Мұсаның 1-жазбасы 43:1—34
43 Елде аштық үдеп тұрған еді+.
2 Мысырдан әкелінген астық таусылғанда+, Жақып ұлдарына: “Тағы да барып, біраз астық сатып әкеліңдер”,— деді.
3 Бұған Яһуда былай деді: “Әлгі кісі: —Інілеріңді әкелмесеңдер, көзіме көрінбеңдер,— деп нақты ескерткен болатын+.
4 Егер інімізді бізбен жіберсеңіз, азық әкелуге барамыз.
5 Ал жібермесеңіз, бармаймыз, өйткені ол бізге: —Інілеріңді әкелмесеңдер, көзіме көрінбеңдер+,— деп айтқан”.
6 Сонда Исраил+: “Мені осынша азапқа салып, ініміз бар деп неге ғана айттыңдар?”— деп кейіді.
7 Олар болса: “Әлгі адам біз жайлы, туыстарымыз жайлы: —Әкелерің тірі ме? Басқа да бауырларың бар ма?— деп нақты сұраған соң, айтқан едік+. Інілеріңді әкеліңдер дейтінін біз қайдан білейік+?”— деді.
8 Яһуда әкесі Исраилді көндірмек болып: “Баланы менімен жіберіңіз+. Өзіміз де, бала-шағамыз да+ аштан өлмесін десеңіз, жолға шығайық+.
9 Баланың қауіпсіздігі үшін мен басыммен жауап беремін+. Егер оны өзіңізге қайта әкелмесем, өмір бойы сіздің алдыңызда кінәлі болып өтейін.
10 Біз уақытты осылай соза бермегенімізде, сол жаққа екі рет барып келген болар едік”,— деді.
11 Сонда Исраил өз ұлдарына былай деп тіл қатты: “Олай болса, мейлі. Онда былай істеңдер: елдегі ең жақсы өнімдерден — аздап бальзам+ мен бал, ладан, шайырлы қабық+, пісте мен бадам дәнінен — қаптарыңа салып, әлгі кісіге сый ретінде апарыңдар+.
12 Сондай-ақ екі есе көп ақша алыңдар. Қаптарыңнан табылған ақшаны да ала барыңдар+, бәлкім, олар қателескен шығар.
13 Інілеріңді ертіп, әлгі кісіге қайта барыңдар.
14 Құдіреті шексіз Құдай сендерге сол адамның рақымын түсіртіп, оған қамаудағы бауырларыңды да, Бенияминді де босаттыра көрсін. Ал маған баласыз қалу керек болса, солай-ақ болсын+!”
15 Жақыптың ұлдары қолдарына сый-тарту және екі есе көп ақша алып, қастарына Бенияминді ертіп, Мысырға жол тартты. Сөйтіп, тағы да Жүсіптің алдына барды+.
16 Жүсіп олардың арасынан Бенияминді көргенде, үй басқарушысына: “Мына адамдарды үйге алып бар. Сосын мал сойып, тамақ әзірле. Бүгін олар түскі асты менімен бірге ішеді”,— деді.
17 Үй басқарушысы дереу Жүсіптің айтқанын істеп+, келген адамдарды оның үйіне әкетті.
18 Жүсіптің үйіне келе жатқанын көргенде, олар қорқып, бір-біріне: “Бізді өткен жолы қабымызға қайта салып жіберген ақшаға бола осында әкеле жатыр. Енді бізге күш көрсетіп, құлға айналдырып, есектерімізді тартып алатын болды!”— десті+.
19 Жүсіптің үйінің кіреберісіне келгенде, олар үй басқарушысының қасына келіп,
20 былай деді: “Мырза, құлақ салыңызшы! Біз өткен жолы да келіп, азық алғанбыз+.
21 Қайтар жолда түнейтін жерге тоқтап, қаптарымызды ашсақ, әрқайсысымыздың төлеген ақшамыз түгелімен қабымыздың бетінде жатыр екен+. Сол ақшаны өз қолымызбен қайтарайық деп едік.
22 Бұл жолы да азық алу үшін ақша ала келдік. Бірақ әлгі ақшаларды қабымызға кімнің салғанын білмейміз+”.
23 Сонда үй басқарушысы: “Қорықпаңдар, бәрі дұрыс. Астықтың ақшасын төлегендеріңді білемін. Ал қаптарыңа қазынаны салып жіберген — сендердің және әкелеріңнің Құдайы”,— деді. Сосын оларға Шимонды алып келді+.
24 Үй басқарушысы қонақтарды Жүсіптің үйіне кіргізіп, аяқтарын жуатын су берді. Есектерінің алдына жем салды.
25 Олар әкелген сыйлықтарын+ түске қарай Жүсіптің келуіне дайындап қойды, өйткені онымен бірге түстенетіндерін естіген еді+.
26 Жүсіп келгенде, олар үйіне кіріп, сыйлықтарын ұсынды да, жерге бас ұрып тағзым етті+.
27 Олардың хал-жағдайын сұраған соң, Жүсіп: “Қарт әкеміз бар деп едіңдер ғой, оның жағдайы қалай? Көзі тірі ме?”— деп сұрады+.
28 Бұған олар: “Тақсыр, әкеміз тірі, жағдайы жақсы”,— деп жауап берді де, тағы да жерге бас ұрып тағзым етті+.
29 Жүсіп өз анасынан туған інісі Бенияминді+ көріп: “Маған айтқан кенже інілерің осы болар+?”— деп сұрады да, оған бұрылып: “Құдай саған шапағатын түсірсін, балам!”— деді.
30 Туған інісін көргенде, Жүсіп іштей қатты толқып кетті. Көзіне жас үйірілген ол асығыс шығып кетті де, оңаша бөлмеге барып, жылап алды+.
31 Содан кейін бетін жуып, бойын жиып алды да, кері оралды. Сөйтіп, қызметшілеріне: “Тамақ әкеліңдер”,— деді.
32 Сонда Жүсіпке өз алдына, ағаларына өз алдына және сондағы мысырлықтарға өз алдына тамақ берілді. Себебі мысырлықтар еврейлермен бірге тамақтанбайтын, бұл олар үшін жиіркенішті еді+.
33 Бауырлары Жүсіптің қарсы алдына жасына қарай — тұңғыштық жолына+ қарай алдымен үлкені, содан кейін кішілері — отырғызылды. Бұған бауырлары таңғалысып, бір-біріне қарасты.
34 Жүсіп өз дастарқанынан оларға арнап табақ тартқызды, Бенияминнің табағына басқалардікінен бес есе артық салғызды+. Осылайша бәрі мол дастарқаннан тойғандарынша ішіп-жеді.