Езекиел 41:1—26
41 Бұдан кейін ол мені сыртқы ғибадатханаға* әкелді де, оның кіреберісінің екі жағындағы тіректерді өлшеді. Олардың әрбірінің ені алты шынтақ* екен.
2 Кіреберістің ені болса он, ал екі жағындағы тіректерінің басқа тұсынан өлшегендегі ені бес шынтақты құрады. Ол сыртқы ғибадатхананың ұзындығын өлшеп еді, 40 шынтақ, ал ені 20 шынтақ болып шықты.
3 Сосын ол ішке* қарай өтіп, кіреберістегі тіректің енін өлшеп еді, бір тұсынан екі, басқа тұсынан жеті шынтақ болды. Ал кіреберістің ені алты шынтақ екен.
4 Сыртқы ғибадатханадан кейінгі бөлменің ішін өлшегенде, ені де, ұзындығы да 20 шынтақ болды+. Сосын ол маған: “Бұл — Ең қасиетті бөлме+”,— деді.
5 Осыдан кейін ол ғибадатхананың қабырғасын өлшеді, оның қалыңдығы алты шынтақ, ал айналасындағы жанама бөлмелердің ені төрт шынтақтан болды+.
6 Жанама бөлмелер бірінің үстіне бірі, үш қабат болып орналасыпты. Әр қабатта 30 бөлмеден бар екен. Жанама бөлмелердің арқалықтарына тірек болу үшін ғибадатхананың қабырғасы айнала кертпештеліп жасалыпты. Осылайша арқалықтар ғибадатхана қабырғасына кірмей, кертпештердің үстінде тұрды+.
7 Ғибадатхананың екі жағында айналма баспалдақтар болды+. Төменгі қабаттан ортаңғыға, одан жоғарғы қабатқа көтерілген сайын бөлмелердің ені кеңейе берді.
8 Мен ғибадатхананың биік тұғырдың үстінде орналасқанын көрдім, тұғыр ғибадатхананың барлық жағынан шығыңқы болып көрініп тұрды. Жанама бөлмелердің негізі болып тұрған осы тұғырдың биіктігі өлшеуіш таяқтың бар ұзындығына, яғни алты шынтаққа тең болды.
9 Бөлмелердің сыртқы қабырғасының қалыңдығы бес шынтақ екен. Тұғыр ғибадатханаға жанастырыла салынған бөлмелерден сыртқа қарай шығып тұрды*.
10 Қос қанатта орналасқан ас бөлмелер+ мен ғибадатхананың арасындағы кеңістіктің ені 20 шынтақтан болды.
11 Ғибадатхананың оңтүстік және солтүстік қанатында жанама бөлмелерге кіретін жер бар екен. Ол тұғырдың шығыңқы жері мен бөлмелердің арасында болатын. Ал шығыңқы жердің ені бес шынтақ еді.
12 Ғибадатхана мен басқа ғимараттардың арасында ашық кеңістік бар еді, оның арғы жағында, яғни батыс жақта, бір ғимарат тұрды. Оны өлшегенде, ені 70, ұзындығы 90, ал қабырғасының қалыңдығы бес шынтақ болып шықты.
13 Әлгі кісі ғибадатхананы өлшегенде, ұзындығы 100 шынтақ болды. Ашық кеңістікті және ғимаратты* дуалдарымен қоса өлшеп еді, олардың жалпы ұзындығы да 100 шынтақ болып шықты.
14 Екі жағындағы ашық кеңістікті қоса алғанда, ғибадатхананың шығысқа қарап тұрған алдыңғы жағының ені 100 шынтақ екен.
15 Ол ашық кеңістіктің арғы жағындағы ғимарат пен екі жағындағы шағын бөлмелерді өлшеп еді, ұзындығы 100 шынтақ болды.
Бұған қоса ол сыртқы және ішкі ғибадатхана+ мен аулаға қарап тұрған кіреберіс дәлізді өлшеді.
16 Сондай-ақ осы үш бөлменің босағаларын, сыртқа қараған жағы тарлау, ішкі жағы кеңдеу терезелері+ мен дәліздерін өлшеді. Босағадан бастап қабырғалар еденнен терезелерге дейін айнала ағаш тақтаймен қапталыпты+. Терезелер де қапталған екен.
17 Кіреберістің төбе жағы мен ішкі ғибадатхананың ішкі және сыртқы қабырғаларының айнала өз өлшемі болды.
18 Қабырғаларға керубтер+ мен пальма ағашының бейнелері+ түсіріліпті. Әр пальманың екі жағында бір-бір керубтен тұрды. Керубтердің екі беті бар екен.
19 Бір жағындағы керуб пальмаға адамдікіндей, ал екінші жағындағы керуб арыстандікіндей жүзімен қарап тұрды+. Ғибадатхананың бүкіл қабырғасына осындай бейнелер салынған екен.
20 Ғибадатхананың қабырғаларына керубтер мен пальма ағашының бейнелері еденнен кіреберістің төбе жағына дейін түсірілген еді.
21 Сыртқы ғибадатхананың есігінің жақтаулары* төрт бұрышты екен+. Қасиетті орынның* алдында
22 ағаш құрбандық үстеліне+ ұқсайтын бірдеңе тұрды. Оның биіктігі үш, ұзындығы екі шынтақ еді. Ал төрт бұрышындағы тіректері, тұғыры мен қабырғалары ағаштан жасалыпты. Әлгі кісі маған: “Бұл — Ехобаның алдында тұрған үстел+”,— деді.
23 Сыртқы ғибадатхана мен қасиетті орынның әрқайсысының жарма есіктері бар екен+.
24 Есіктердің бүктемелі қос жармалары болды.
25 Қабырғаларындағы сияқты, ғибадатхананың есіктеріне де керубтер мен пальма ағашының бейнелері ойылып салыныпты+. Кіреберіс дәліздің сырт жақ маңдайшасында ағаш ернеу болды.
26 Кіреберіс дәліз бен ғибадатхананың жанама бөлмелерінің екі жақ қабырғасында және ғибадатхананың ернеуінде айнала пальма ағашының бейнелері, сондай-ақ сыртқа қараған жағы тарлау терезелер болды+.
Сілтемелер
^ Мұндағы ғибадатхана сөзі 41, 42-тарауларда сыртқы ғибадатханаға (Қасиетті бөлмеге) не бүкіл ғибадатхананың өзіне (Қасиетті бөлме мен Ең қасиетті бөлмені қоса алғандағы ғибадатхана ғимаратына) нұсқайды.
^ Мұнда ұзын шынтақ жайлы айтылып тұр. Ә14 қосымшасын қараңыз.
^ Яғни ішкі ғибадатханаға, немесе Ең қасиетті бөлмеге.
^ Ғибадатхананы айнала бір аяқ жол болған болса керек.
^ Яғни ғибадатхананың батыс жағындағы ғимаратты.
^ Қасиетті бөлменің есігінің жақтаулары жайлы айтылып тұрса керек.
^ Ең қасиетті бөлме жөнінде айтылып тұрса керек.