Самуилдің 1-жазбасы 4:1—22
4 Самуил Құдайдың сөздерін күллі Исраил халқына жеткізіп жүрді.
Сол кездері исраилдіктер філістірлермен соғыспақ болып, Әбен-Езердің маңына қос тікті, ал жау қосы Әфекте болды.
2 Олар исраилдіктермен соғысу үшін сап түзеді. Кескілескен шайқаста исраилдіктер ойсырай жеңіліп, ұрыс даласында 4000-дай сарбазы қаза тапты.
3 Ал қалғандары қосқа оралғанда, Исраил ақсақалдары: “Неге бүгін філістірлерден жеңіліп қалдық? Неге Ехоба бұған жол берді+? Шилодағы Ехобаның келісім сандығын осында алып келейік+. Сонда келісім сандығы бізбен болып, жауымыздың қолынан құтқарады”,— деді.
4 Олар Шилоға адамдар жіберіп, керубтердің* үстінде* отырған Әскербасы Ехобаның+ келісім сандығын алдыртты. Елидің екі ұлы Опни мен Пінехес+ Құдайдың келісім сандығымен бірге сонда барды.
5 Ехобаның келісім сандығы қосқа жеткізілгенде, исраилдіктердің айғайы жер жарды.
6 Айғай-шуды філістірлер естігенде: “Еврейлердің қосындағы бұл не қылған айғай-шу?”— десті. Ал Ехобаның келісім сандығы исраилдіктердің қосына әкелінгенін білгенде,
7 үрейлері ұшып, былай деді: “Олардың қосына Құдай келіпті+! Енді біз құритын болдық, өйткені бұрын-соңды мұндай нәрсе болған емес!
8 Құритын болдық-ау! Осы айбарлы Құдайдың қолынан бізді кім құтқарады? Ол — шөл далада мысырлықтарды неше түрлі пәлеге ұшыратып қырған Құдай ғой+!
9 Філістірлер, батыл да ержүрек болыңдар! Әйтпесе еврейлер бізге құл болғандай, енді біз олардың құлы боламыз+. Сондықтан ержүрек болыңдар, өліспей беріспеңдер!”
10 Сөйтіп, олар жан аямай соғысып, исраилдіктер ойсырай жеңілді де+, әрқайсысы өз шатырына қашып кетті. Қан судай ақты; исраилдіктерден 30 000 жаяу жасақ жер құшты.
11 Бұған қоса, Құдайдың келісім сандығы жау қолына түсті, ал Елидің ұлдары Опни мен Пінехес қаза болды+.
12 Бенияминдік бір кісі соғыс шебінен қашып шығып, Шилоға келді. Ол киімінің өңірін айырып, басына топырақ сеуіп алыпты+.
13 Бұл кезде Құдайдың келісім сандығын уайымдап+, көңілі елегізген Ели жол жиегіндегі орындығында отырған еді. Әлгі кісі қалаға келіп, болған жайтты айтып бергенде, күллі жұрт зар еңіреп қоя берді.
14 Олардың даусын естіген Ели: “Мына жұрт неге дүрлігіп жатыр?”— деп сұрады. Сонда хабаршы болған жайтты айту үшін оның қасына жүгіріп келді.
15 (Бұл уақытта 98 жасқа келген Елидің көзі көрмей қалған еді+.)
16 Ол: “Мен соғыс шебінен келдім. Бүгін ғана сол жерден қашып шықтым”,— деді. Ели: “Ол жақта не болды, балам?”— деп сұрады.
17 Хабаршы мынаны айтты: “Исраилдіктер ойсырай жеңіліп, філістірлерден қашуға мәжбүр болды+. Ұлдарыңыз Опни мен Пінехес қаза тапты+, ал шынайы Құдайдың келісім сандығы жау қолына түсті+”.
18 Құдайдың келісім сандығы жайлы естігені сол-ақ екен, Ели қақпа алдындағы орындығынан шалқалай құлап, желкесі үзіліп өлді. Өйткені ол кәрі әрі денелі болатын. Ели Исраилде 40 жыл би болды.
19 Оның келіні, Пінехестің әйелі, айы-күні жетіп босанғалы отырған еді. Ол Құдайдың келісім сандығының жау қолына түскенін, қайын атасы мен күйеуінің өлгенін естігенде, екі бүктеліп отыра кетті де, аяқастынан толғағы басталып, босанды.
20 Өлім аузында жатқанда, қасында тұрған әйел оған: “Қорықпа, ұл тудың”,— деді. Бірақ ол үн қатпады, көңіл де бөлмеді.
21 Ол Құдайдың келісім сандығы жау қолына түскеніне және қайын атасы мен күйеуінің қаза болғанына меңзеп+: “Исраилдің даңқы жау қолына түсті”+,— деді де, баласын Ихабод*+ деп атады.
22 Ол: “Исраилдің даңқы жау қолына түсті, себебі шынайы Құдайдың келісім сандығы жау қолында”+,— деді.