Езекиел 32:1—32
32 Он екінші жылдың он екінші айының бірінші күні Ехоба тағы да маған сөзін арнап былай деді:
2 “Адам ұлы, Мысыр патшасы перғауын туралы азалы ән айтып, оған мынаны жеткіз:
—Сен халықтар арасында абдан арыстан сияқты едің, бірақ үнің өшті.
Теңіз құбыжығына ұқсап+, сен өзендеріңнің суын шалпылдатып ойнақтадың,Аяғыңмен сабалап лайладың, өзендерді арамдадың.
3 Әлемнің Әміршісі Ехоба былай дейді:
—Мен көп халықтарды жіберіп, саған ау салғызамын.
Олар сені сол аумен судан тартып шығарады.
4 Мен сені жерге шығарып тастаймын,Ашық далаға лақтырып жіберемін.
Үстіңе әуедегі құстарды қондырамын,Сені жержүзінің жабайы аңдарына жем қыламын+.
5 Денеңді тау-тасқа лақтырып,Аңғарларды өлексеңнің қалдықтарымен толтырамын+.
6 Сенен аққан қанмен тауларға дейінгі жерді суарамын,Сай-салалар да сенің қаныңа толады.
7 Сен сөніп жоқ болғанда, мен аспанды жауып тастаймын,Жұлдыздарды да көмескілеймін.
Күнді бұлттармен бүркеп қоямын,Ай да жарқырамайтын болады+.
8 Сен үшін барлық аспан шырақтарын көмескілеймін,Жеріңді қара түнекке ораймын.
Мұны айтып отырған — Әлемнің Әміршісі Ехоба.
9 Халқыңды өзің білмейтін елдердегі халықтар арасына тұтқынға айдап+,Көптеген адамның жүрегін қайғы-мұңға батырамын.
10 Мен семсерімді алдарында жалаңдатқанда,Көп халықтар саған аңтарыла қарайтын болады,Ал патшалары үрейлене қалтырайды.
Сен құлаған күні олар өз жандары үшін қорқып, дірілдеп кетеді.
11 Себебі Әлемнің Әміршісі Ехоба мынаны айтады:
—Бабыл патшасы басыңа семсерін үйіреді+.
12 Сенің шулы тобырыңды мықты сарбаздарға,Халықтардың ішіндегі ең қатыгездеріне+, семсермен қырғызамын.
Олар Мысырдың мақтанышынан түк қалдырмайды,Шулы тобырын түгел қырып тастайды+.
13 Мысырдың көптеген өзендерінің бойында жайылатын бар малын құртамын+.
Оның суларын бұдан былай адам аяғы да, мал тұяғы да лайламайтын болады+.
14 Сол кезде мен оның суларын тазартып, өзендерін май сияқты бірқалыпты ағатындай етемін.
Мұны айтып отырған — Әлемнің Әміршісі Ехоба.
15 Елді барынан айырып, тұрғындарын түгел қырып,Мысырды қаңыратып қу далаға айналдырғанымда+,Олар менің Ехоба екенімді білетін болады+.
16 Бұл — жоқтау. Жұрт оны сыңсып айтатын болады.
Басқа халықтардың әйелдері Мысыр мен оның шулы тобырын аза тұтып, осы жоқтауды сыңсып айтады.
Мұны айтып отырған — Әлемнің Әміршісі Ехоба”.
17 Осыдан кейін он екінші жылы айдың он бесінші күні Ехоба маған сөзін арнап былай деді:
18 “Адам ұлы, Мысырдың шулы тобырын жоқтап, оның да, мықты халықтардың қыздарының да орға* түскелі жатқандармен бірге жер астына тасталатынын жарияла. Оған былай де:
19 —Сенің көркің кімнен артық? Төмен түсіп, сүндеттелмегендердің қасына барып жат!
20 Мысырлықтар семсерден қырылғандардың арасында құлап жатады+. Мысыр елі семсердің билігіне беріледі. Оны бүкіл шулы тобырымен қоса әрі сүйреп тастаңдар.
21 Перғауын мен оның көмекшілеріне көр* түбінен мықты сарбаздар тіл қатады. Ол міндетті түрде көмекшілерімен қоса төмен түсіп, семсерден қырылған сүндеттелмегендер сияқты жататын болады.
22 Ассирия да бүкіл жамағатымен бірге сонда. Семсерден қаза тапқан олардың қабірлері патшаларын айнала орналасқан+.
23 Ассирияның қабірлері ордың* ең түбінде орналасқан, ал семсерден қырылған бүкіл әскері оның қабірін айнала сұлап жатыр. Себебі тірі кезінде олар адамдарды қорқытып ұстаған еді.
24 Елам+ да сонда жатыр, бүкіл шулы тобыры да оның қабірінің айналасында жатыр. Бұлардың бәрі семсерден қырылғандар. Тірі кездерінде адамдарды қорқытып ұстаған олар сүндеттелмеген күйі жер астына түсті. Енді олар орға* түскелі жатқандармен бірге масқара болады.
25 Еламға өзінің шулы тобырының арасынан төсек дайындалды. Шулы тобырының қабірлері оның төсегінің айналасында. Олардың бәрі сүндеттелмегендер, тірі кезінде адамдарды қорқытып ұстағандықтан семсерден қырылғандар. Олар орға* түскелі жатқандармен бірге масқара болады. Елам өлгендердің қасына қойылды.
26 Мешех пен Тұбал+ да шулы тобырларымен бірге сонда. Шулы тобырларының қабірлері оның айналасында. Бұлардың бәрі сүндеттелмегендер, тірі кездерінде адамдарды қорқытып ұстағандары үшін семсермен түйрелгендер.
27 Олар қару-жарақтарымен көрге* түскен сүндеттелмеген мықты сарбаздардың қасында жатпай ма? Тірі кездерінде адамдарды қорқытып ұстағандары үшін, олар семсерлерін бастарына жастанады*, күнәлары сүйектерінің үстіне қойылады.
28 Сен* де сүндеттелмегендер сияқты тас-талқан болып, семсерден қаза тапқандармен бірге жатасың.
29 Едом+ да, оның патшасы мен басшылары да сонда. Олар қанша қуатты болғанмен, семсерден қаза болғандармен бірге жатыр. Олар да сүндеттелмегендермен+, орға* түскелі жатқандармен бірге жататын болады.
30 Солтүстіктің барлық бекзадалары мен күллі сидондықтар+ да сонда. Күш-қуаттарымен үрей туғызғандарына қарамастан, олар масқара болып, өлгендермен бірге төмен түсті. Олар сүндеттелмейді, сол күйі семсерден қырылғандардың қасына жатады, орға* түскелі жатқандармен бірге масқара болады.
31 Перғауын осының бәрін көргенде, өз шулы тобырымен болған жағдайдан жұбаныш табады+. Ол бүкіл жасағымен бірге семсерден қаза болады. Мұны айтып отырған — Әлемнің Әміршісі Ехоба.
32 Тірі кезінде адамдарды қорқытып ұстағаны үшін перғауын мен оның шулы тобыры семсерден қырылған сүндеттелмегендермен бірге тыным табады. Мұны айтып отырған — Әлемнің Әміршісі Ехоба”.
Сілтемелер
^ Немесе “көрге”.
^ Еврейше “шеол”. Түсіндірмені қараңыз.
^ Немесе “көрдің”.
^ Немесе “көрге”.
^ Немесе “көрге”.
^ Еврейше “шеол”. Түсіндірмені қараңыз.
^ Қошеметпен семсерлерімен қоса көмілген сарбаздар жайлы айтылып тұрса керек.
^ Бұл есімдік перғауынға не Мысыр еліне нұсқаса керек.
^ Немесе “көрге”.
^ Немесе “көрге”.