Мұсаның 2-жазбасы 16:1—36

  • Халықтың тамақ сұрап күңкілдеуі (1—3)

  • Күңкілдің Ехобаның құлағына жетуі (4—12)

  • Бөдене мен маннаның берілуі (13—21)

  • Демалыс күні манна жинауға тыйым салынуы (22—30)

  • Маннаны естелік ретінде сақтап қою (31—36)

16  Кейін Исраил қауымы Елимнен шықты. Мысырдан шыққаннан кейінгі екінші айдың он бесінші күні Елим мен Синайдың ортасында орналасқан Син шөліне келіп жетті+.  Шөлде Исраил қауымы Мұса мен Харонға күңкілдей бастады+.  Исраилдіктер оларға: “Мысырда Ехобаның қолынан өле салғанымыз жақсы еді ғой. Біз онда қазанымызға ет асып+, тойғанша нан жеп жүретінбіз. Енді, міне, бүкіл қауымды осы шөлге әкеліп, аштан өлтірмексіңдер”,— деп қоймады+.  Сонда Ехоба Мұсаға: “Мен сендер үшін аспаннан нан жаудырамын+. Әр адам сыртқа шығып, күнделікті азығын күн сайын+ жинап алып отырсын. Осылай олар заңыма мойынсұна ма, жоқ па — соны сынамақпын+.  Ал алтыншы күні+ жинаған азықтарын дайындағанда, бұл күнделікті жинайтындарынан екі есе көп болу керек+”,— деді.  Мұса мен Харон бүкіл Исраил халқына: “Сендерді Мысыр елінен алып шыққан Ехоба+ екенін бүгін кешке білетін боласыңдар.  Ал таңертең Ехобаның ұлылығын көресіңдер, өйткені сендердің Ехобаға күңкілдегендерің құлағына жетті. Бізге күңкілдейтіндей, біз кім едік?”— деді.  Мұса сөзін жалғап: “Ехоба сендерге кешкісін ет, ал ертеңгісін тойғандарыңша нан береді. Өйткені Ехоба өзіне күңкілдегендеріңді естіді. Ал біз кімбіз сонша? Сендер бізге емес, Ехобаға күңкілдеп жатырсыңдар+”,— деді.  Сосын Мұса Харонға: “Исраил қауымына былай де: —Ехобаның алдына келіп тұрыңдар, сендердің күңкілдерің оның құлағына жетті+”,— деп айтты. 10  Харон исраилдіктерге осыны айтқаннан кейін, олар шөл далаға бет бұрып тұрды. Сонда бұлттан Ехобаның ұлылығы көрінді+. 11  Ехоба Мұсаға тағы да мынаны айтты: 12  “Мен исраилдіктердің күңкілін естідім+. Оларға былай де: —Екі кештің арасында ет жеп, таңертең тойына нан жейсіңдер+. Сонда мен Құдайларың Ехоба екенімді білетін боласыңдар+”. 13  Сол кеште бөденелер ұшып келіп, халық қоныстанған жерге қаптап қонды+. Ал таңертең қостың айналасын шық басты. 14  Шық кепкенде, жердің бетін қырау іспетті ақ майда түйіршіктер жауып қалды+. 15  Халық бұны көргенде, бір-біріне: “Бұл не?”— десті. Өйткені олар мұның не нәрсе екенін білмеген еді. Мұса оларға былай деді: “Бұл — Ехобаның сендерге азық болсын деп берген наны+. 16  Ехоба былай деп бұйырады: —Әрбір адам қанша жей алса, сонша жинап алсын. Жан басына бір омерден*+ өлшеп, шатырындағы адам санына қарай жинасын”. 17  Халық солай істеп, кейбірі көп, ал кейбірі аз жинады. 18  Олар жинағанын омермен өлшегенде, көп жинағандарда артылған жоқ, аз жинағандар мұқтаж болған жоқ+. Әркім қанша жей алса, сонша жинады. 19  Мұса халыққа: “Ешкім бұны таңертеңге дейін қалдырмасын”+,— деп ескертті. 20  Бірақ олар Мұсаның айтқанын тыңдамады. Кейбіреулер оны таң атқанша қалдырып еді, ол құрттап, сасып кетті. Сонда Мұса оларға қатты ашуланды. 21  Халық оны күн сайын таңертең жей алғандарынша жинап алып жүрді. Күн ысығанда, ол еріп кетіп жатты. 22  Ал алтыншы күні олар нанды екі есе көп+, яғни жан басына екі омерден жинады. Қауым басшыларының бәрі бұл жайтты Мұсаға келіп мәлімдеді. 23  Сонда Мұса: “Ертең толық тынығатын күндерің, Ехобаға бағышталған қасиетті Демалыс күні+,— дейді Ехоба.— Пісіретіндеріңді пісіріп, қайнататындарыңды қайнатып алыңдар+, ал сол күннен артылғанды таңертеңге дейін сақтап қойыңдар”,— деді. 24  Олар Мұса айтқандай істеп, артылғанды таңға дейін сақтап қойғанда, ол құрттаған да, сасыған да жоқ. 25  Сол кезде Мұса: “Бүгін соны жеңдер, өйткені бүгін Ехобаға бағышталған Демалыс күні. Оны осы күні даладан таппайсыңдар. 26  Алты күн оны жинайсыңдар, ал жетінші күн — Демалыс күні+. Сол күні оны таппайсыңдар”,— деді оларға. 27  Әйткенмен кейбіреулер жетінші күні оны жинауға шықты, бірақ ештеңе таппады. 28  Сонда Ехоба Мұсаға былай деді: “Қашанғы менің бұйрықтарым мен заңдарымды орындаудан бас тартасыңдар+? 29  Ехоба Демалыс күнін белгілегенін естеріңнен шығармаңдар+. Сол үшін де ол сендерге алтыншы күні екі күнге жетерлік нан беріп отыр. Жетінші күні ешкім ешқайда шықпай, тұратын жерлерінде қалсын”. 30  Содан халық жетінші күнді Демалыс күні ретінде ұстанып жүрді+. 31  Исраилдіктер әлгі нанды “манна”* деп атады. Ол кориандр дәні іспетті ақ еді, ал дәмі бал қосқан күлшедей болды+. 32  Сонда Мұса: “Ехоба сендерге былай деп бұйырады: —Одан бір омер алып, келер ұрпақтарың үшін сақтап қойыңдар+. Мысырдан алып шығып, шөл далада сендерді қандай нанмен асырағанымды ұрпақтарың көрсін”,— деді. 33  Сосын ол Харонға: “Құмыра алып, оған бір омер манна сал да, келер ұрпақтарға сақтап қою үшін Ехобаның алдына апарып қой+”,— деп тапсырды. 34  Ехоба Мұсаға бұйырғандай, Харон құмыраны сақтап қою үшін сандықтың*+ алдына апарып қойды. 35  Исраилдіктер маннаны елді мекенге келгенше+ 40 жыл бойы жеді+. Олар оны Қанахан жерінің шегарасына+ келгенге дейін азық етті. 36  Омер — ефаның оннан бір бөлігі*.

Сілтемелер

Шамамен 2,2 л. Ә14 қосымшасын қараңыз.
“Бұл не?” дегенді білдірсе керек. Еврейше “Ман һу?”
Сөзбе-сөз “куәліктің”. Бұл маңызды құжаттар сақтайтын жәшік болса керек.
Яғни 2,2 л. Ә14 қосымшасын қараңыз.