Нехемия 13:1—31

  • Нехемияның басқа да нұсқаулары (1—31)

    • Оннан бір бөлікті беру (10—13)

    • Демалыс күнін арамдамау керек (15—22)

    • Басқа ұлт адамдарына үйленуге тыйым салынуы (23—28)

13  Сол күні жұрт алдында Мұсаның кітабы дауыстап оқылып+, одан ешбір аммондық не моабтық+ адам Құдай қауымының қатарына қосыла алмайды деп жазылғаны белгілі болды+.  Өйткені олар кезінде исраилдіктерді нанмен және сумен қарсы алмады. Қайта, оларға қарғыс айтқызу үшін Балағамды жалдады+. Бірақ Құдайымыз оның қарғысын батаға айналдырған еді+.  Заңда жазылғанды ести салысымен, олар жатжерліктерді өз араларынан бөліп шығара бастады+.  Мұның алдында Құдайымыздың үйіндегі қойма бөлмелерге+ жауапты діни қызметкер Елиасып+ болатын, ол Тобияның+ туысы еді.  Елиасып Тобияға бір үлкен бөлмені пайдалануға беріп қойған екен. Бұрын онда астық тартуы, ладан, бұйымдар, сондай-ақ астықтың, жаңа шарап пен майдың+ оннан бір бөлігі — яғни леуіліктерге+, әншілер мен қақпа күзетшілеріне тиесілі бөлік — сонымен қатар діни қызметкерлерге арналған тартулар сақталатын+.  Бұл уақытта мен Иерусалимде емес едім. Өйткені Бабылға патша болған Артаксеркстің+ билік құруының отыз екінші жылы+ патшаның қасына қайтып кеткен болатынмын. Біраз уақыт өткеннен кейін патшадан сұранып,  Иерусалимге келдім. Сонда Елиасыптың+ Тобияға+ Құдай үйінің ауласынан бір бөлме беріп, сорақы іс жасағаны жайлы білдім.  Оның бұл ісіне қатты наразы болдым. Сөйтіп, бөлмеден Тобияның бар мүлкін сыртқа лақтырып тастадым.  Сосын бұйрық беріп, қойма бөлмелерді тазалаттым да, Құдай үйінің бұйымдарын+, астық тартуы мен ладанды+ қайтадан кіргізіп қойдым. 10  Сондай-ақ леуіліктерге тиесілі үлес+ берілмей жатыр екен+, сондықтан олар да, әншілер де қызметтерін тастап, әрқайсысы өз егістіктеріне кетіп қалыпты+. 11  Мен басқарушыларды+: “Құдайдың үйін неге қараусыз қалдырдыңдар?”+— деп сөктім. Содан леуіліктерді жинап алып, өз міндеттерін атқаруға қайтадан қойдым. 12  Күллі Яһуда халқы астықтың, жаңа шарап пен майдың оннан бір бөлігін+ қоймаларға әкеле бастады+. 13  Мен діни қызметкер Шелемияхты, көшірмеші Садықты, леуілік Педаяхты қоймаларға жауапты етіп тағайындадым. Ал Матанияхтың немересі, Закурдың ұлы Хананды оларға көмекші етіп бердім. Өйткені бұлар сенімді кісілер еді. Ағайындарына тиесілі бөлікті үлестіру осылардың жауапкершілігінде болды. 14  Уа, Құдайым, осы істегенімді есіңе ала көр+! Құдайымның үйі үшін және ондағы қызмет* үшін айнымас сүйіспеншілікпен жасаған ісімді ұмыта көрме+! 15  Сол күндері мен Яһудада жұрттың Демалыс күні жүзім сыққанын+, сондай-ақ есектеріне астық, шарап, жүзім, інжір және басқа да әртүрлі жүк артып, Иерусалимге әкеліп жатқанын байқадым+. Мен оларға бұл күні ештеңе сатпаңдар деп ескерттім*. 16  Сонымен қатар Иерусалимде тұрып жатқан тирліктер қалаға балық пен әртүрлі заттар әкеліп, Демалыс күні яһудилерге сатып жүрді+. 17  Сонда Яһуданың беделді адамдарын сөгіп, былай дедім: “Демалыс күнін арамдап, мұндай сорақы іске қалай бардыңдар? 18  Ата-бабаларың да осылай істегендіктен, Құдайымыз біздің басымызға және мына қалаға осы апаттардың бәрін жіберді емес пе? Ал енді сендер Демалыс күнін арамдап+, оның Исраилге деген қаһарын өршітіп жатырсыңдар”. 19  Сондықтан Демалыс күнінің алдында Иерусалим қақпаларына кешкі көлеңке түсе бастағанда, есіктерді жауып, Демалыс күні бітпейінше, оларды ашпауды бұйырдым. Сол күні ешкім ешқандай жүк алып кірмес үшін, өз қызметшілерімнің кейбірін қақпалардың аузына қойдым. 20  Содан саудагерлер және әртүрлі зат сатушылар Иерусалимнің сыртында бір-екі рет түнеп шықты. 21  Мен оларға: “Неге қала қабырғасының алдында түнеп жүрсіңдер? Егер тағы осылай істесеңдер, күш қолданамын”,— деп ескерттім. Сол уақыттан бастап олар Демалыс күні келмейтін болды. 22  Сосын мен леуіліктерге Демалыс күнін қасиетті тұту үшін+, өздерін үнемі тазартып тұруды және қақпаларға барып, оларды күзетуді тапсырдым. Уа, Құдайым, менің бұл ісімді де есіңе ала көр! Айнымас сүйіспеншілігің мол болғандықтан, маған рақым ете көр+! 23  Сол күндері яһудилердің арасында азоттық+, аммондық және моабтық+ әйелдерге үйленгендері бар екенін де білдім+. 24  Балаларының жартысы азоттықтардың тілінде, ал жартысы басқа халықтардың тілінде сөйлеп жүр екен. Бірақ ешқайсысы яһуди тілін білмейді екен. Олар тек басқа халықтардың тілінде сөйлеп жүр екен. 25  Сондықтан оларды сөгіп, Құдайдың қарғысын естеріне түсірдім. Кейбіреулерін ұрып+, шаштарын жұлып, Құдайдың алдында ант бергізіп, былай дедім: “Қыздарыңды олардың ұлдарына ұзатпаңдар! Ұлдарың да, өздерің де олардың қыздарына үйленуші болмаңдар+! 26  Исраилдің патшасы Сүлеймен осындай ісінің кесірінен күнәға батты емес пе?! Өзге халықтардың арасында ол сияқты патша болған емес+. Құдай оны жақсы көріп+, бүкіл Исраилдің үстінен патша етіп тағайындаған болатын. Алайда жатжерлік әйелдер тіпті оның өзін күнә жасауға еліктірді+. 27  Енді сендер жатжерлік әйелдерге үйленіп, Құдайымызға опасыздық жасап жатырсыңдар. Бұларың барып тұрған сорақылық қой+?!” 28  Тіпті бас діни қызметкер Елиасыптың+ ұлы Жояданың+ бір баласы хорондық Санбалаттың+ күйеубаласы екен. Сондықтан мен оны қасымнан қуып жібердім. 29  Уа, Құдайым, олардың діни қызметті де, діни қызметкерлермен және леуіліктермен жасаған келісімді+ де арамдағанын есіңнен шығара көрме. 30  Сөйтіп, мен халықты жатжерліктердің арам ықпалынан тазартып, діни қызметкерлер мен леуіліктерге міндеттер жүктеп, әрқайсысын өз қызметіне қайтардым+. 31  Сондай-ақ өз уақытында отын мен алғашқы өнім әкелініп тұру үшін+, шаралар жасадым. Уа, Құдайым, мені есіңе алып, жақсылық жасай көр+!

Сілтемелер

Немесе “күзетшілік”.
Мүмкін: “Мен оларға ештеңе сатпаңдар деп сол күні ескерттім”.