Ешуа 2:1—24
2 Нұн ұлы Ешуа Шиттимнен+ екі тыңшы жіберіп: “Барып, сол елді, әсіресе Иерихон қаласын барлап келіңдер”,— деп тапсырды. Әлгі екеуі жолға шығып, Рахаб+ есімді жезөкше әйелдің үйіне келді де, сол жерге тоқтады.
2 Көп ұзамай Иерихон патшасына: “Жерімізді барлауға бүгін түнде исраилдік кісілер келіпті”,— деген хабар жетті.
3 Сонда патша Рахабқа адамдарын жіберіп: “Үйіңе тоқтаған кісілерді шығар, себебі олар бүкіл жерімізді барлау үшін келді”,— деді.
4 Бұл кезде Рахаб әлгі екеуін жасырып қойған еді. Ал патшаның адамдарына мынаны айтты: “Үйіме екі кісінің келгені рас, бірақ мен олардың қайдан екенін білмеппін.
5 Қараңғы түсіп қала қақпалары жабыларда екеуі кетіп қалды. Қайда бет алғандарынан хабарым жоқ. Тезірек соңдарына түссеңдер, қуып жетесіңдер”.
6 (Өзі болса әлгілерді шатырдағы зығыр арасына жасырып қойған еді.)
7 Патшаның адамдары Иордан өткелін+ бетке алып, тыңшыларды қуа жөнелді. Олар қаладан шыға салысымен, қақпа да жабылды.
8 Тыңшылар ұйықтамай тұрып, әйел шатырға көтерілді де,
9 оларға былай деді: “Ехобаның осы жерді сендерге беретінін білемін+. Сендерден қорқып+, бүкіл жұрттың зәресі қалмай отыр+.
10 Мысырдан шыққандарыңда Ехобаның Қызыл теңіздің суын қақ жарғанын+ және Иорданның арғы бетінде сендердің аморлық екі патша Сихон+ мен Огты+ күйреткендеріңді естідік.
11 Сондықтан зәреміз ұшып, сендерге тойтарыс беруге батылымыз бармай отыр. Өйткені Құдайларың Ехоба — көк пен жердегі жалғыз Құдай+.
12 Ал енді Ехобаның атымен маған ант берсеңдер екен: мен сендерге айнымас сүйіспеншілік танытқандықтан, сендер де әкемнің үй ішіне айнымас сүйіспеншілік танытыңдар, әрі бұған сенімді болуым үшін белгі беріңдер.
13 Әке-шешем мен бауырларымның және олардың үй ішіндегілерінің жанын аман алып қалыңдар+”.
14 Тыңшылар оған: “Антымыздан тайсақ, жанымыз аман қалмасын! Егер біз туралы ешкімге тіс жармасаң, Ехоба бұл жерді бізге бергенде, саған айнымас сүйіспеншілік пен адалдық танытамыз”,— деді.
15 Бұдан кейін Рахаб тыңшыларды арқанмен терезеден түсірді, өйткені оның үйі қала қабырғасында орналасқан еді+.
16 Ол тыңшыларға былай деді: “Қуғыншылардың қолына түсіп қалмау үшін таулы өңірге қашып барып, сол жерде үш күн жасырыныңдар. Олар қалаға қайтқан соң, жөндеріңе кетерсіңдер”.
17 Олар болса мынаны айтты: “Сенің алдыңда кінәлі болмау үшін біз антымыздан таймаймыз+.
18 Бірақ осы елге келгенімізде, бізді түсірген мынау ал қызыл арқан терезеңде байлаулы тұрсын. Әке-шешең мен бауырларың және әкеңнің үй ішіндегілерінің бәрі сенің үйіңе жиналсын+.
19 Кімде-кім үйіңнен шығып кетсе, оның қаны біздің емес, өз мойнында болады. Ал үйіңдегі біреу опат болса, оның қаны біздің мойнымызда болсын.
20 Ал егер сырымызды ашып қойсаң+, саған берген антымыз күшін жояды”.
21 Рахаб оларға: “Бәрі де айтқандарыңдай болсын”,— деп жауап берді.
Сөйтіп, оларды жөніне жіберді де, терезесіне ал қызыл арқанды байлап қойды.
22 Тыңшылар болса таулы өңірге барып, қуғыншылар қайта оралғанша, үш күн сонда жасырынып жатты. Ал қуғыншылар барлық жолдарды шарлап шықты, бірақ оларды таба алмады.
23 Әлгі екеуі таулы өңірден түсіп, өзеннен өтті де, Нұн ұлы Ешуаға келіп, болған жайттың бәрін айтып берді.
24 Олар Ешуаға: “Ехоба сол жерді толығымен қолымызға берді+. Сондықтан ондағы жұрттың бәрі бізден қорқып, зәрелері қалмай отыр+”,— деді.