Зәбүр 109:1—31
Ән-күй жетекшісіне. Дәуіттің жыры.
109 Уа, өзім мадақтайтын Құдай+, үнсіз қалмашы.
2 Өйткені зұлымдар мен арамзалар маған қарсы ауыздарын ашады,Мен туралы өтірік айтады+.
3 Ауыр сөздерімен жан-жақтан қыспақтайды,Себепсізден-себепсіз шабуылдайды+.
4 Сүйіспеншілігіме қастықпен жауап береді+;Бірақ мен өзіңе дұға етуден талмаймын.
5 Олар жасаған жақсылығыма жамандықпен+,Сүйіспеншілігіме қастықпен жауап береді+.
6 Оны зұлым адам соттасыншы,Оң жағында қарсыласы* тұрсыншы.
7 Сотталғанда, айыпты боп шықсыншы,Айтқан дұғасы күнә боп табылсыншы+.
8 Өмір жасы қысқа болсын+,Бақылаушы міндетін басқа біреу алсын+.
9 Балалары жетім,Әйелі жесір қалсын.
10 Балалары қаңғыбас қайыршы болсын,Қираған үйлерінен безіп, тамақ іздеп тентіресін.
11 Бар иелігін қарыз берген кісі тартып алсын,Мал-мүлкін бөтендер олжаласын.
12 Ешкім оған мейірімділік* көрсетпесін,Жетім балаларына ешкімнің ықыласы түспесін.
13 Ұрпақтары құрып жоғалсын+,Есімдері шежіре бұтағынан өшіріліп тасталсын.
14 Бабаларының күнәсін Ехоба еш ұмытпасын+,Анасының күнәсі да ұмыт болмасын.
15 Жасаған қылықтарын Ехоба әрқашан жадында ұстасын,Жер бетінде есімдері ауызға алынбайтындай қылсын+.
16 Себебі ол мейірім* танытуды есінде ұстамады+,Қайта, өлтіруді көксеп+,Қаналған адамды, жарлы мен жүрегі жаралы жанды қудалауын қоймады+.
17 Ол қарғыс айтуды ұнатты, бірақ қарғысы өз басына келді,Өзгелерге бата бергісі келмеді, сондықтан өзіне де бата қонбады.
18 Қарғысты киім іспетті киді,Қарғыс үстіне су сияқты, сүйегіне май сияқты құйылды.
19 Айтқан қарғысы оранатын жамылғысы+,Тастамай тағатын белбеуі іспетті болсын.
20 Ехоба менімен қастасқан адамның,Мені жамандайтындардың қарымтасын осылай қайтарады+.
21 Ал сен, уа, Әлемнің Әміршісі Ехоба,Есімің үшін маған көмекке келші+.
Мені құтқаршы, өйткені сенің айнымас сүйіспеншілігің игі+.
22 Себебі мен дәрменсізбін, кедеймін+,Жүрегім де жаралы+.
23 Мен жоғалып бара жатқан көлеңкедеймін;Мені шегірткедей қағып жіберді.
24 Оразадан тізелерім әлсіреді,Жүдеп-жадап құр сүлдерім қалды.
25 Жұрт үшін келеке-мазаққа айналдым+,Мені көргенде, олар бастарын шайқайды+.
26 Көмектесші, уа, Ехоба Құдайым,Айнымас сүйіспеншілігіңмен құтқара көрші.
27 Олар мұны істеген сенің қолың екенін,Уа, Ехоба, мұны жасаған сен екеніңді білсінші.
28 Олар қарғай берсін, ал сен маған батаңды берші.
Маған қарсы шыққанда, олар масқара болсыншы,Ал сенің қызметшің қуансыншы.
29 Менімен қастасатындар қорлықты көйлек етіп,Масқараны шапан етіп кисін+.
30 Қызыл тілім Ехобаны мадақтайды,Күллі жұрт алдында мен оны даңқтаймын+.
31 Өйткені айыптаушыларынан құтқару үшін,Ол жарлының оң жағында тұрады.
Сілтемелер
^ Немесе “айыптаушысы”.
^ Немесе “айнымас сүйіспеншілік”.
^ Немесе “айнымас сүйіспеншілік”.