Аян 12:1—17

  • Әйел, ұл бала және айдаһар (1—6)

  • Микайлдың айдаһармен соғысуы (7—12)

    • Айдаһардың жерге лақтырылуы (9)

    • Ібіліс өз уақытының аз қалғанын біледі (12)

  • Айдаһардың әйелді қудалауы (13—17)

12  Көкте зор белгі, күн жамылған әйел+, көрінді. Аяғының астында ай бар екен, ал басына он екі жұлдыздан тәж киіпті.  Әйел жүкті еді. Ол толғақ азабына түсіп, айғайлап жатты.  Көкте тағы бір белгі — жеті басты, он мүйізді, бастарында жеті тәжі бар оттай қызыл алып айдаһар+ көрінді.  Ол аспандағы жұлдыздардың+ үштен бірін құйрығымен тартып алып, жерге лақтырды+. Босанғалы жатқан әйелдің+ баласын жалмап қою үшін, айдаһар оның алдында тосып тұрды.  Әйел барлық халықтарға темір асатаяқпен әмір жүргізетін+ ұл бала туды+. Сол сәтте баласы Құдайға және оның тағына апарылды.  Әйел болса шөл далаға, Құдай өзіне дайындап қойған жерге, қашып кетті. Сол жерде ол 1260 күн бойы тамақтандырылмақ еді+.  Көкте соғыс бұрқ ете түсті: Микайл+ мен періштелері айдаһармен соғысты. Айдаһар да өз періштелерімен бірге олармен соғысты,  бірақ ол төтеп бере алмады. Бұдан былай оларға көктен орын табылмады.  Осылайша алып айдаһар+ — бүкіл жержүзін адастырып жүрген+ Ібіліс+ әрі Шайтан+ деп аталған ежелгі жылан+ — жерге лақтырылды+, онымен бірге періштелері де лақтырылды. 10  Сосын көктен былай деген қатты дауысты естідім: “Міне, Құдайымыз адамдарды құтқарды+ және оның күші паш етілді, Патшалығы орнап+, Мәсіхтің* билігі басталды! Өйткені Құдайымыздың алдында бауырластарымызға күндіз-түні жала жауып жүрген айыптаушы+ жерге лақтырылды! 11  Олар оны Тоқтының қанымен+ және өздері куәлік еткен хабармен+ жеңді+, өз жандарын да өлімге қимайтындай қатты сүйген жоқ+. 12  Сондықтан көк және оны мекендейтіндер, қуаныңдар! Ал жер мен теңіздегілерге қасірет+, өйткені Ібіліс сендерге түсті. Ол өз уақытының аз қалғанын+ білгендіктен қатты ашулы”. 13  Айдаһар өзінің жерге лақтырылғанын+ білгенде, ұл бала туған әйелді+ қудалай бастады. 14  Бірақ әйелге шөл далада өзіне дайындалған жерге ұшып бара алу үшін, алып бүркіттің қос қанаты берілді+. Ол жыланнан+ аулақ сол жерде бір уақыт, екі уақыт және жарты уақыт* бойы тамақтандырылмақ еді+. 15  Жылан әйелді суға тұншықтыру үшін аузын ашып, оның артынан өзен іспетті су тасқынын лақ еткізіп төгіп жіберді. 16  Алайда жер әйелге көмекке келіп, аузын ашып, айдаһардың аузынан төгілген өзенді жұтып қойды. 17  Айдаһар әйелге қаһарын төгіп, оның ұрпағынан+ қалғандармен — Құдайдың өсиеттерін орындап және Иса туралы куәлік етіп жүргендермен — соғысуға шықты+.

Сілтемелер

Сөзбе-сөз “оның Мәсігінің”.
Яғни үш жарым уақыт.