Мұсаның 1-жазбасы 50:1—26

  • Жүсіптің Жақыпты Қанаханда жерлеуі (1—14)

  • Жүсіптің ағаларының көңілін орнықтыруы (15—21)

  • Жүсіптің соңғы күндері және өлімі (22—26)

    • Жүсіптің сүйегін алып кетуді аманаттауы (25)

50  Жүсіп әкесін құшақтап жылап, бетінен сүйді+.  Сосын дәрігер қызметшілеріне оны бальзамдауға*+ бұйрық берді. Дәрігерлер Исраилдің денесін бальзамдады.  Бұған толық 40 күн кетті, өйткені бальзамдау осынша уақыт алатын. Мысырлықтар Исраилді жоқтап, 70 күн бойы аза тұтты.  Жоқтау күндері аяқталғанда, Жүсіп перғауынның сарайындағыларға* былай деді: “Көңілдеріңізден шыққан болсам, перғауынға мына өтінішімді жеткізіңіздерші:  марқұм әкем: —Мен өлім аузында жатырмын+. Өлген соң, сүйегімді Қанахан жерінде дайындап қойған қабіріме қой+,— деп, менен ант алған+ еді. Рұқсат етсеңіз, сол жерге барып, әкемді жерлеп, қайтып келейін”.  Бұған перғауын: “Берген антыңды орындап, әкеңді жерлеп кел+”,— деді.  Сөйтіп, Жүсіп әкесінің мәйітін алып жолға шықты. Оған перғауынның барлық қызметшілері, оның сарайындағы және Мысыр еліндегі күллі ақсақалдар+,  сондай-ақ Жүсіптің үй іші, бауырлары мен әкесінің үйіндегілерінің бәрі де ілесіп жүрді+. Гөшен жерінде тек олардың бала-шағасы мен ірілі-ұсақты малдары ғана қалды.  Жүсіпке күймелер+ мен салт аттылар да ерді. Осылай бәрі үлкен бір көшке айналды. 10  Иордан өңіріндегі Ғатад қырманының жанына келгенде, олар зар еңіреп, қатты жылады. Жүсіп әкесін жоқтап жеті күн аза тұтты. 11  Қанахан елінің тұрғындары Ғатад қырманының жанында аза тұтқан халықты көріп: “Мысырлықтар қатты жоқтау айтып жатыр!”— десті. Сондықтан да Иордан өңіріндегі осы жер Әбел-Мысырайым* деп аталып кетті. 12  Сонымен, Жақыптың ұлдары әкелерінің айтқан аманатын орындап+, 13  оның сүйегін Қанаханға апарып, Мамренің тұсындағы Махпела танабындағы үңгірге қойды. Ыбырайым бұл танапты меншікті зират ету үшін, хеттік Ефроннан сатып алған болатын+. 14  Әкесін жерлегеннен кейін, Жүсіп бауырларымен және жерлеу үшін қасына еріп барғандардың бәрімен Мысырға қайта оралды. 15  Әкелері қайтыс болған соң, Жүсіптің бауырлары бір-біріне: “Кім білсін, Жүсіп бізге тісін қайрап жүрген шығар. Оған жасаған бар қиянатымыз үшін кек қайтарса қайтеміз+?”— десті. 16  Содан олар Жүсіпке мына сөздерді айтқызып жіберді: “Өлер алдында әкең: 17  —Өтінемін, бауырларыңның айыбын, осынша зардап әкелген күнәсін кешірші,— деп Жүсіпке айтыңдар деген. Сондықтан әкең сиынған Құдайдың біздей құлдарын кешіре көр”. Мұны естігенде, Жүсіп жылап қоя берді. 18  Артынан бауырлары өздері келіп, Жүсіптің аяғына жығылып: “Біз сенің құлдарыңбыз!”+— деді. 19  Жүсіп оларға: “Қорықпаңдар, сендерді соттайтындай мен Құдай емеспін ғой! 20  Рас, сендер маған жамандық ойладыңдар+. Бірақ, өздерің көріп тұрғандай, Құдай бұны жақсылыққа айналдырып, талай адамның өмірін сақтап қалды+. 21  Сондықтан қорықпаңдар, мен сендерді де, бала-шағаларыңды да азық-түлікпен қамтамасыз етемін+”,— деді. Осылай ол ағаларын жұбатып, көңілдерін орнықтырды. 22  Жүсіп те, әкесінің үй іші де Мысырда тұрып жатты. Ол 110 жыл өмір сүрді. 23  Жүсіп Ефремнің немерелері+ мен Манасаның ұлы Махирдің+ балаларын көрді. Жүсіп оларды бауырына басты. 24  Соңында ол бауырларына былай деді: “Дәм-тұзым таусылар күн жетті. Бірақ Құдай сендерге міндетті түрде назарын салады да+, бұл жерден сөзсіз алып шығып, Ыбырайым, Ысқақ, Жақыпқа уәде еткен жерге апарады+”. 25  Кейін ол: “Құдай сендерге міндетті түрде назарын салады. Сонда менің сүйегімді осы жерден алып кетіңдер”,— деп, Исраил ұлдарынан ант алды+. 26  Жүсіп 110 жыл жасап, қайтыс болды. Оның бальзамдалған денесі+ Мысырда табытқа салып қойылды.

Сілтемелер

Бұл — мәйітті шіріп-бұзылудан сақтау үшін хош иісті май қоспаларымен өңдеу.
Немесе “үй ішіндегілеріне”.
Мағынасы “мысырлықтардың жоқтауы”.