Лұқа 2:1—52

  • Исаның дүниеге келуі (1—7)

  • Періштелердің қойшыларға көрінуі (8—20)

  • Сүндеттеу мен тазару рәсімі (21—24)

  • Шимонның Мәсіхті көруі (25—35)

  • Аннаның бала туралы айтқан сөздері (36—38)

  • Назаретке қайтып келу (39, 40)

  • 12 жасар Исаның ғибадатханада қалып қоюы (41—52)

2  Сол күндері император* Август елдің бүкіл тұрғынын* санақтан өткізу жайлы жарлық шығарды.  (Бұл Сирияны Кирини басқарған кездегі алғашқы халық санағы болатын.)  Сонда әркім тізімге тіркелу үшін өз қаласына барды.  Жүсіп+ те Ғалилеядағы Назарет қаласынан шығып, Яһудеядағы Дәуіттің қаласы Бетлехемге+ жол тартты, өйткені ол Дәуіттің әулетінен еді.  Ол айы-күні жақындап қалған+ әйелі Мәрияммен+ бірге тіркеуден өтпек болды.  Сол жерде Мәриямның босанатын уақыты жетіп,  тұңғыш ұлын тапты+. Оны құндақтап, ақырға жатқызды+, себебі қонақүйде оларға орын болмаған еді.  Сол маңда далада түнеп, отарларын күзетіп жүрген қойшылар бар еді.  Кенеттен Ехобаның періштесі пайда болып, олардың айналасына Ехобаның салтанаты нұрын шашты. Қойшылардың зәре-құты қалмады. 10  Бірақ періште оларға былай деді: “Қорықпаңдар! Мен жұрттың бәріне зор қуаныш әкелетін ізгі хабарды жариялауға келдім. 11  Бүгін Дәуіттің қаласында+ құтқарушыларың+ Мәсіх* Ие+ дүниеге келді. 12  Сендер бұл нәрестені ақырда құндақтаулы жатқанынан танып-білесіңдер”. 13  Кенет періштенің жанында көктегі періштелердің қалың қолы+ пайда болды да, Құдайды мадақтап: 14  “Заңғар көктегі Құдай мадақталсын! Жер бетіндегі оның ықыласына ие болғандардың арасында тыныштық орнасын!”— деді. 15  Періштелер көкке көтеріліп кеткенде, қойшылар бір-біріне: “Жүріңдер, дереу Бетлехемге барайық! Ехобаның бізге айтқанына сай, не болғанын көрейік”,— десті. 16  Олар тездетіп барып, Мәриям мен Жүсіпті және ақырда жатқан нәрестені көрді. 17  Сөйтіп, періштенің балаға қатысты айтқан хабарын жеткізді. 18  Мұны естігендердің бәрі қайран қалды. 19  Ал Мәриям осы сөздердің барлығын есіне сақтап, көңіліне түйіп алды+. 20  Қойшылар көріп-естігендерінің бәрі өздеріне айтылғандай болып шыққаны үшін Құдайды мадақтап, қайтып кетті. 21  Сегізінші күні бала сүндеттеліп+, оған Иса деген ат қойылды. Анасы құрсақ көтермес бұрын, періште оған осы есімді айтқан еді+. 22  Мұса Заңына сай, тазару күндері аяқталған соң+, әке-шешесі баланы Ехобаның алдына апару үшін Иерусалимге алып келді. 23  Өйткені Ехобаның Заңында*: “Әрбір тұңғыш ұл бала Ехобаға бағышталсын*”,— делінген+. 24  Сондай-ақ олар “екі кептер не екі жас көгершін әкелсін” деген Ехобаның заңы бойынша, құрбандық ұсынбақшы болды+. 25  Иерусалимде Шимон есімді кісі тұратын. Ол Құдайдың Исраилді жұбататын уақытын+ күтіп жүрген әділ, Құдайды қастерлейтін және киелі рух қонған адам еді. 26  Сондай-ақ оған Ехоба жіберген Мәсіхті көрмейінше өлмейтіні киелі рух арқылы ашылған болатын. 27  Киелі рухтың жетелеуімен Шимон ғибадатханаға келді. Заң талабын орындау үшін ата-анасы нәресте Исаны сол жерге әкелгенде+, 28  Шимон оны қолына алып, Құдайды былай деп мадақтады: 29  “Әлемнің Әміршісі, өзің алдын ала айтқандай, баланы көріп тұрмын, енді міне, құлың тыныштықпен көз жұма алады+. 30  Себебі өз көзіммен сен жіберген құтқарушыны+, 31  барлық халықтарға көрсету үшін+ дайындаған құтқарушыңды, көрдім. 32  Ол — халықтарды басқан қараңғылықты сейілтетін нұр+ әрі өз халқың Исраилдің даңқы”. 33  Баланың әке-шешесі бұл сөздерге қайран қалысты. 34  Шимон оларға батасын беріп, баланың анасы Мәриямға былай деді: “Міне, бұл бала Исраилде кейбіреулердің құлауына+, ал өзге біреулердің тұруына себепші болады+, көпшілік оны жек көретін болады+. 35  Осылайша көп адамның жүрек түкпіріндегі ойлары білінеді. Ал сенің жаның болса, Мәриям, үлкен семсер сұғып алғандай қатты ауыратын болады+”. 36  Сол жерде Ашир руынан шыққан Пәнуелдің қызы Анна есімді егде тартқан пайғамбар бар еді. Ол қыз кезінде қосылған күйеуімен 7 жыл отасқаннан кейін, 37  жесір қалған еді. 84 жастағы бұл әйел ораза тұтып, Құдайға жалбарынып, күні-түні қасиетті қызмет атқарып, үнемі ғибадатханада болатын. 38  Ол да Жүсіп пен Мәриямның қасына келіп, Құдайға ризашылық білдірді және Иерусалимнің құтқарылуын күтіп жүргендердің барлығына+ бала туралы айта бастады. 39  Сөйтіп, екеуі Ехобаның Заңында талап етілгеннің бәрін орындаған соң+, Ғалилеядағы өз қалалары Назаретке қайтып кетті+. 40  Бала өсіп, күш жинап, даналыққа кенеле берді, сондай-ақ Құдайдың шапағатына бөленіп жүрді+. 41  Баланың ата-анасы жыл сайын Иерусалимге Құтқарылу мейрамына* баратын+. 42  Иса 12 жасқа толғанда, олар әдеттегідей мейрамға барып+, 43  соңына дейін сол жерде болды. Алайда кері қайтқанда, Иса Иерусалимде қалып қойды. Мұны әке-шешесі білмей, 44  оны басқа жолаушылармен бірге келе жатыр деп ойлады. Бір күндік жол жүргеннен кейін, олар баланы туыстары мен таныстарының арасынан іздей бастады. 45  Таппаған соң, Иерусалимге қайта оралып, тынбай іздестірді. 46  Үш күннен кейін оны ғибадатханада ұстаздардың ортасында айтқандарын тыңдап, сұрақтар қойып отырған жерінен тапты. 47  Тыңдап отырғандардың бәрі оның ұғымталдығына және берген жауаптарына қайран қалысты+. 48  Әке-шешесі оны көріп, аң-таң болды. Анасы оған: “Балам, бұл не қылғаның? Әкең екеуміз уайымдап, сені шарқ ұрып іздеп жүрміз”,— деді. 49  Иса оларға: “Мені неге іздедіңіздер? Менің Әкемнің үйінде+ болуым керектігін білмеп пе едіңіздер?”— деді. 50  Алайда әке-шешесі оның сөздерін түсінбеді. 51  Иса әке-шешесімен бірге Назаретке оралып, оларға әрі қарай да мойынсұнып жүрді+. Ал анасы бұл сөздердің бәрін көңіліне сақтады+. 52  Иса өсіп, даналығы да, Құдай мен адамдарға ұнамдылығы да арта берді.

Сілтемелер

Сөзбе-сөз “цезарь”.
Немесе “бүкіл дүниежүзін”.
Түсіндірмедегі “Заң” сөзін қараңыз.
Немесе “қасиетті болсын”. Түсіндірмедегі “Қасиетті” сөзін қараңыз.