Ишая 64:1—12
64 Шіркін, көкті айырып, төмен түссең ғой,Алдыңда таулар шайқалар еді!
2 Бұл қурайға от тигендей,Оттың суды қайнатып жіберетініндей болар еді.
Сонда дұшпандарың есіміңді танып-біліп,Халықтар алдыңда дірдек қағар еді!
3 Кезінде сен біз көреміз деп күтпеген айбынды істер істеген едің+.
Төмен түскеніңде, алдыңда таулар шайқалып кеткен еді+.
4 Сен өзіңді күткендердің игілігі үшін әрекет етесің.
Ежелден бері ешкім мұндай Құдай туралы құлағымен естімеген,Оны көзімен де көрмеген+.
5 Сен қуана әділдік жасайтындарды+,Өзіңді ұмытпай, жолдарыңмен жүретіндерді жылы қарсы аласың.
Бірақ біз күнә жасай бергендіктен, сен қаһарландың+.
Өйткені біз ұзақ уақыт күнә жасадық.
Ал енді аман қалуымызға үміт бар ма?
6 Бәріміз де арамданған кісідей болдық.
Бар әділ істеріміз әйелдің етеккірі кезіндегі киіміне ұқсайды+.
Барлығымыз жапырақ іспетті қурап қаламыз,Күнәларымыз бізді желдей ұшырып әкетеді.
7 Есіміңді мадақтап жатқан тірі жан жоқ.
Өзіңді іздеп, сенен айырылмай жүрген ешкім жоқ.
Сен бізден жүзіңді жасырдың+,Күнәміздің күшімен бізді қуратып жібермексің.
8 Бірақ сен, уа, Ехоба, біздің Әкемізсің+.
Біз сазбалшықпыз, ал сен Құмырашымызсың+.
Бәріміз де сенің қолыңнан шыққан бұйымбыз.
9 Уа, Ехоба, тым қатты қаһарлана көрмеші+,Күнәларымызды мәңгі есіңде сақтап жүре бермеші.
Жалбарынамыз, өз халқың екенімізді ұмытпашы.
10 Сенің киелі қалаларың шөл далаға айналды.
Сион шөл далаға, Иерусалим қаңыраған бос жерге айналды+.
11 Киелі де салтанатты ғибадатханамыз өртеніп кетті+.
Бабаларымыз өзіңді сол жерде мадақтаушы еді.
Жанымызға жақын болған нәрселердің бәрі қирап жатыр.
12 Уа, Ехоба, осыны көре тұра, қол қусырып отыра бересің бе?
Қатты азап көруімізге жол беріп, үнсіз қала бересің бе+?