Мұсаның 2-жазбасы 28:1—43
28 Маған діни қызметкер ретінде қызмет ету үшін+, исраилдіктердің арасынан ағаң Харон+ мен оның ұлдары+ Надап, Әбиху+, Елазар мен Итамарды+ қасыңа алдырт.
2 Сөйтіп, ағаң Харонды даңқ пен сән-салтанатқа бөлейтін киелі киім тоқы+.
3 Өзім даналық дарытқан+ шебер адамдардың бәрімен сөйлес. Олар Харонның діни қызметкерім ретінде қасиеттілігін* көрсететін киім тоқып береді.
4 Олар мыналарды жасап берсін: төсқалта+, ефод+, жеңсіз көйлек+, ұзын жеңді шақпақ көйлек, сәлде+ және белбеу+. Ағаң Харон мен оның ұлдары менің діни қызметкерлерім болу үшін, оларға осындай киелі киім тоқып беру керек.
5 Бұл үшін шеберлер алтын, көк және ал қызыл жіп, иірілген күлгін жүн, сондай-ақ сапалы зығыр жіп қолдансын.
6 Шеберлер ефодты алтын, көк және ал қызыл жіптен, иірілген күлгін жүн мен жақсылап иірілген зығырдан өрнектеп тоқысын+.
7 Ефодтың екі бөлігін біріктіріп тұратын екі иық жапсырма істелсін.
8 Ефодты мықтап ұстап тұратын белбеу жасап+, оны да алтын, көк және ал қызыл жіптен, иірілген күлгін жүн мен жақсылап иірілген зығырдан тоқысын.
9 Екі оникс тасын алып+, оларға Исраил ұлдарының есімдерін ойып жаз+:
10 олардың туылу ретіне қарай, алтауын бір тасқа, қалған алтауын екінші тасқа жаз.
11 Тас қашайтын шебер екі оникс тасқа Исраил ұлдарының есімдерін мөрге ойып жазғандай жазсын+. Сосын оларды алтыннан жасалған құрсауларға қондыр.
12 Исраил ұлдарына естелік ретінде осы екі тасты ефодтың иық жапсырмаларына бекіт+. Харон Ехобаның алдында олардың есімін естелік ретінде екі иығында алып жүреді.
13 Алтыннан екі құрсау жаса,
14 сондай-ақ саф алтыннан ширатылған бау сияқты екі шынжыр істе+. Осы шынжырларды құрсауларға бекіт+.
15 Тоқымашы Құдайдың үкімін білдіретін төсқалта жасасын+. Ол да ефод сияқты алтын, көк және ал қызыл жіптен, иірілген күлгін жүн мен жақсылап иірілген зығырдан өрнектеліп тоқылсын+.
16 Оны екі бүктегенде, төрт бұрышты, ұзындығы мен ені бір қарыстан* болсын.
17 Оған төрт қатар етіп асыл тастар орнат: бірінші қатарға лағыл, топаз, зүбәржат;
18 екінші қатарға феруза, жақұт, яшма;
19 үшінші қатарға лешем*, ақық, аметист;
20 ал төртінші қатарға хризолит, оникс, жадеит. Олар алтын құрсауларға қондырылсын.
21 Тастардың саны Исраил ұлдарының есімдеріне сай 12 болсын. Әр тасқа 12 рудың біреуінің аты мөрге жазылғандай ойылып жазылсын.
22 Төсқалтаны асып қою үшін саф алтыннан ширатылған бау іспетті екі шынжыр жаса+.
23 Екі алтын сақина жасап, оларды төсқалтаның жоғарғы екі шетіне қондыр.
24 Сөйтіп, екі алтын шынжыр бауды төсқалтаның шетіндегі осы екі сақинадан өткізіп бекіт.
25 Ал қалған ұштарын ефодтың иық жапсырмасындағы құрсаулардың алдыңғы жағына бекіт.
26 Басқа екі алтын сақина жасап, оларды төсқалтаның ефодқа қараған ішкі жағының төменгі екі шетіне қондыр+.
27 Тағы да екі алтын сақина істеп, иық жапсырмалардың төменгі ұшының бет жағына, тоқылған белбеудің ефодқа байланған жерінің жоғарғы тұсына, бекіт+.
28 Төсқалтаның сақиналарына байланған көк баулардың екінші ұштарын ефодтағы осы сақиналарға байла. Сонда төсқалта ефодтағы орнынан қозғалмай, белбеудің үстіңгі жағында берік тұрады.
29 Харон Қасиетті бөлмеге кіргенде, жүрек тұсындағы Құдай үкімін білдіретін төсқалтаға жазылған Исраил ұлдарының есімдерін Ехобаның алдында естелік ретінде үнемі алып жүру керек.
30 Құдай үкімін білдіретін төсқалтаға урим мен туммимді*+ салып қой. Харон Ехобаның алдына келгенде, олар оның жүрек тұсында тұрсын. Исраилдіктерге Құдай үкімін білдіретін осы заттарды ол жүрек тұсында Ехобаның алдында әрдайым алып жүрсін.
31 Ефодтың ішінен кию үшін көк жіптен жеңсіз көйлек тоқы+.
32 Оның жоғары жағынан бас сұғатын ойық жаса. Сөгіліп кетпес үшін, тоқымашы ойықтың шетін айналдыра сауыттікіндей мықты жиектеме тоқысын.
33 Сосын көк және ал қызыл жіптен, иірілген күлгін жүннен көйлектің етегіне айналдыра анар жемістерін жаса. Ал анарлардың ара-арасына алтын қоңыраушалар іліп қой.
34 Олар жеңсіз көйлектің етегіне бір алтын қоңырауша, бір анар болып кезек-кезек орналассын.
35 Бұл көйлекті Харон қызметін атқарғанда киіп жүруге тиіс. Ол Ехобаның алдында тұру үшін қасиетті орынға кіргенде және қайта шыққанда, қоңыраушалардың сыңғыры естіліп тұруы керек, әйтпесе ол өлім құшады+.
36 Саф алтыннан жылтыраған шағын таспа жасап, бетіне “Киелілік Ехобаға тиесілі”+ деп мөрге жазғандай ойып жаз.
37 Оны көк баумен сәлденің маңдай тұсына байлап қой+.
38 Ол Харонның маңдайында тұрсын. Әлдекім қасиетті нәрселерге, яғни Исраил ұлдары ұсынған қасиетті тартуларға, лайықты түрде қарамай күнә жасаса, соны Харон мойнына алады+. Ехобаның ықыласына ие болу үшін, ол үнемі Харонның маңдайында тағулы жүрсін.
39 Сапалы зығыр жіптен ұзын жеңді шақпақ көйлек, сәлде және белбеу тоқы+.
40 Даңқ пен сән-салтанатқа бөлейтін+ ұзын жеңді көйлек, белбеу және баскиімді Харонның ұлдарына да тоқып бер+.
41 Осы киімдерді ағаң Харонға және оның ұлдарына кигіз. Сосын оларға майлау+ және тағайындау рәсімін+ жасап, қасиетті қызметке арна*. Олар менің діни қызметкерлерім болады.
42 Сондай-ақ жалаңаш тәндерін белінен тізесіне дейін жауып тұру үшін+, оларға зығыр жіптен дамбал тоқып бер.
43 Харон мен оның ұлдары кездесу шатырына кіргенде немесе қасиетті орында қызмет етіп жүріп құрбандық ошағына жақындағанда, осы киімдерді киіп жүрулері керек, олай етпесе, кінәлі болып, өлім құшады. Бұл — оның өзі де, келер ұрпағы да мәңгілік ұстануы керек нұсқау.
Сілтемелер
^ Түсіндірмедегі “Қасиетті” сөзін қараңыз.
^ Шамамен 22,2 см. Ә14 қосымшасын қараңыз.
^ Белгісіз асыл тас. Бұл янтарь, гиацинт, опал не турмалин болуы мүмкін.
^ Түсіндірмені қараңыз.
^ Немесе “қасиетті ет”. Түсіндірмедегі “Қасиетті” сөзін қараңыз.