Матай 13:1—58
-
ПАТШАЛЫҚ ТУРАЛЫ МЫСАЛДАР (1—52)
-
Диқан (1—9)
-
Исаның мысалдарды қолдану себебі (10—17)
-
Диқан туралы мысалдың мағынасы (18—23)
-
Бидай мен арамшөп (24—30)
-
Қыша дәні мен ашытқы (31—33)
-
Мысалдар қолдану арқылы пайғамбарлықты орындау (34, 35)
-
Бидай мен арамшөп туралы мысалдың мағынасы (36—43)
-
Жасырылған қазына және асыл маржан (44—46)
-
Ау (47—50)
-
Жаңа және ескі қазына (51, 52)
-
-
Исаны өз елінің қабылдамауы (53—58)
13 Сол күні Иса үйден шығып, теңіз жағасына барып отырды.
2 Қасына қалың жұрт жиналғандықтан, ол қайыққа мінді, ал барша халық жағада тұрды+.
3 Сонда ол мысалдармен көп тәлім беріп+, былай деді: “Бір диқан тұқым себуге шығыпты+.
4 Ол сеуіп жүргенде, тұқымның кейбірі жол бойына түседі де, құстар келіп, шоқып жеп кетеді+.
5 Басқа біреулері топырағы аз тастақ жерге* түседі. Топырақ жұқа болғандықтан, олар тез өніп шығады+.
6 Бірақ тамыр жаймағандықтан, күн шыққанда күйіп, қурап қалады.
7 Тағы біреулері тікен арасына түседі де, тікен өсіп, оларды тұншықтырып тастайды+.
8 Ал өзге тұқымдар жақсы топыраққа түсіп, бірі жүз, бірі алпыс, тағы бірі отыз еседен өнім бере бастайды+.
9 Құлағы барлар тыңдап алсын+!”
10 Сонда шәкірттері келіп: “Неге оларға мысалдармен сөйлейсіз+?”— деп сұрады.
11 Иса былай деп жауап берді: “Көк Патшалығының қасиетті құпияларын+ түсіну оларға емес, сендерге берілген.
12 Өйткені кімде бар болса, оған тағы да беріліп, сол адамда молынан болады. Ал кімде жоқ болса, өзінде бары да алынып қойылады+.
13 Міне, сондықтан мен оларға мысалдармен сөйлеймін, себебі олар қараса да, көрмейді, естісе де, тыңдамайды, әрі мәнін ұқпайды+.
14 Осылайша Ишая пайғамбардың мына сөздері соларға қатысты орындалып жатыр: “Естисіңдер, бірақ мәнін ұқпайсыңдар, қарайсыңдар, бірақ көрмейсіңдер+:
15 мына халықтың жүрегі сезімсіз болып қалған; құлақтарымен естісе де, жауап бермейді; олар көздерін жұмып алған. Себебі көздерімен көргілері, құлақтарымен естігілері, жүректерімен мәнін ұққылары және теріс жолдан қайтқылары келмейді. Мен де оларды сауықтырмаймын+”.
16 Ал сендер бақыттысыңдар, себебі көздерің көріп, құлақтарың естиді+.
17 Сендерге шындығын айтамын, көптеген пайғамбарлар мен әділ адамдар сендер көріп жатқандарды көргісі келген, бірақ көрген жоқ+. Сендер естіп жатқандарды естігісі келген, бірақ естіген жоқ.
18 Енді диқан туралы мысалдың мағынасын тыңдаңдар+:
19 Патшалық туралы сөзді естіп, бірақ мәнін ұқпаған әркімге Зұлым*+ келіп, жүрегіне себілгенді ұрлап әкетеді. Бұл — жол бойына түскен тұқым+.
20 Ал тастақ жерге түскен тұқым — сөзді естіп, сол заматта қуана қабылдаған адам+.
21 Бірақ тамыр жаймағандықтан ұзаққа бармайды. Патшалық туралы сөз үшін қиындық пен қуғынға кезіккенде, бірден оған сенуден қалады.
22 Ал тікен арасына түскен тұқым мынадай адамды білдіреді: ол сөзді естиді, бірақ осы заманның уайым-қайғысы+ және алдамшы байлық* бойындағы сөзді тұншықтырып, өнімсіз етеді+.
23 Жақсы топыраққа түскен тұқым болса сөзді естіп, мәнін ұғып, өнім беретіндерді білдіреді. Олардың бірі жүз, келесі бірі алпыс, тағы бірі отыз еседен өнім береді+”.
24 Ол жұртқа тағы бір мысал айтып берді: “Көк Патшалығы егіндігіне жақсы тұқым сепкен адамға ұқсайды.
25 Жұрт ұйықтап жатқанда, дұшпаны келіп, бидай арасына арамшөп* сеуіп кетеді.
26 Бидай өсіп, дән байлағанда, арамшөп те көрінеді.
27 Сонда егін иесіне құлдары келіп: —Мырза, егіндігіңізге жақсы тұқым сепкен едіңіз ғой, арамшөп қайдан шықты?— дейді.
28 Ол: —Мұны дұшпаным істеді+,— деп жауап береді. Сонда олар: —Ендеше, барып, отап тастағанымызды қалайсыз ба?— деп сұрайды.
29 Ол былай дейді: —Жоқ, арамшөпті отаймыз деп, бидайды да жұлып тастарсыңдар.
30 Орақ салғанша бірге өсе берсін. Ал орақ кезінде егін жинаушыларға: “Алдымен, арамшөпті жинап, өртеу үшін баулаңдар, содан кейін бидайды жинап, қамбаға құйыңдар+”,— деймін”.
31 Иса тағы бір мысал келтіріп, былай деді: “Көк Патшалығы бір кісі егіндігіне еккен қыша дәніне ұқсайды+.
32 Ол тұқым атаулының ең кішкентайы болса да, өскенде, басқа дақылдардың бәрінен үлкен болып, ағаш іспетті болады. Сонда аспан құстары келіп, бұталарын паналайды”.
33 Иса тағы да мысал келтіріп: “Көк Патшалығы ашытқыға ұқсайды. Әйел ашытқыны үш тегеш* ұнға қосып араластырғанда, ол бүкіл қамырды ашытады+”,— деді.
34 Мұның бәрін Иса жұртқа мысалмен айтты. Оларға мысалсыз ештеңе де айтпады+.
35 Осылай келесі пайғамбарлық орындалды: “Мысалдар келтіре отырып, аузымды ашамын. Байырғыдан* жасырын болып келген нәрселерді жариялаймын”+.
36 Халықты таратқан соң, ол үйге кірді. Сонда шәкірттері қасына келіп: “Егіндіктегі арамшөп туралы мысалды түсіндіріп беріңізші”,— деді.
37 Иса мынаны айтты: “Жақсы тұқымды сепкен диқан — Адам Ұлы.
38 Егіндік — осы дүние+, ал жақсы тұқым — Патшалықтың ұлдары, арамшөп болса Зұлымның ұлдары+,
39 оны сепкен дұшпан — Ібіліс. Ал орақ кезі — осы заманның* ақыры, егін жинаушылар болса періштелер.
40 Арамшөпті жинап, өртеп жіберетініндей, осы заманның ақырында да тап солай болады+.
41 Адам Ұлы өз періштелерін жібереді. Олар оның Патшалығынан өзгелердің күнә жасауына себепкер болатындардың* бәрін, сондай-ақ заңсыздық жасайтындарды жинап алып,
42 жанып тұрған пешке тастайды+. Сол жерде олар зар еңіреп, қинала тістенетін болады.
43 Ал әділдер сол кезде Әкелерінің Патшалығында күндей жарқырайды+. Құлағы барлар тыңдап алсын!
44 Көк Патшалығы танапта жасырылған қазынаға ұқсайды. Оны тауып алған адам қазынаны қайта жасырып қойып, қуанғанынан өзінде бардың бәрін сатып, сол жерді сатып алады+.
45 Сондай-ақ Көк Патшалығы асыл меруерт іздеп жүрген жиһанкез саудагерге ұқсайды.
46 Аса құнды біреуін тапқанда, ол дереу өзінде бардың бәрін сатып, сол меруертті сатып алады+.
47 Көк Патшалығы теңізге тасталған ауға да ұқсайды. Оған әртүрлі балық түседі.
48 Ау толғанда, балықшылар оны жағаға шығарады да, отыра қалып, жақсы балықты+ ыдысқа жинап, ал жарамсыздарын+ лақтырып тастайды.
49 Осы заманның ақырында да тап солай болады: періштелер келіп, зұлымдарды әділдерден ажыратады да,
50 зұлымдарды жанып тұрған пешке тастайды. Сол жерде олар зар еңіреп, қинала тістенетін болады”.
51 Сосын ол: “Осының бәрінің мәнін түсіндіңдер ме?”— деп сұрағанда, олар: “Иә”,— деп жауап берді.
52 Иса: “Олай болса, Көк Патшалығы туралы білім алып, сол жайлы үйрететін әрбір тәлімгер қазынасынан жаңа және ескі нәрселерді алып шығатын үй иесіне ұқсайды”,— деді.
53 Осы мысалдарды айтып болған соң, Иса сол жерден кетіп қалды.
54 Ол өскен жеріне келіп+, мәжілісханада тәлім бере бастады. Сонда олар таңданып, былай десті: “Оған бұндай даналық пен құдіретті істер жасайтын қабілет қайдан біткен+?
55 Ол ағаш ұстасының ұлы емес пе+? Анасының аты Мәриям, ал бауырлары Жақып, Жүсіп, Шимон мен Яһуда ғой+?
56 Қарындастары да арамызда тұрады емес пе? Онда мұның бәрі оған қайдан біткен+?”
57 Осылайша оған сенгісі келмеді+. Бірақ Иса оларға: “Пайғамбарды өзге жерде қадірлесе де, өз ел-жұрты мен үй іші қадірлемес”+,— деді.
58 Олардың сенімі жоқ болғандықтан сол жерде көп құдіретті істер жасамады.
Сілтемелер
^ Мұнда сол өлкеде кездесетін бетінде жұқа топырағы бар жалпақ жартас жөнінде айтылып тұр.
^ Яғни Шайтан.
^ Сөзбе-сөз: “байлықтың арбаушы күші”.
^ Бұл жерде бидайға ұқсас улы өсімдіктің бір түрі айтылып тұр.
^ Шамамен 10 кг.
^ Мүмкін: “дүниенің негізі қаланғаннан”.
^ Түсіндірмені қараңыз.
^ Сөзбе-сөз “сүріндіретін нәрселердің”.