Мұсаның 3-жазбасы 18:1—30

  • Заңға қайшы жыныстық қатынастар (1—30)

    • Қанахандықтарға еліктемеу (3)

    • Қандас туыстармен жақындаспау (6—18)

    • Етеккір кезінде жақындаспау (19)

    • Бір жыныстылардың жақындаспауы (22)

    • Малмен жақындаспау (23)

    • Арамдалмау, әйтпесе жер құсып тастайды (24—30)

18  Ехоба сөзін жалғап, Мұсаға былай деді:  “Исраилдіктерге мына сөздерімді жеткіз: —Мен сендердің Құдайларың Ехобамын+.  Өздерің тұрған Мысыр елінің халқындай және мен сендерді алып бара жатқан Қанахан елінің адамдарындай әрекет етпеңдер+. Олардың әдет-ғұрыптарын ұстанбаңдар.  Менің шешімдерімді орындаңдар, нұсқауларымды ұстанып, соған сай әрекет етіңдер+. Мен сендердің Құдайларың Ехобамын.  Менің нұсқауларым мен шешімдерімді ұстаныңдар. Оларды орындайтын адам соның арқасында өмір сүреді+. Мен Ехобамын.  Араларыңдағы ешкім өзінің жақын туысымен жақындаспасын+. Мен Ехобамын.  Әкеңмен не анаңмен жақындаспа. Ол — сенің анаң, онымен жақындасуыңа болмайды.  Әкеңнің әйелімен жақындаспа+, әйтпесе әкеңнің абыройын төгесің.  Туған әпке-қарындасыңмен, әкеңнің не анаңның қызымен — мейлі ол өз үйіңде не басқа жерде туылсын — жақындаспа+. 10  Ұлыңның не қызыңның қызымен жақындаспа. Өйткені бұл — өз абыройыңды төккенің. 11  Әкеңнің әйелінен туған қызымен жақындаспа, ол сенің әпкең не қарындасың ғой. 12  Әкеңнің әпке-қарындасымен жақындаспа. Ол әкеңнің қандас бауыры ғой+. 13  Анаңның әпке-сіңлісімен жақындаспа. Ол анаңның қандас бауыры ғой. 14  Әкеңнің аға-інісінің әйелімен жақындасып, ағаңның абыройын төкпе. Оның әйелі сенің жеңгең ғой+. 15  Келініңмен жақындаспа+. Ол — өз ұлыңның әйелі, оның абыройын ашушы болма. 16  Туған бауырыңның әйелімен жақындаспа+, бауырыңның абыройын төгесің. 17  Егер қызы бар әйелге үйленсең, оның қызымен жақындаспа+. Оның ұлының қызын не қызының қызын әйелдікке алып, жақындаспа. Олар әйеліңнің қандас туыстары. Бұл — сорақылық*. 18  Әйеліңнің көзі тірісінде әпкесін не сіңлісін күндес етіп әйелдікке алып+, онымен жақындаспа. 19  Етеккірі келіп, таза емес болып жүрген әйелмен жақындаспа+. 20  Өзге біреудің әйелімен жақындасып*, өзіңді арамдаушы болма+. 21  Балаларыңның ешқайсысын жалған тәңір Молекке құрбан етіп*+, Құдайыңның есімін қорлама+. Мен Ехобамын. 22  Әйелмен жақындасқандай, еркекпен жақындаспа+, бұл — барып тұрған жексұрындық. 23  Жануармен жақындасып, өзіңді арамдама. Әйел адам да жақындасу үшін жануарға өзін ұсынбасын+. Бұл — табиғатқа жат нәрсе. 24  Осындай істерге барып, өздеріңді арамдамаңдар, өйткені мен алдарыңнан қуып жатқан халықтар өздерін осындай істермен арамдады+. 25  Солардың кесірінен жерлері де арамдалды. Мен оның тұрғындарын күнәсі үшін жазалаймын, сонда жер оларды құсып тастайды+. 26  Ал сендер менің нұсқауларым мен шешімдерімді ұстаныңдар+. Исраилдік не араларыңда тұратын жатжерлік болсын, ешкім+ мұндай жексұрын істерге бармасын. 27  Өйткені сол жерде сендерге дейін тұрған адамдар осындай жексұрын нәрселерді істеп+, жерді арамдады. 28  Сендер де жерді арамдайтын болсаңдар, онда жер сендерді де бұрынғы халықтар сияқты құсып тастайды. 29  Егер кімде-кім осындай жексұрын нәрселердің бірін істесе, халқының арасынан ондай жанның көзі құртылсын. 30  Сендер менің айтқандарымды орындаңдар. Арамдалып қалмау үшін, өздеріңе дейінгі халықтардың жексұрын әдет-ғұрыптарын ұстанбаңдар+. Мен сендердің Құдайларың Ехобамын”.

Сілтемелер

Немесе “ұятсыздық”.
Сөзбе-сөз “ұрығыңды төгіп”.
Немесе “бағыштап”.