Шежірелер 2-жазба 10:1—19
-
Исраилдің Робоғамға қарсы бүлік шығаруы (1—19)
10 Робоғам Сихемге+ барды, себебі бүкіл Исраил халқы оны патша ету үшін сонда жиналған еді+.
2 Мұны Набат ұлы Еробоғам+ да ести сала, Мысырдан қайта оралды (ол Сүлеймен патшадан қашып кетіп, Мысырда тұрып жатқан еді+).
3 Жұрт оны шақыртып алды. Содан ол бүкіл Исраилмен бірге Робоғамға келіп:
4 “Әкеңіздің бізге артқан жүгі тым ауыр+. Егер оның мойнымызға артқан ауыр жұмысы мен зілдей жүгін жеңілдетсеңіз, сізге қызмет етеміз”,— деді.
5 Робоғам оларға: “Маған үш күннен кейін қайтып келіңдер”,— деп жауап берді. Осылай халық тарап кетті+.
6 Патша әкесінің көзі тірісінде оның кеңесшісі болған ақсақалдардан: “Қандай ақыл айтасыздар, мына халыққа не деп жауап берейін?”— деп сұрады.
7 Олар былай деді: “Егер халыққа жылы шырай танытсаң, көңілін аулап, жылы-жылы сөйлессең, олар саған мәңгі бақи қызмет етеді”.
8 Алайда патша ақсақалдардың айтқан ақылын елемей, бірге өскен әрі өзіне қызмет етіп жүрген жігіттермен кеңесіп+,
9 былай деді: “Әкем артқан жүкті жеңілдетуді сұрап жатқан мына халыққа не деп жауап берейін? Қандай кеңес бересіңдер?”
10 Құрдастары оған мынаны айтты: “Әкеңіз мойнымызға зіл батпан жүк артқан еді, соны жеңілдетіңіз” деген халыққа былай деп жауап бер: —Менің шынашағым әкемнің белінен де жуан!
11 Ол сендерге ауыр жүк артқан екен, мен оны одан бетер ауырлатамын. Әкем сендерді жай қамшымен сабаған болса, мен дойыр қамшымен сабаймын!”
12 Робоғамның “үш күннен кейін қайтып келіңдер” деген сөзіне сай, халық пен Еробоғам үшінші күні патшаның алдына келді+.
13 Патша ақсақалдардың айтқан ақылын қабылдамай, халықпен қатаң сөйлесті.
14 Ол құрдастарының кеңесі бойынша: “Мен сендердің жүктеріңді одан бетер ауырлатамын. Әкем сендерді жай қамшымен сабаған болса, мен дойыр қамшымен сабаймын!”— деп жауап берді.
15 Осылай патша халықтың айтқанын құлағына ілмеді. Оқиғаның бұлай бет алуы шынайы Құдайдың еркімен болды+. Мұны Ехоба шилолық Ахия пайғамбар+ арқылы Набат ұлы Еробоғамға айтқан сөздерін жүзеге асыру үшін істеді.
16 Сөздері елеусіз қалғандықтан күллі исраилдіктер патшаға: “Біздің Дәуітке еш қатысымыз жоқ! Есей ұлында еш үлесіміз жоқ! Ей, исраилдіктер, әрқайсысың өз құдайларыңа барыңдар! Бұдан былай Дәуіт үйі өз қамын өзі ойласын!”+— деді де, үйді-үйлеріне тарап кетті+.
17 Бірақ Робоғам Яһуда қалаларында тұрып жатқан исраилдіктердің патшасы болып қала берді+.
18 Бірде Робоғам міндетті жұмысшылардың үстінен қарайтын Хадорамды+ исраилдіктерге жіберді, бірақ жұрт оны таспен атқылап өлтірді. Патша болса арбасына міне сала, Иерусалимге қашып кетті+.
19 Осылайша исраилдіктер Дәуіт үйіне қарсы шығып, күні бүгінге дейін оған бағынбай келеді.