Елшілердің істері 16:1—40
16 Пауыл Дербеге, сосын Листраға барды+. Сол жерде анасы сенуші яһуди, ал әкесі грек болған Тімөте+ есімді шәкірт бар еді.
2 Листра мен Иқониядағы бауырластар ол туралы жақсы пікірде болатын.
3 Пауыл Тімөтені өзімен бірге алып жүргісі келді. Бірақ сол жердегі яһудилерге бола алдымен сүндетке отырғызды+, өйткені олардың барлығы әкесінің грек екенін білетін.
4 Олар қалаларды аралағанда, Иерусалимдегі елшілер мен ақсақалдардың қабылдаған шешімдерін жеткізіп, соларды ұстану керектігін айтып жүрді+.
5 Осылайша қауымдағылардың сенімі нығайып, күннен-күнге саны арта берді.
6 Киелі рух Құдай сөзін Азия* аймағында жариялауға тыйым салғандықтан, олар Фригия мен Ғалатия+ өлкесі арқылы өтіп,
7 Мизияға келді. Содан Бүтінияға+ бармақ болды, бірақ Иса киелі рух арқылы бұған рұқсат бермеді.
8 Сондықтан олар Мизиядан өтіп, Троя қаласына келді.
9 Түнде Пауыл аян алып, македондық бір кісінің: “Македонияға келіп, бізге көмектесе көр”,— деп жалбарынып жатқанын көрді.
10 Пауыл осы аянды көрісімен-ақ, Құдай бізді сол адамдарға ізгі хабарды жариялауға шақырды деген тұжырымға келіп, Македонияға баруға қам жасадық.
11 Троядан теңізге шығып, тура Самофракқа келдік те, келесі күні Неаполға жүріп кеттік.
12 Сол жерден Македония өлкесінің басты қаласы, Римнің қарамағындағы Філіпіге+ келіп, сонда бірнеше күнге тоқтадық.
13 Демалыс күні қала қақпасынан шығып, дұға ететін орын бар деген оймен өзен жаққа бардық. Сол жерде отыра қалып, жиналған әйелдерге уағыз айта бастадық.
14 Әйелдердің арасында Тиатирадан+ келген әрі күлгін мата сататын* Лүдия есімді әйел бар еді. Құдайға ғибадат ететін бұл әйел Пауылды тыңдап отырғанда, айтылғандарды қабыл алуы үшін Ехоба оның жүрегін ашты.
15 Лүдия бүкіл үй ішімен шомылдыру рәсімінен өткен соң+: “Мені Ехобаға адал деп есептесеңіздер, үйіме кіріп, қонақ болыңыздар”,— деп қояр да қоймай өтінгендіктен, біз келістік.
16 Бірде дұға ететін орынға бара жатып, бойында жыны бар+ бір қызметші қызды кездестірдік. Бұл қыз көріпкелдікпен айналысып, қожайындарына көп табыс әкелетін.
17 Ол Пауылдың және біздің соңымыздан қалмай: “Бұлар Алла Тағаланың құлдары+. Олар құтқарылу жолын жариялап жүр!”— деп айқайлай берді.
18 Ол бірнеше күн осылай еткендіктен, әбден мезі болған Пауыл артына бұрылды да, зұлым рухқа: “Иса Мәсіхтің атымен бұйырамын, шық одан!”— деді. Сол сәтте рух әлгі қыздың бойынан шығып кетті+.
19 Қыздың қожайындары табыс көзінен айырылғандарын түсініп+, Пауыл мен Сыйласты ұстап алды да, базар алаңындағы билеушілерге сүйреп апарды+.
20 Сөйтіп, жергілікті басшылардың алдына әкеліп: “Мына яһудилер қаланы дүрліктіріп+,
21 бізге, римдіктерге, қабылдауға да, ұстануға да болмайтын дәстүрлерді үйретіп жүр”,— деп айыптады.
22 Жиналған жұрт та екеуіне қарсы шықты. Жергілікті басшылар олардың киімдерін жұлып алып, шыбықпен дүре соғуды бұйырды+.
23 Қатты сабатқан соң, оларды түрмеге жапты да, түрме бастығына жақсылап күзетуді әмір етті+.
24 Осындай бұйрық алған соң, ол екеуін ең түпкі бөлмеге қамап, аяқтарын бұғаулап тастады.
25 Түн ортасында Пауыл мен Сыйлас дұға етіп, Құдайды әнмен мадақтады+. Мұны өзге тұтқындар естіп жатты.
26 Кенеттен жер қатты сілкініп, түрменің іргетасы шайқалып кетті. Сол сәтте барлық есіктер ашылып, бәрінің бұғаулары сыпырылып түсті+.
27 Түрме бастығы оянып кетіп, есіктердің ашық тұрғанын көрді. Ол тұтқындар қашып кетті деп ойлап, семсерін суырып алды да, өзін өлтірмек болды+.
28 Алайда Пауыл: “Өзіңе қол жұмсама, бәріміз де осындамыз!”— деп қатты дауыстады.
29 Сонда түрме бастығы жарық әкелуді бұйырды да, ішке жүгіріп кіріп, дірілдеп-қалшылдап Пауыл мен Сыйластың аяғына жығылды.
30 Сосын оларды тысқа алып шығып: “Мырзалар, құтқарылуым үшін не істеуім керек?”— деп сұрады.
31 Олар: “Иеміз Исаға сен. Сонда өзің де, үй ішің де құтқарылады”+,— деді.
32 Елшілер оған және үйіндегілердің бәріне Ехобаның сөзін айтып берді.
33 Түннің сол уақытында түрме бастығы оларды өзімен бірге ертіп апарып, жараларын жуды. Сосын кідірместен бүкіл үй ішімен бірге шомылдыру рәсімінен өтті+.
34 Сөйтіп, елшілерді үйіне шақырып, оларға арнап дастарқан жайды. Ол Құдайға сенгеніне қуанып, бүкіл үй ішімен шат-шадыман болды.
35 Ертесіне жергілікті басшылар қызметшілерін жіберіп: “Әлгілерді босатыңдар”,— деп айтуды тапсырды.
36 Түрме бастығы олардың сөздерін Пауылға жеткізіп: “Жергілікті басшылар адамдарын жіберіп, екеуіңізді босатсын депті. Енді шығып, емін-еркін жүре беріңіздер”,— деді.
37 Бірақ Пауыл әлгілерге: “Рим азаматтары+ болсақ та, олар еш сот жүргізбей, жұрттың көзінше дүре соқтырып, бізді түрмеге тастады. Ал енді жасырын түрде шығарып жібермекші ме? Жоқ, бізді өздері келіп шығарсын!”— деп айтты.
38 Әлгі қызметшілер бұл сөздерді жеткізгенде, жергілікті басшылар олардың Рим азаматтары екенін естіп, қорқып кетті+.
39 Сөйтіп, өздері барып, Пауыл мен Сыйласқа жалына бастады. Оларды сыртқа шығарған соң, қаладан кетулерін өтінді.
40 Алайда екеуі түрмеден шыққаннан кейін, Лүдияның үйіне барды. Сонда бауырластарды көріп, оларды жігерлендірді+. Бұдан кейін жолға шықты.
Сілтемелер
^ “Азия” деп Рим империясының провинциясы жөнінде айтылып тұр.
^ Немесе “күлгін бояу сататын”.