Еремия 29:1—32
29 Бабыл патшасы Навуходоносор Иерусалимнен Бабылға жер аударып әкеткен халықтың арасындағы ақсақалдарға, діни қызметкерлерге, пайғамбарлар мен күллі халыққа Еремия пайғамбар Иерусалимнен хат жолдады.
2 Бұл хат Ехония+ патша, оның патшайым анасы+, сарай қызметкерлері, Яһуда мен Иерусалимнің әміршілері, қолөнершілер мен ұсталар* Иерусалимнен айдалып кеткеннен кейін жазылған еді+.
3 Ол бұл хатты Бабылға Шафан+ ұлы Еласақ пен Хелкия ұлы Гемариях арқылы беріп жіберді. Оларды Яһуданың патшасы Седекия+ Бабыл патшасы Навуходоносорға жіберген болатын. Хатта былай делінген:
4 “Әскербасы Ехоба, Исраилдің Құдайы жер аударылған халыққа, өзі Иерусалимнен Бабылға айдалуына жол берген халыққа, былай дейді:
5 —Үйлер соғып, сонда тұрыңдар. Бау-бақшалар отырғызып, жемісін жеңдер.
6 Әйел алып, ұл-қызды болыңдар. Ұлдарыңды үйлендіріп, қыздарыңды күйеуге беріңдер. Олар да балалы-шағалы болсын. Осылайша сол жерде өсіп-өніп көбейіңдер, қатарларың сиремесін.
7 Мен өздеріңді жер аудартып жіберген сол қаланың тыныштығын тілеп, Ехобаға дұға етіңдер, өйткені сол жер тыныш болса, сендер де тыныш боласыңдар+.
8 Әскербасы Ехоба, Исраилдің Құдайы сендерге былай дейді: —Араларыңдағы пайғамбарлар мен сәуегейлерге алданып қалмаңдар+. Олар көрген түстерін айтқанда, тыңдамаңдар.
9 Себебі олар менің атымнан жалған пайғамбарлық етуде. Оларды мен жіберген жоқпын+,— дейді Ехоба.
10 Ехоба былай дейді: —Бабылда болғандарыңа 70 жыл толғанда, сендерге назарымды саламын+. Сөйтіп, сендерді осы жерге қайтарамын деген ізгі уәдемді орындаймын+.
11 Ехоба былай дейді: —Сендерге қатысты ой-ниетім өзіме аян. Сендерге апат жіберуді емес, тыныштық беруді+, жарқын болашақ пен үміт сыйлауды ойлап жүрмін+.
12 Сендер мені шақырасыңдар, маған келіп, дұға етесіңдер, сонда тыңдайтын боламын+.
13 Маған бет бұрып, ғибадат етесіңдер+, өйткені бар жүректеріңмен менің басшылығымды іздейтін боласыңдар+.
14 Мен ғибадаттарыңды қабыл аламын+,— дейді Ехоба.— Тұтқында жүрген сендерді жинаймын. Өзім бытыратып жіберген халықтар мен жерлерден сендерді жинап, бастарыңды біріктіремін+. Жер аударып жіберген сендерді қайтадан осы елге әкелемін,— дейді Ехоба+.
15 Бірақ сендер: —Ехоба Бабылда біз үшін пайғамбарлар тағайындады,— дейсіңдер.
16 Дәуіттің тағында отырған патшаға+ және осы қалада тұрып жатқан күллі жұртқа, сендермен бірге жер аударылмаған бауырларыңа, қатысты Ехоба былай дейді:
17 —Міне, оларға семсер, аштық пен індет жіберемін+,— дейді Әскербасы Ехоба.— Оларды жеуге жарамсыз*, шіріген інжір жемістеріндей етемін+.
18 Семсермен+, аштықпен және індетпен соңдарына түсемін. Оларды жер бетіндегі патшалықтар көргенде, шошынатын болады+. Өзім бытыратып жіберген жерлердің тұрғындары оларды қарғайтын, көріп таңғалатын, ысқыратын+, мазақ ететін болады+.
19 Өйткені олар өздеріне жіберген қызметшілерім — пайғамбарлар арқылы айтқан сөздеріме құлақ аспады. Мен оларды қайта-қайта* жібердім+,— дейді Ехоба.— Бірақ сендер де тыңдамадыңдар+,— дейді Ехоба.
20 Ал енді, Иерусалимнен Бабылға жер аударылған халық, бәрің де Ехобаның сөзіне құлақ түріңдер.
21 Әскербасы Ехоба, Исраилдің Құдайы өзінің атынан жалған пайғамбарлық айтып жүрген+ Қолая ұлы Ахаб пен Мағасеях ұлы Седекияға қатысты мынаны айтады: —Мен оларды Бабыл патшасы Навуходоносордың қолына беремін. Патша екеуін көз алдарыңда өлтіреді.
22 Олармен болған жағдай Бабылға жер аударылған яһудилердің арасында “Ехоба сені Бабыл патшасы отқа қақтаған Седекия мен Ахаб іспетті етсін!” деген қарғыс сөзге айналатын болады.
23 Өйткені олар өзгенің әйелімен азғындық жасап, мен бұйырмаған сөздерді айтып, менің атымнан жалған пайғамбарлық етіп+, Исраилде масқара істер жасады+. Мен мұны білемін, әрі бұған өзім куәмін+,— дейді Ехоба.
24 Ал нехеламдық Шемаяхқа+
25 Әскербасы Ехоба, Исраилдің Құдайы айтты деп, былай де: —Сен өз атыңнан Иерусалимдегі күллі жұртқа, діни қызметкер Мағасеях ұлы Софонияға+ және діни қызметкерлердің бәріне хаттар жолдап, былай депсің:
26 Ехоба сені, Софония, діни қызметкер Еходайдың орнына Ехобаның үйін бақылайтын діни қызметкер етіп, пайғамбарша әрекет ететін әрбір есі ауысқан адамды бұғауға отырғызу үшін, оған кісен салу үшін қойды+.
27 Араларыңда пайғамбарша әрекет етіп жүрген анатоттық+ Еремияны неге жазаламайсың+?
28 Ол тіпті Бабылдағы біздерге: “Сендер ұзақ уақытқа жер аударылдыңдар. Сондықтан үйлер соғып, сонда тұрыңдар. Бау-бақша отырғызып, жемісін жеңдер+”,— деп айтып жіберіпті”.
29 Діни қызметкер Софония+ осы хатты Еремия пайғамбарға оқып бергенде,
30 Ехоба Еремияға сөзін арнап былай деді:
31 “Жер аударылған халыққа Ехоба нехеламдық Шемаях туралы мынаны айтады де: —Мен жібермесем де, Шемаях пайғамбарлық етіп, сендерді өтірікке иландырғысы келді+,
32 сондықтан Ехоба мынаны айтады: “Міне, мен нехеламдық Шемаяхты және оның үрім-бұтағын жазалаймын. Мына халықтың арасында оның ұрпағынан бірде-біреу аман қалмайды, ол халқыма жасайтын игілігімнің ешқайсысын көрмейді,— дейді Ехоба,— өйткені ол жұртты Ехобаға қарсы бүлікке итермеледі”.