Римдіктерге 7:1—25

  • Заңның билігінен босауды түсіндіретін мысал (1—6)

  • Заңның арқасында күнәнің не екені белгілі болды (7—12)

  • Күнәмен күрес жүргізу (13—25)

7  Бауырластар, заңды білетіндеріңе айтып отырмын, Заң адамға көзі тірісінде ғана билік ететінін білмеулерің мүмкін бе?  Мысалы, тұрмыстағы әйел күйеуінің тірісінде оған заңмен байлаулы, ал күйеуі өлсе, оның заңынан босайды+.  Сол себепті күйеуінің тірісінде басқа біреуге қосылса, әйелді неке адалдығын бұзушы дер еді+. Ал күйеуі өлсе, әйел оның заңынан босайды. Сондықтан басқа біреуге қосылса, неке адалдығын бұзушы болып есептелмейді+.  Бауырластарым, сендер де Мәсіхтің тәні арқылы Заң үшін өлдіңдер. Осылай Құдайды даңқтайтын жеміс әкелуіміз үшін+ басқа біреудікі, яғни өлімнен қайта тірілген+ Мәсіхтікі болдыңдар+.  Өйткені тән қалауы бойынша өмір сүрген кезімізде, бойымызда Заң арқылы айқын болған күнәкар құмарлықтар билік етіп, өлімге жетелейтін жеміс әкелдік+.  Ал енді кезінде бізді құрсауында ұстаған Заң үшін өліп, одан босадық+. Осылай бұрынғыша, яғни жазбаша заңға сай емес+, қайта, жаңаша, яғни киелі рухқа сай, Құдайдың құлы болып қызмет етеміз+.  Онда не демекпіз? Заңда кемшілік бар ма? Жоқ, мүлдем олай емес! Заң болмаса, мен күнәнің не екенін білмес едім+. Мысалы, онда “Сұқтанба!”+ делінбесе, сұқтанудың дұрыс емес екенін білмес едім.  Алайда күнә осы заң арқылы пайда болған мүмкіндікті пайдаланып, бойымда сұқтанудың небір түрін оятты. Өйткені заң жоқ болғанда, күнә өлі еді+.  Бір кездері, яғни заң жоқ кезде, мен тірі болдым, бірақ заң берілгенде, күнә қайта тірілді, ал мен өлдім+. 10  Осылайша мен өмірге жеткізуі тиіс заңның+ өлімге жетелейтінін түсіндім. 11  Өйткені күнә заң арқылы пайда болған мүмкіндікті пайдаланып, мені еліктіріп, өлімге ұшыратты. 12  Ендеше Заңның өзі қасиетті, ондағы бұйрықтар да қасиетті, әділ әрі ізгі+. 13  Сонда ізгі нәрсенің мені өлімге душар еткені ме? Әрине, жоқ! Мұны істеген — күнә. Осылайша ізгі нәрсе арқылы күнәнің мені өлімге ұшырататыны көрінді+, әрі заң арқылы күнәнің қаншалықты зұлым екені белгілі болды+. 14  Өйткені біз Заңның Құдайдан* екенін білеміз, ал мен күнәнің құлы болуға сатылған пендемін+. 15  Себебі мен не істеп жүргенімді түсінбеймін: өзім қалағанды істемеймін, керісінше, жек көретінді істеймін. 16  Егер өзім қаламағанды істеп жүрсем, онда Заңның ізгі екенін мойындағаным. 17  Олай болса, өзім қаламағанды істеп жатқан мен емес, бойымдағы күнә+. 18  Мен бойымда, яғни тәнімде, еш жақсылықтың жоқ екенін білемін. Өйткені жақсылық жасауды қалауын қалаймын, бірақ оны істей алмаймын+. 19  Осылайша өзім қалайтын жақсылықты емес, қайта, қаламайтын жамандықты жасаймын. 20  Ал өзім қаламағанды істеп жүрсем, онда оны мен емес, бойымдағы күнәнің істеп жүргені. 21  Сонымен, мен мынадай заңдылықты байқадым: дұрыс нәрсені жасағым келгенде, жанымнан жамандық табылады+. 22  Іштей Құдай заңына қуанамын+, 23  алайда бойымда басқа бір заңның бар екенін байқаймын+. Ол ой-санамдағы заңға қарсы күресіп, мені тәнімдегі күнә заңының тұтқыны етеді+. 24  Сорлы басым-ай! Өлімге жетелейтін осы тәнімнен мені кім құтқарады? 25  Иеміз Иса Мәсіх арқылы мені құтқарып алатын Құдайға рақмет! Сонымен, ой-санам — Құдай заңының, ал тәнім — күнә заңының құлы+.

Сілтемелер

Сөзбе-сөз “рухани”.