Самуилдің 1-жазбасы 29:1—11
-
Філістірлердің Дәуітке сенбеуі (1—11)
29 Філістірлер+ бар әскерін Әфекке жинады. Исраилдіктер болса қостарын Езрехелдегі+ бұлақтың маңына тікті.
2 Філістір билеушілері жүз-жүз, мың-мыңнан топтастырылған әскерлерімен өтіп жатты. Ал Дәуіт пен адамдары Ахишпен бірге соңында келе жатқан еді+.
3 Бір кезде філістір бекзадалары: “Мына еврейлер мұнда не істеп жүр?”— деді. Ахиш: “Бұл — Исраил патшасы Саулдың қызметшісі Дәуіт қой. Қасымда жүргеніне бір жыл не одан көп болды+. Маған өткелі күні бүгінге дейін одан еш айып таппадым”,— деді.
4 Бірақ олар Ахишке ашуланып, былай деді: “Оны кері қайтар+, өзің берген жерге барсын! Бізбен бірге ұрысқа қатыспасын, әйтпесе өзімізге қарсы шығып жүрер+. Иесіне жағыну үшін оған біздің адамдарымыздың басын апарғаннан артық не бар дейсің?!
5 Жұрт ән айтып, би билеп:
“Саул мыңдаған жауды қырды,Ал Дәуіт он мыңдағанын жайратты”,— деп мақтаған Дәуіт осы емес пе+?!”
6 Сонда Ахиш+ Дәуітті шақырып алып мынаны айтты: “Тірі Құдай Ехобаның алдында шын айтамын*, сен адал адамсың, менің әскеріммен жорыққа барғаныңды қалап едім+. Қасыма келгелі күні бүгінге дейін сенен еш айып таппадым+. Бірақ мына билеушілер саған сенбейді+.
7 Сондықтан аман-есен кері қайт, оларға ұнамсыз ештеңе жасама”.
8 Бірақ Дәуіт: “Мен не істеп қойдым? Сізге келгелі бері маған тағар айыбыңыз болды ма? Неге сізбен бірге барып, патша иемнің жауларымен шайқаспауым керек?”— деді.
9 Ахиш мынаны айтты: “Сен мен үшін Құдайдың періштесіндей жақсы адамсың+. Бірақ філістір бекзадалары сені бізбен бірге ұрысқа қатыспасын деп жатыр.
10 Сондықтан өзің де, патшаңа қызмет еткен серіктерің де ертең таң ата тұрып, жарық түсісімен жолға шығыңдар”.
11 Содан Дәуіт таң ата адамдарымен жолға шығып, філістір жеріне қайтты. Ал філістірлер Езрехелге+ қарай өрледі.
Сілтемелер
^ Немесе “Ехобаның тірі екеніндей хақ сөзім”.