Финикия, Самария, Яһуда аймақтары кірген және билік Дамаскіден жүргізілсе керек. Осы өңірлерді б. з. б. 520—502 жылдар аралығында Татенай басқарған.
Татенай Иерусалимде бүлік шыққанына көз жеткізуге барғаннан кейін, Дарий патшаға хат жазып, яһудилердің Кир патшадан Ехобаның ғибадатханасын қайта соғуға рұқсат алдық деп жатқандарын жеткізді. Патшаның қазына қоймаларында сақталған мұрағат көтеріліп, бұл рұқсаттың бар екені анықталды (Езра 5:6, 7, 11—13; 6:1—3). Сөйтіп, Дарий патша Татенайға бұл іске бөгет жасамауды бұйырды, ол болса айтқанын орындады (Езра 6:6, 7, 13).
“Евфраттың батыс өлкесінің әміршісі Татенай” тарихта айтарлықтай із қалдырмаса да, Киелі жазбаларда ол туралы нақты мәлімет бар, сондай-ақ лауазымына дейін бәрі қаз қалпында жазылған. Бұл Киелі кітаптың тарихи тұрғыдан тура екенін әрі археологиялық деректер оны растайтынын дәлелдейді.