Езекиел 14:1—23
14 Исраилдің бірнеше ақсақалы менің алдыма келіп отырды+.
2 Сонда Ехоба маған сөзін арнап былай деді:
3 “Адам ұлы, мына кісілер бар есіл-дертімен жеркенішті пұттарына еріп, халықтың алдына сүріндіретін тас қойып күнәға итермелеп отыр. Олай болса, неге мен олардың сауалдарына жауап беруім керек+?
4 Оларға мына хабарымды жеткіз: —Әлемнің Әміршісі Ехоба мынаны айтады: “Егер исраилдік кісі бар есіл-дертімен жеркенішті пұттарына еріп, халықтың алдына сүріндіретін тас қойып күнәға итермелесе, сөйте тұра менің пайғамбарымнан жөн сұрауға келсе, мен, Ехоба, оған жеркенішті пұттарының санына қарай жауап беремін.
5 Осылай исраилдіктердің жүректеріне үрей ұялатамын, өйткені олар мені тастап, жеркенішті пұттарының соңынан еріп кетті+”.
6 Сондықтан Исраил үйіне мына хабарымды жеткіз: “Әлемнің Әміршісі Ехоба мынаны айтады: —Жеркенішті пұттарыңды тастап, жексұрын істеріңді де қойып, қайтадан маған бет бұрыңдар+.
7 Себебі исраилдік не Исраил елінде тұратын жатжерлік кісі менен алшақтап, бар есіл-дертімен жеркенішті пұттарына еріп, халқымның алдына сүріндіретін тас қойып күнәға итермелесе, сөйте тұра менің пайғамбарымнан жөн сұрауға келсе+, оған мен, Ехоба, өзім жауап беремін.
8 Мен оған қарсы шығып, оны өзгелерге ескерту болатын белгі әрі мысал етемін. Мен мұндай адамды халқымның арасынан құртып жіберемін+. Сонда сендер менің Ехоба екенімді білетін боласыңдар.
9 Ал егер менің пайғамбарым алданып, оған жауап беретін болса, оны алдаған мен, Ехоба, боламын+. Мен қолымды созып, мұндай пайғамбарды халқым Исраилдің арасынан құртып жіберемін.
10 Осылай жөн сұраған кісі де, пайғамбар да өз кінәсін мойнымен көтереді. Олардың кінәсі бірдей болады.
11 Сонда Исраил үйі менен алыстап, адасуын да, заңсыздықтарымен өздерін арамдауын да доғарады. Олар менің халқым, ал мен олардың Құдайы боламын+. Мұны айтып отырған — Әлемнің Әміршісі Ехоба”.
12 Ехоба тағы да маған сөзін арнап былай деді:
13 “Адам ұлы, егер қандай да бір ел опасыз болып, маған қарсы күнә жасаса, мен қолымды созып, сол елге ашаршылық жіберіп+, азық-түлік тапшылығына ұшыратар едім+. Оның халқы мен малын да жойып жіберер едім+.
14 Егер Нұх+, Даниял+, Әйүп+ үшеуі де сол елде тұрып жатса, әділ болғандарының арқасында олар тек өз жандарын сақтап қалар еді+. Мұны айтып отырған — Әлемнің Әміршісі Ехоба.
15 Мен сол елге жыртқыш аңдар қаптатып, тұрғындарынан айырып, елсіз мекенге айналдырсам, тіпті жыртқыш аңдардың кесірінен сол жерден жолаушылар да өтпейтіндей етсем+,
16 әрі сол елде әлгі үш адам тұрып жатса, өз атыммен ант етемін*, олар ұлдарын да, қыздарын да емес, тек өздерін ғана аман алып қалар еді, ал ел қаңырап бос қалар еді. Мұны айтып отырған — Әлемнің Әміршісі Ехоба.
17 Я болмаса сол елді семсер жалмасын деп+, оның тұрғындары мен малын қыру үшін семсер жіберсем+,
18 әрі сонда әлгі үш адам тұрып жатса, өз атыммен ант етемін*, олар ұлдарын да, қыздарын да емес, тек өздерін ғана аман алып қалар еді. Мұны айтып отырған — Әлемнің Әміршісі Ехоба.
19 Немесе сол елге індет жіберіп+, адам демей, мал демей қырып жіберу үшін қаһарымды төксем,
20 әрі сол елде Нұх+, Даниял+, Әйүп+ үшеуі өмір сүріп жатса, өз атыммен ант етемін*, олар әділ болғандарының арқасында ұлдарын да, қыздарын да емес, тек өз жандарын аман алып қалар еді+. Мұны айтып отырған — Әлемнің Әміршісі Ехоба.
21 Әлемнің Әміршісі Ехоба мынаны айтады: —Мен Иерусалимдегі адам мен мал атаулыны қырып жіберу үшін+, қалаға төрт жаза+ — семсер, ашаршылық, жыртқыш аңдар, індет — жібергенімде+, жағдай тап солай болады.
22 Алайда халықтың кейбір ұл-қыздары аман қалып, жау оларды сол жерден айдап әкетеді+. Олар сендерге келе жатыр. Олардың жүрген жолдары мен жасаған істерін білгендеріңде, Иерусалимді апатқа ұшыратқаным сендер үшін жұбаныш болары сөзсіз.
23 Олардың жүрген жолдары мен жасаған істерін білгендерің сендерге жұбаныш болады. Сонда бұл қаланы бекер жазаламағанымды білесіңдер+. Мұны айтып отырған — Әлемнің Әміршісі Ехоба”.
Сілтемелер
^ Немесе “өзімнің тірі екенімдей хақ сөзім”.
^ Немесе “өзімнің тірі екенімдей хақ сөзім”.
^ Немесе “өзімнің тірі екенімдей хақ сөзім”.