Шежірелер 2-жазба 13:1—22
13 Еробоғамның билік құруының он сегізінші жылы Әбиях Яһуда елінің патшасы болды+.
2 Ол үш жыл Иерусалимде билік етті. Оның анасы гибеялық+ Үриелдің қызы Михая*+ еді. Әбиях пен Еробоғам бір-бірімен соғысып жатты+.
3 Әбиях 400 000 ержүрек әрі майталман сарбазын+ ертіп, соғысқа аттанды. Ал Еробоғам оған қарсы 800 000 майталман, ержүрек сарбазын сапқа тұрғызды.
4 Сонда Әбиях Ефремнің таулы өңіріндегі Семараим тауының басына шығып, былай деді: “Ей, Еробоғам! Бүкіл Исраил халқы, сөзіме құлақ салыңдар!
5 Исраилдің Құдайы Ехобаның Дәуітпен ешқашан бұзылмайтын келісім*+ жасасқанын білмеуші ме едіңдер?! Сол келісімге сай, Исраилге мәңгі патшалық+ етуді Құдай Дәуіт пен оның ұлдарына+ тапсырды емес пе?!
6 Бірақ Дәуіттің ұлы Сүлейменнің қызметшісі Набат ұлы Еробоғам+ иесіне қарсы бас көтерді+.
7 Сонда оның қасына ерігіп жүрген, оңбаған адамдар жиналды. Сүлейменнің ұлы Робоғам ол кезде жас әрі жасқаншақ болғандықтан, оларға қарсы тұра алмады.
8 Сендер көп болғандарыңа сеніп, әрі Еробоғам құдай қылып берген алтын бұзауларыңа арқа сүйеп+, Ехобаның Дәуіт ұлдарына табысталған патшалығына өз беттеріңше қарсы тұра аламыз деп отырсыңдар ма?!
9 Харонның ұрпағынан тараған Ехобаның діни қызметкерлері мен леуіліктерді қуып жіберіп+, өзге халықтар іспетті, діни қызметкерлерді өздерің тағайындап алдыңдар емес пе+? Кімде-кім бір торпақ, жеті қошқар әкелсе болғаны, құдайсымақтарыңның діни қызметкері болып шыға келеді.
10 Ал біздің Құдайымыз — Ехоба+. Біз одан бас тартқан жоқпыз. Харонның ұрпағынан тараған діни қызметкерлеріміз Ехобаға қызмет етіп, леуіліктер оларға көмектесіп жүр.
11 Олар күнделікті таңертең және кешқұрым Ехобаға арнап түгел өртелетін құрбандықтар шалады+ әрі хош иісті зат түтетеді+. Саф алтыннан жасалған үстелге нан тартуын қояды+, күн сайын кешке алтын шамдалдардың+ шамдарын жағады+. Осылай біз Құдайымыз Ехобаның алдындағы міндетімізді орындаймыз, ал сендер одан бас тарттыңдар.
12 Міне, шынайы Құдайдың өзі сендерге қарсы соғысты бастауға белгі беру үшін, керней ұстаған діни қызметкерлерімен бізді бастап келеді. Ей, Исраил жұрты, ата-бабаларыңның Құдайы Ехобаға қарсы шайқаспаңдар, өйткені бәрібір жеңіске жетпейсіңдер+!”
13 Осы екі арада Еробоғам Яһуда жасағының арт жағына да сарбаздарын қойды. Осылай яһудалықтардың алдында сап түзеген әскер, ал артында торуылда тұрған сарбаздар болды.
14 Яһудалықтар арттарындағы жауды көргенде, екі жақпен де соғысуға тура келетінін түсінді. Сонда олар бар дауыстарымен Ехобаға жалбарына бастады+. Ал діни қызметкерлер барынша кернейлетіп жатты.
15 Яһудалықтар атой салды, сол кезде шынайы Құдай Еробоғам мен Исраил халқына Әбиях пен Яһуданың алдында соққы берді.
16 Сонда исраилдіктер яһудалықтардан қаша жөнелді. Құдай оларды Яһуданың уысына салып берді.
17 Әбиях пен адамдары жауды ойсырата жеңіп, исраилдіктердің 500 000 таңдаулы сарбазын қырып тастады.
18 Осылай Исраил масқара болып жеңілді, ал Яһуда ата-бабаларының Құдайы Ехобаға арқа сүйегендіктен олардан үстем болды+.
19 Әбиях Еробоғамды қуа отырып, Бетел+, Ешана, Ефраин+ қалалары мен олардың қарамағындағы қалашықтарды басып алды.
20 Содан Әбияхтың тұсында Еробоғам күшін қайтып қалпына келтіре алмады. Ақырында Ехоба оны жазалап, ол қайтыс болды+.
21 Ал Әбиях күшейе берді. Ол 14 әйел алып+, 22 ұл, 16 қыз сүйді.
22 Әбияхтың қалған істері мен айтқан сөздері Иддо пайғамбардың жазбасында баяндалған+.