Шежірелер 1-жазба 19:1—19

  • Аммондықтардың Дәуіттің хабаршыларын қорлауы (1—5)

  • Аммондықтар мен сириялықтарды жеңу (6—19)

19  Біраз уақыт өткен соң аммондықтардың патшасы Нахаш қайтыс болып, орнына ұлы таққа отырды+.  Мұны естіген Дәуіт: “Нахаштың маған танытқан айнымас сүйіспеншілігін мен оның ұлы Анонға танытайын+”,— деп, әкесінің өліміне көңіл айту үшін хабаршыларын жіберді. Содан хабаршылар Аммон жеріндегі+ Анонға көңіл айтуға келді.  Бірақ аммондық бекзадалар Анонға: “Дәуіт мыналарды әкеңізді сыйлағандықтан, сізге көңіл айту үшін жіберді дейсіз бе? Оларды елімізді барлап шығып, бәрін біліп алып, талқандау үшін жіберіп отыр емес пе?”— деді.  Сонда Анон Дәуіттің қызметшілерін ұстап алып, сақалдарын қырып+, киімдерінің етегін жамбастарына дейін қиып тастады да, кері қайтарып жіберді.  Дәуіт өзі жіберген кісілерге не болғанын ести сала, қатты масқараланған қызметшілерінің алдынан адам жіберді. Патша оларға: “Сақалдарың өскенше Иерихонда+ қала тұрыңдар, содан кейін қайтып келесіңдер”,— деді.  Аммондықтар Дәуітті өздеріне өшіктіріп алғанын түсінді. Содан Анон мен аммондықтар Месопотамиядан*, Арам-Мағақ және Собадан арбалар мен салт атты сарбаздар жалдау үшін 1000 талант* күміс жіберді+.  Осылай олар 32 000 арба және Мағақ патшасы мен оның адамдарын жалдады. Олар Медеба+ қалашығының алдына келіп, қос тікті. Аммондықтар өз қалаларынан шығып, шайқасу үшін бас қосты.  Дәуіт мұны естігенде, Жоғаб+ бастаған күллі әскерімен қоса, ең мықты сарбаздарын аттандырды+.  Аммондықтар шайқасқа дайындалып, қала қақпасының сыртына сап түзеді. Ал көмекке келген патшалар өз адамдарымен жазыққа орналасты. 10  Жоғаб өз әскерінің алдынан да, артынан да қыспаққа алынып, екі жақтан соғысу керектігін көргенде, Исраилдің ең мықты сарбаздарынан біразын іріктеп алып, сириялықтарға қарсы сапқа тұрғызды+. 11  Әскердің қалған бөлігін інісі Әбісайдың+ қолына беріп, аммондықтарға қарсы сап түзеуді тапсырды. 12  Жоғаб былай деді: “Егер сириялықтардың+ күші менен басым болып бара жатса, сен маған көмекке кел. Ал аммондықтардың күші сенен басым болып бара жатса, мен саған көмекке келемін. 13  Еш қаймықпай халқымыз үшін, Құдайымыздың қалалары үшін батыл шайқасайық+! Ал Ехоба дұрыс деп тапқанын істесін”. 14  Сонымен, Жоғаб пен адамдары сириялықтармен шайқасты да, жау қаша жөнелді+. 15  Мұны көріп, аммондықтар да оның бауыры Әбісай бастаған әскерден кері шегініп, қалаға барып бекінді. Бұдан кейін Жоғаб Иерусалимге оралды. 16  Сириялықтар исраилдіктерден жеңіліп қалғанын көргенде, Евфрат өңіріне елшілерін жұмсап, сондағы сириялықтарды шақырды+. Оларды Ададәзер әскерінің қолбасшысы Шофак бастап келді+. 17  Бұл жайлы Дәуітке хабар жеткенде, ол дереу күллі Исраилдің басын қосты да, Иорданнан өтіп, оларға қарсы сап түзеді. Дәуіт өздеріне қарсы сап түзеген соң, сириялықтар шайқасқа килікті+. 18  Бірақ олар Исраил әскерінен қаша жөнелді. Дәуіт олардың 7000 арбакешін, 40 000 жаяу әскерін жер құштырды, қолбасшылары Шофакты да өлтірді. 19  Ададәзердің қызметшілері Исраилден жеңілгендерін көргенде+, Дәуітпен бейбіт бітім жасасып, оған бағынышты болды+. Сириялықтар бұдан былай аммондықтарға көмектескісі келмеді.

Сілтемелер

Сөзбе-сөз “Арам-Нахараим”.
1 талант 34,2 кг-ға тең. Ә14 қосымшасын қараңыз.