Шежірелер 2-жазба 12:1—16
12 Робоғам патшалық билігі берік орнығып+, күшейіп алған соң, өзі де, бүкіл Исраил халқы да Ехобаның Заңын орындауды қойды+.
2 Олар осылай Ехобаға опасыздық жасағандықтан, Робоғам патшаның билік құруының бесінші жылы Мысыр патшасы Шұшақ Иерусалимге қарсы аттанды+.
3 Оның 1200 арбасы, 60 000 салт атты сарбазы болды. Бұған қоса, ол Мысырдан ливиялық, суқилық, эфиопиялық сарбаздардан құралған сансыз жасақты бастап келді+.
4 Шұшақ Яһуданың бекіністі қалаларын басып алып, ақырында Иерусалимге де таяды.
5 Сонда Робоғамға және Шұшақтан қорқып Иерусалимге келген Яһуда бекзадаларына Шемаях+ пайғамбар келіп: “Ехоба мынаны айтады: —Сендер мені тастап кеттіңдер, сондықтан мен де сендерден бас тартып+, Шұшақтың қолына тапсырамын”,— деді.
6 Мұны естіген Исраил бекзадалары мен патша: “Ехоба әділ!”— деп, кішіпейілділікпен күнәларын мойындады+.
7 Ехоба олардың кішіпейілділік танытқанын көрді. Сонда Ехоба Шемаяхқа былай деп сөзін арнады: “Олар кішіпейілділік танытып отыр. Сондықтан мен оларды жоймаймын+. Көп ұзамай құтқарып аламын. Шұшақ арқылы Иерусалимге қаһарымды төкпеймін.
8 Бірақ олар соның қызметшісі болсын. Осылай маған қызмет ету мен бөтен елдің патшаларына қызмет етудің айырмашылығын көрсін”.
9 Содан Мысыр патшасы Шұшақ Иерусалимге қарсы аттанды. Ол Ехобаның үйі мен патша сарайындағы барлық қазынаны+, Сүлеймен жасатқан алтын қалқандарды да алып кетті+.
10 Робоғам патша олардың орнына мыс қалқандар жасатып, патша сарайының кіреберісіндегі күзетшілердің басшыларына табыстады.
11 Патша Ехобаның үйіне барған сайын, күзетшілер келіп, қалқандарды сонда апаратын да, кейін қайтадан күзетшілер үйіне әкеп қоятын.
12 Робоғам кішіпейілділік танытқандықтан, Ехоба райынан қайтып, оған қаһарын төкпеді+. Қаланы да толық жойып жібермеді+. Оның үстіне, Яһуда елінде әлі де игі істер жасайтын адамдар бар еді+.
13 Робоғам патша Иерусалимде билігін берік орнықтырып, патшалық ете берді. Ол 41 жасында таққа отырып, Ехоба барлық рулардың ішінен өзінің есімін орнықтыру үшін таңдап алған Иерусалим қаласында 17 жыл билік құрды. Оның анасы аммондық Нағама еді+.
14 Бірақ Робоғам жаман істер жасады, өйткені ол Ехобаны іздеу үшін жүрегінде берік шешім қабылдамаған еді+.
15 Робоғамның істері Шемаях+ пайғамбардың жазбасында және аян көруші Иддоның+ шежірелер жазбасында бастан-аяқ баяндалған. Робоғам мен Еробоғамның арасында соғыс толастамады+.
16 Ақырында Робоғам ата-бабаларына қосылды да, сүйегі Дәуіттің қаласына+ қойылды. Робоғамның орнына таққа ұлы Әбиях+ отырды.