Шежірелер 2-жазба 18:1—34
18 Жосафат патша мол байлық пен зор даңққа ие болды+. Бірақ ол Ахаб+ патшамен жегжаттасты.
2 Бірнеше жылдан кейін Жосафат сапарлап Самариядағы Ахабқа келді+. Ахаб Жосафат пен оның адамдары үшін құрбандыққа көп етіп ұсақ және ірі қара мал шалды. Ол Жосафатты өзімен бірге Рамот-Ғалақатқа+ шабуыл жасауға көндіруге тырысып бақты.
3 Содан Исраил патшасы Ахаб Яһуда патшасы Жосафаттан: “Менімен бірге Рамот-Ғалақатқа барасың ба?”— деп сұрады. Ол: “Екеуміз бірміз: менің халқым — сенің халқың. Бұл соғыста біз саған көмектесеміз”,— деп жауап берді.
4 Бірақ бұдан кейін: “Ехоба не дер екен, алдымен соны сұрап білші+”,— деді.
5 Содан Исраил патшасы 400 пайғамбарды шақыртып, олардан: “Рамот-Ғалақатты қайтарып алу үшін соғысайын ба, жоқ па?”— деп сұрады. Олар: “Өрлеп барып, соғысыңыз, шынайы Құдай оны патшамызға береді”,— деді.
6 Жосафат болса: “Мұнда Ехобаның пайғамбары бар ма екен+? Сол арқылы да сұрап көрейік”,— деп ұсынды+.
7 Бұған Исраил патшасы: “Ехобадан сұрап білуге болатын тағы бір пайғамбар бар+. Оның аты — Имлах ұлы Михая. Бірақ мен оны жек көремін. Ол ешқашан мен туралы жақсы пайғамбарлық айтпайды, айтатыны — тек жамандық+,— деген еді, Жосафат: —Патша, олай деме”,— деп қарсылық білдірді.
8 Сонда Ахаб сарай қызметкерлерінің бірін шақырып алып: “Тездетіп Имлах ұлы Михаяны алып кел”,— деп тапсырды+.
9 Исраил патшасы Ахаб пен Яһуда патшасы Жосафат патша киімін киіп, Самария қақпасының алдындағы қырманда өз тақтарында отырған еді. Ал әлгі пайғамбарлардың бәрі олардың алдында пайғамбарлық етіп жатты.
10 Бір уақытта Кенанах ұлы Седекия темір мүйіздер жасап алып: “Ехоба мынаны айтады: —Сириялықтарды мына мүйіздермен сүзгілеп, жойып жібересің”,— деді.
11 Қалғандарының бәрі де тап солай пайғамбарлық етіп: “Рамот-Ғалақатқа көтеріліп, жеңіске жетесіз+. Ехоба оны патшамызға береді!”— деп жатты.
12 Михаяны шақыруға келген хабаршы оған: “Пайғамбарлардың бәрі патшаға тек жақсы хабар айтуда. Сенің сөздерің де солардың бірінікіндей болсыншы+. Сен де жақсы хабар айт”,— деді+.
13 Бірақ ол: “Тірі Құдай Ехобаның алдында шын айтамын*, Құдайым маған не айт десе, мен соны айтамын+”,— деп жауап берді.
14 Ол патшаның алдына келгенде, патша одан: “Михая, Рамот-Ғалақатты қайтарып алу үшін соғысайын ба, жоқ па?”— деп сұрады. Ә дегеннен ол: “Иә, соғыс, жеңіске жетесің. Жау сенің қолыңа беріледі”,— деп жауап берді.
15 Патша оған: “Ехобаның атынан маған тек шындықты айт деп қанша рет саған ант-су ішкізуім керек?”— деді.
16 Сонда ол былай деді: “Күллі Исраилдің бағушысы жоқ қойлардай+ тау-тауларда бытырап жүргенін көріп тұрмын. Ехоба мынаны айтады: —Бұлардың қожайыны жоқ, тыныштықпен бәрі үйді-үйіне қайтсын”.
17 Мұны естігенде, Исраил патшасы Жосафатқа: “Ол мен туралы жақсы пайғамбарлық айтпайды, айтатыны тек жамандық демеп пе едім?”— деді+.
18 Михая былай деп қосты: “Ендеше, Ехобаның сөзін тыңда, мен тақта отырған+ Ехобаны және оның оң жағы мен сол жағындағы күллі көк әскерін+ көрдім+.
19 Ехоба: —Ахаб Рамот-Ғалақатқа барып, сол жерде қаза болу үшін оны қайсысың алдайсың?— деп сұрап еді, біреуі мынаны, екіншісі ананы ұсынып жатты.
20 Ақырында Ехобаның алдына бір рух*+ келді де: —Оны мен алдаймын,— деді. Ехоба: —Қалай?— деп сұрағанда,
21 ол: —Мен барып, пайғамбарларының аузындағы алдамшы рух боламын,— деді. Сонда ол: —Сен оны алдап, ісің алға басады. Бар да, айтқаныңды істе,— деп тапсырды.
22 Осылай Ехоба сол алдамшы рух арқылы мына пайғамбарларыңның жалған сөйлеуіне жол беріп отыр+. Бірақ Ехоба сені пәлеге ұшыратуды шешіп қойған”.
23 Сонда Кенанах ұлы Седекия+ Михаяның+ қасына барып, жағынан салып жіберді де+: “Ехобаның рухы мені тастап, қалай саған барып қонды екен?!”— деді+.
24 Бұған ол: “Қалай екенін түпкі бөлмеге кіріп жасырынғаныңда білесің”,— деп жауап берді.
25 Сонда Исраил патшасы былай деді: “Михаяны қала әкімі Амон мен патша ұлы Жоғашқа алып барыңдар да:
26 —Патша мынаны бұйырды: “Мына кісіні түрмеге+ жабыңдар. Мен аман-есен оралғанша, оған нан мен суды тиістісінен аз беріңдер!”— деңдер”.
27 Бұған Михая: “Егер сен аман-есен келсең, мен арқылы Ехобаның сөйлемегені+!— деді де: —Уа, халайық, бәрің де тыңдап алыңдар!”— деп қосты.
28 Сонымен, Исраил патшасы мен Яһуда патшасы Жосафат Рамот-Ғалақатқа+ аттанды.
29 Исраил патшасы Жосафатқа: “Мен киімімді ауыстырып, ұрысқа араласамын. Ал сен патша киіміңмен шық”,— деді. Сөйтіп, Исраил патшасы киімін ауыстырып, ұрысқа араласты.
30 Сирия патшасы болса соғыс арбаларының үстінен қойылған басшыларға: “Кішігіне де, ұлығына да алаңдаушы болмаңдар! Тек Исраил патшасымен шайқасыңдар!”— деп бұйырды.
31 Жосафатты көріп, олар: “Мынау — Исраил патшасы”,— деп ойлап, ат басын соған қарай бұрды да, оған бас салмақ болды. Жосафат болса айғайлап, көмек сұрай бастады+. Ехоба оған көмектесіп, лезде оларды басқа жаққа бұрып алып кетті.
32 Соғыс арбаларының басшылары оның Исраил патшасы емес екенін түсінгенде, бірден кері бұрылды.
33 Сол кезде біреу садағын керіп, ата салып еді, жебе дәл Исраил патшасына тиіп, сауытының қатпарлары қосылған жерден кіріп, денесіне қадалды. Сонда ол арбакешіне: “Ат басын кері бұрып, мені шайқастан алып шық! Мен қатты жараландым!”— деді+.
34 Бірақ сол күні шайқас ушығып, Ахаб арбасын сириялықтарға қарама-қарсы қойып, кешке дейін ішінде тік тұруға мәжбүр болды, ал күн ұясына батқанда көз жұмды+.