Мұсаның 2-жазбасы 35:1—35
35 Кейін Мұса бүкіл Исраил қауымын жинап алып, былай деді: “Ехоба сендерге мынаны істеуді бұйырады+:
2 Алты күн бойы жұмыс істеп, жетінші күні демалыңдар, өйткені бұл — сендер үшін қасиетті күн, яғни Ехобаға бағышталған әрі толықтай демалатын күн+. Сол күні жұмыс істеген адам өлтірілсін+.
3 Тұратын жерлеріңнің бәрінде Демалыс күні от жағылмасын”.
4 Мұса күллі Исраил қауымына былай деп сөзін жалғады: “Ехоба сендерге мынаны бұйырады:
5 —Қолдарыңда бардан Ехобаға сый-тарту алып келіңдер+. Шын жүректен Ехобаға сый-тарту ұсынғысы келетін адам+ мыналарды әкелсін: алтын, күміс, мыс,
6 көк және ал қызыл жіп, иірілген күлгін жүн, сапалы зығыр жіп және ешкінің түбіті+,
7 қызыл түске боялған қой терісі, итбалық терісі, қараған ағашы,
8 шам майы, майлау рәсіміне арналған май мен түтетілетін хош иісті заттарға қосылатын бальзам+,
9 ефод пен төсқалтаға+ орнатылатын оникс тастары мен басқа да асыл тастар+.
10 Араларыңдағы шебер атаулының барлығы+ келіп, Ехобаның тапсырғандарын түгел жасасын,
11 атап айтқанда: киелі шатырдың жабындарын, ілмектерін, қабырғаға арналған жақтауларын, сырықтарын, бағаналары мен ойығы бар тұғырларын,
12 сандық+ пен сырықтарын+, қақпағын+, оны көзден тасалап тұратын шымылдықты+,
13 үстелді+, оның сырықтарын, ыдыс-аяқтары мен нан тартуын+,
14 жарық беретін шамдал+ мен оның құрал-жабдықтарын, шамдары мен жағатын майын+,
15 хош иісті заттар түтететін үстел+ мен оның сырықтарын, майлау рәсіміне арналған майды, хош иісті заттарды+, сондай-ақ киелі шатырдың кіреберісіндегі пердені,
16 өртелетін құрбандық ұсынылатын ошақты+, оның мыстан жасалған торын, сырықтарын және күллі құрал-жабдықтарын, үлкен қазан мен оның тұғырын+,
17 ауланы қоршайтын матаны+, бағандарды және ойығы бар тұғырларын, ауланың кіреберісіндегі пердені,
18 киелі шатырдың қазықтарын, аула қабырғасының қазықтары мен арқандарын+,
19 қасиетті орында қызмет етушілердің өрнектеп тоқылатын киімдерін+, діни қызметкер Харонның киелі киімі+ мен оның ұлдары діни қызмет атқарғанда киетін киімдерді”.
20 Содан бүкіл Исраил қауымы Мұсаның қасынан кетті.
21 Жүректері Ехобаға арнап сый-тартулар әкелуге талпындырып+, ниет еткендердің барлығы кездесу шатырын тұрғызуға, ондағы қызметке және киелі киімдерге керек-жарақтың бәрін әкелді.
22 Ықылас-ниеті болғандардың бәрі — ерлер де, әйелдер де — сәнді түйреуіштер, сырғалар, сақиналар, басқа да әшекейлер және түрлі алтын бұйымдар әкеліп жатты. Әрқайсысы алтындарын Ехобаға тарту* ретінде ұсынды+.
23 Кімде көк және ал қызыл жіп, иірілген күлгін жүн, сапалы зығыр жіп, ешкінің түбіті, қызылға боялған қой терісі және итбалық терісі бар болса, соларын әкеліп берді.
24 Күміс пен мысты садақа еткендердің бәрі оны Ехобаға арналған сый-тарту ретінде ұсынды. Кімде қараған ағашы болса, сонысын киелі шатырды соғу үшін берді.
25 Күллі шебер әйелдер+ көк және ал қызыл жіпті, күлгін жүнді, сапалы зығыр жіпті өз қолдарымен иіріп әкелді.
26 Сондай-ақ шын ықыласы болған шебер әйелдер ешкінің түбітін иірді.
27 Қауым басшылары мыналарды әкелді: ефод пен төсқалтаға+ орнатылатын оникс және басқа да асыл тастар,
28 бальзам, сондай-ақ шамдарға, майлау рәсіміне+ және түтетілетін хош иісті заттарға+ арналған май.
29 Жүректері талпындырған еркектер мен әйелдердің әрқайсысы үлес қосып, Ехобаның Мұса арқылы тапсырған ісін атқаруға қажетті нәрселер әкелді. Исраилдіктер сый-тартуларын Ехобаға өз еріктерімен ұсынды+.
30 Бұдан соң Мұса исраилдіктерге мынаны айтты: “Міне, Ехоба яһуда руынан шыққан Хұрдың немересі, Ұридың ұлы Беселиелді таңдап алды+.
31 Құдай оған рухын қондырғандықтан, ол даналық, түсінік пен білімге ие болып, кез келген қолөнерге:
32 сан қилы жобалар жасауға; алтын, күміс және мыстан бұйымдар жасауға;
33 тастарды қашап, құрсауларға қондыруға; ағаштан небір бұйымдар жасауға — қабілетті болды.
34 Сондай-ақ Құдай оған және дан руынан шыққан Ахисамах ұлы Ахолияпқа+ тәлім беру қабілетін дарытты.
35 Сонымен қатар оларға шебер ұстаның, кестешінің, сондай-ақ көк және ал қызыл жіпті, иірілген күлгін жүнді, сапалы зығыр жіпті өрнектеп тоқушының және мата тоқушының түрлі ісін атқара алатын қабілет сыйлады+. Бұл кісілер кез келген істі атқарып, сан қилы жобалар жасай алады.
Сілтемелер
^ Немесе “тербеп әкелетін тарту”.