Естер 1:1—22

  • Ахашверош патшаның Сузыда той жасауы (1—9)

  • Астин патшайымның мойынсұнбауы (10—12)

  • Патшаның өз данышпандарымен ақылдасуы (13—20)

  • Патшаның жарлық шығаруы (21, 22)

1  Бұл оқиға Ахашверош* патшаның тұсында болды. Ол Үндістаннан Эфиопияға* дейінгі жерді алып жатқан 127 аймақтың*+ билеушісі еді.  Сол күндері Ахашверош патша Сузы+ бекінісінде отырып билік жүргізді.  Билік құруының үшінші жылы ол барлық уәзірі мен қызметкерлеріне арнап үлкен той жасады. Персия+ мен Мидия+ әскерінің қолбасшылары, беделді кісілер мен аймақ әміршілері патшаның алдына келді.  Патша оларға даңқты патшалығының байлығын, өзінің зор ұлылығы мен сән-салтанатын көп күн бойы, 180 күн бойы, тамашалатты.  Осы күндер аяқталған соң, патша Сузы бекінісіндегі адамдардың бәріне арнап, ұлығы бар, кішігі бар, жеті күн той жасады. Тойды патша сарайындағы бақтың ауласында өткізді.  Аула зығыр, таза мақта мен көк матадан жасалған перделермен безендірілді. Олар қымбат баулармен және күлгін жіптермен мәрмәр бағаналардағы күміс сақиналарға байланды. Қызыл тас*, меруерт*, ақ және қара мәрмәр төселген еденде алтын мен күмістен жасалған сәкілер тұрды.  Шарап алтын тостағандармен берілді. Әр тостаған өзінше әдемі еді. Патшаның ұсынған шарабы, байлығына лайықты, ағыл-тегіл мол болды.  Бірақ қалыптасқан үрдіске кереғар, ешкім ешкімді шарап ішуге мәжбүрлемеді, өйткені патша сарай қызметкерлеріне әркім өз қалауы бойынша ішсін деген бұйрық берген болатын.  Сол кезде Астин патшайым+ да Ахашверош патшаның сарайында әйелдерге арнап той өткізіп жатты. 10  Жетінші күні шарап ішіп, көңілі масайраған Ахашверош патша жеке өзіне қызмет ететін Мехуман, Биста, Харбона+, Биқта, Абақта, Зетар мен Қарқас есімді сарайдың жеті қызметкеріне 11  Астинге патшайымның баскиімін кигізіп, өзінің алдына әкелуді бұйырды. Ол халыққа және әміршілеріне оның сұлулығын көрсетпек болды. Өйткені патшайым аса сұлу еді. 12  Алайда Астин патшайым сарай қызметкерлері арқылы берілген патша бұйрығын орындаудан қайта-қайта бас тартты. Бұған патша қатты ашуланып, зығырданы қайнады. 13  Сонда патша осыған ұқсас бұрынғы оқиғалардан* хабардар данышпандармен ақылдаспақ болды (өйткені сол заманда патша осындай мәселелерді заң мен сот ісінде білікті кісілердің алдына салатын. 14  Солардың ішінде Персия мен Мидияның өзіне жақын Қаршана, Шетар, Адымат, Тарсис, Мерес, Марсена және Мемухан атты жеті уәзірі+ де бар. Олар патшаның алдына кіре алатын әрі патшалықтағы ең жоғары лауазымды кісілер еді). 15  Патша олардан: “Ахашверош патшаның сарай қызметкерлері арқылы берген бұйрығына Астин патшайым мойынсұнбады. Сондықтан заңға сай оның жазасы қандай болмақ?”— деп сұрады. 16  Мемухан сонда патшаның және оның уәзірлерінің алдында былай деді: “Астин патшайым тек патшаның алдында емес, Ахашверош патшаға бағынышты күллі аймақтағы әміршілер мен халықтың алдында да айыпты+. 17  Патшайымның бұл ісі барлық әйелдің құлағына жетіп, олар: —Ахашверош патша Астин патшайымды шақыртқанда, ол келмей қойған,— деп, күйеулерін менсінбейтін болады. 18  Патшайымның істегені жайлы естіген Персия мен Мидия әміршілерінің әйелдері де бүгін-ақ күйеулеріне солай істейтін болады. Содан елде менсінбеу мен наразылық кең етек алады. 19  Патша мақұл көрсе, Астин патшайым бұдан былай Ахашверош патшаның алдына келмесін деген жарлық шығарып, ол ешқашан өзгертуге болмайтын Персия мен Мидия заңының ішіне жазылып қойылсын+. Сондай-ақ патша одан әлдеқайда жақсы әйелді патшайым етсін. 20  Патшаның осы жарлығы кең-байтақ патшалығына жарияланғанда, әйелдердің бәрі күйеулерін, мейлі ұлық не кішік болсын, құрметтейтін болады”. 21  Мемуханның бұл ұсынысы патшаға да, уәзірлерге де ұнады. Патша соның айтқанын істеп, 22  өзіне бағынышты аймақтардың бәріне, әр аймаққа өз қарпінде және әр халыққа өз ана тілінде хат жіберді+. Онда әрбір еркек өз шаңырағының қожайыны болып, өз халқының тілінде сөйлесін деген нұсқау жазылған еді.

Сілтемелер

Немесе “Ахасуер”. Бұл Ұлы Дарийдің (Дарий Гистасптың) баласы І Ксеркс болса керек.
Немесе “Құш”.
Немесе “провинция”.
Немесе “порфир тас”.
Немесе “перламутр”. Кейбір моллюскілердің бақалшағында түзілетін зат.
Немесе “прецедент”.