Билер 13:1—25
13 Исраилдіктер тағы да Ехобаға ұнамсыз істер жасады+, сондықтан Ехоба оларды 40 жылға філістірлердің қолына берді+.
2 Сол заманда Сора+ қаласында Дан+ әулетінен шыққан Манұх+ деген кісі болатын. Әйелі бедеу болғандықтан, олардың балалары жоқ еді+.
3 Бірде оның әйеліне Ехобаның періштесі көрініп, былай деді: “Сен бала туа алмайтын бедеусің. Бірақ құрсақ көтеріп, ұлды боласың+.
4 Бұдан былай шарап не мас қылатын басқа да сусын+ ішуден, арамдалған+ тамақ жеуден сақ бол.
5 Өйткені бойыңа бала бітіп, ұл туасың. Оның басына ұстара тимеу керек+, себебі ол құрсақтан шығысымен Құдайдың назирі* болып, Исраилді філістірлерден құтқарады+”.
6 Сонда әйелі Манұхқа келіп, былай деді: “Маған шынайы Құдайдың адамы келді. Оның түр-тұрпаты Құдайдың періштесі сияқты екен, таң-тамаша қалдырды. Мен оның қайдан келгенін сұрамадым, атын да білмеймін+.
7 Бірақ ол мынаны айтты: —Сен құрсақ көтеріп, ұл туасың. Енді шарап не мас қылатын басқа да ішімдік ішпе, арамдалған тамақ та жеме. Өйткені сен туатын бала құрсақтан шыққаннан бастап өле-өлгенше Құдайдың назирі болады”.
8 Сонда Манұх Ехобаға: “Ехоба, өзің жіберген Құдай адамы тағы келіп, туылатын баламызды қалай бағып-қағуымыз керектігін айтып берсінші”,— деп жалбарынды.
9 Құдай оның үніне құлақ асты. Манұхтың әйелі қала сыртында отырғанда, оған тағы да шынайы Құдайдың періштесі келді. Бұл кезде Манұх әйелінің қасында емес еді.
10 Әйел дереу күйеуіне жүгіріп келіп: “Өткен жолы келген кісі тағы да келіп тұр”,— деді+.
11 Манұх орнынан тұрды да, әйелімен бірге әлгі кісіге келіп: “Менің әйеліммен сөйлескен сіз бе едіңіз?”— деп сұрады. Ол: “Иә, мен”,— деді.
12 Манұх мынаны айтты: “Айтқаныңыз келсін. Бірақ ол баланы қалай өсіруіміз керек? Ол кім болады+?”
13 Ехобаның періштесі былай жауап берді: “Әйелің мен айтқан нәрселердің бәрінен аулақ жүрсін+.
14 Жүзімнен жасалған ештеңе жемесін, шарап не мас қылатын басқа да ішімдік ішпесін+, арамдалған тамақты аузына алмасын+. Мен айтқан сөздерді түгел орындасын”.
15 Манұх Ехобаның періштесіне: “Бір лақ сойып, ас даярлап әкелгенше бөгеле тұрыңызшы”+,— деді.
16 Бірақ Ехобаның періштесі оған: “Бөгеле тұрғанмен, сенің тамағыңды жемеймін. Ал оны түгел өртелетін құрбандық ретінде Ехобаға ұсынамын десең, ұсына бер”,— деп жауап берді. Манұх оның Ехобаның періштесі екенін білген жоқ еді.
17 Манұх Ехобаның періштесіне: “Атыңыз кім+? Сөздеріңіз жүзеге асқанда, сізге құрмет көрсеткіміз келеді”,— дегенде,
18 Ехобаның періштесі: “Атымды несіне сұрайсың, ол керемет”,— деді.
19 Сосын Манұх бір лақ және астық тартуын алып, тастың үстіне қойды да, Ехобаға құрбандық ретінде ұсынды. Сонда Құдай Манұх пен әйелінің көз алдында бір керемет нәрсе істеді:
20 құрбандық орнынан шыққан оттың жалыны жоғары көтерілгенде, Ехобаның періштесі Манұх пен әйелінің көзінше сол жалынмен көкке көтерілді. Әлгі екеуі болса етпеттеп жерге құлай кетті.
21 Бұдан кейін Ехобаның періштесі Манұх пен әйеліне қайтып көрінбеді. Сонда Манұх оның Ехобаның періштесі болғанын түсінді+.
22 Ол әйеліне: “Енді біз аман қалмаспыз, себебі Құдайды көрдік”+,— деді.
23 Бірақ әйелі оған мынаны айтты: “Ехоба бізді өлтіргісі келсе, түгел өртелетін құрбандығымыз+ бен астық тартуымызды қабылдамас еді ғой. Бізге осының бәрін көрсетпес те еді, естіген сөздерімізді де айтпас еді”.
24 Кейінірек Манұхтың әйелі ұл туып, атын Самсон+ деп қойды. Бала өсе берді, ал Ехоба оған жар болып жүрді.
25 Күндердің күнінде Сора мен Ештағолдың+ арасында орналасқан Маханех-Данда+ оған Ехобаның рухы әсер ете бастады+.
Сілтемелер
^ Түсіндірмедегі “Назир” сөзін қараңыз.