Шежірелер 2-жазба 21:1—20
21 Ақырында Жосафат ата-бабаларына қосылды да, сүйегі солардың қасына, Дәуіттің қаласына қойылды. Оның орнына ұлы Жорам таққа отырды+.
2 Жорамның Азариях, Ехиел, Зәкәрия, Азариях, Микайл, Шафатиях деген інілері болды. Бұлардың бәрі Исраил* патшасы Жосафаттың ұлдары еді.
3 Кезінде әкелері оларға мол алтын-күміс, бағалы заттар сыйлаған болатын. Яһуда елінен бекіністі қалалар+ да берген еді. Ал патшалықты тұңғышы болғандықтан Жорамға қалдырды+.
4 Әкесінің патшалық билігі уысына түскен соң, Жорам барлық інілерін+, сондай-ақ Исраилдің кейбір бекзадаларын семсермен шауып өлтірді. Осылай өз билігін берік орнықтырды.
5 Патша тағына отырғанда ол 32 жаста еді. Жорам Иерусалимде сегіз жыл билік етті+.
6 Ол Исраил патшаларының жолымен жүріп+, Ахабтың үйі істегенді істеді. Өйткені оның әйелі Ахабтың қызы еді+. Патша Ехобаның алдында ұнамсыз істер істей берді.
7 Бірақ Ехоба Дәуітпен келісім жасасқандықтан+, Дәуіттің үйін құртып жібергісі келмеді. Өйткені ол Дәуітке өзінің және ұлдарының шырағын ешқашан өшірмеуді уәде еткен еді+.
8 Жорамның тұсында Едом Яһудаға қарсы бас көтеріп+, өздеріне патша тағайындап алды+.
9 Сонда Жорам мен қолбасылары бүкіл соғыс арбаларымен Едомға аттанды. Ол түнде тұрып, өзін қоршауға алған едомдықтар мен олардың арбакештерінің басшыларын қырып тастап, жеңіске жетті.
10 Бірақ едомдықтар Яһудаға қарсы күні бүгінге дейін бас көтеріп келеді. Сол кезде Либна+ қаласы да бас көтерген болатын. Себебі патша ата-бабаларының Құдайы Ехобаны тастап кеткен еді+.
11 Мұнысымен қоймай, ол Иерусалим тұрғындарын азғындық жасауға* еліктіру үшін және Яһуда елін жолдан адастыру үшін Яһуда тауларында ғибадат төбелерін жасады+.
12 Бұдан кейін Жорамға Ілияс+ пайғамбардан мынадай хат келді: “Арғы атаң Дәуіттің Құдайы Ехоба былай дейді: —Сен әкең Жосафаттың+ да, Яһуда патшасы Асаның+ да жолымен жүрген жоқсың.
13 Қайта, Исраил патшаларының жолына түсіп+, Исраилді азғындыққа еліктірген Ахаб үйі іспетті+, сен де Яһуда мен Иерусалим тұрғындарын азғындыққа*+ еліктірдің. Сен тіпті бір әкеден туған әрі өзіңнен әлдеқайда жақсы болған бауырларыңды өлтіріп тастадың+.
14 Сондықтан Ехоба сенің халқыңа, ұлдарың мен әйелдеріңе және бар мал-мүлкіңе зор апат жібереді.
15 Ал өзің көптеген дертке, соның ішінде ішек ауруына шалдығасың. Ауруың күннен-күнге асқына түсіп, ақырында ішектерің сыртқа шығып кетеді”.
16 Бұдан кейін Ехоба Жорамға қарсы філістірлерді+ және эфиопиялықтармен көршілес тұратын арабтарды+ өшіктіріп қойды+.
17 Олар Яһуда еліне басып кіріп, патша сарайындағы күллі дүние-мүлікті де+, ұлдары мен әйелдерін де алып кетті. Жорамға тек кенжесі Ехохазды* қалдырды+.
18 Осыдан кейін Ехоба Жорамды жазылмайтын ішек ауруына шалдықтырды+.
19 Біраз уақыттан кейін, толық екі жыл өткенде, осы аурудан оның ішектері денесінен шығып кетіп, ол қатты қиналып өлді. Жорамның жерлеу рәсімінде, жұрт ата-бабаларына сияқты, оның құрметіне от жақпады+.
20 Жорам 32 жасында патша болып, Иерусалимде 8 жыл билік етті. Ол өлгенде, ешкім қайғырмады. Оның денесі Дәуіттің қаласында жерленді+, бірақ патшаларға арналған қабірге қойылмады+.
Сілтемелер
^ Шежірелер туралы 2-жазбаның бірнеше жерінде “Яһуда” деген аясы тарлау сөздің орнына “Исраил” деген жалпылау сөз қолданылған.
^ Немесе “жалған тәңірлерге табынуға”.
^ Немесе “жалған тәңірлерге табынуға”.
^ Ахазия деп те аталады.