Шежірелер 2-жазба 23:1—21
23 Жетінші жылы Еходай батыл әрекет етіп, келесі жүзбасылармен келісім жасасты+: Ерохам ұлы Азариях, Жоханан ұлы Ысмағұл, Ғабит ұлы Азариях, Адаях ұлы Мағасеях, Зихри ұлы Елишапат.
2 Осы жүзбасылар Яһуда елін аралап, барлық қалалардағы леуіліктер+ мен Исраил үйінің әулетбасыларын жиналуға шақырды. Олар Иерусалимге келгенде,
3 күллі қауым шынайы Құдайдың үйінде патшамен келісім жасасты+. Бұдан кейін Еходай былай деді: “Ехобаның Дәуіттің ұлдарына қатысты берген уәдесіне сай, енді патша ұлы билік құрады+.
4 Сендер былай етіңдер: діни қызметкерлер мен леуіліктер үш топқа бөлініп, бір тобы+ Демалыс күні қақпаны күзетсін+.
5 Келесі топ патшаның үйін+, ал соңғы топ Іргетас қақпасын күзетсін. Бүкіл халық болса Ехобаның үйінің аулаларында тұрсын+.
6 Ехобаның үйіне сонда қызмет ететін діни қызметкерлер мен леуіліктерден+ басқа ешкім жіберілмесін. Ал олар кіре берсін, өйткені олар қасиетті қызмет атқаруға тағайындалған. Қалған халық сыртта тұрып, Ехобаның алдындағы міндеттерін орындасын.
7 Леуіліктер қолдарына қаруларын алып, патшаны айналдыра қоршап тұрулары керек. Үйге кірмек болған кез келген адамды өлтіріңдер! Патша қайда бармасын, одан бір елі қалмаңдар!”
8 Леуіліктер мен күллі Яһуда діни қызметкердің бұйрығын екі етпей орындады. Олар Демалыс күні күзетке түскен және сол күні күзеттен шыққан адамдарын жинап алды+. Өйткені діни қызметкер Еходай топтардың+ ешқайсысын қызметтерінен босатпаған еді.
9 Ол жүзбасыларға+ шынайы Құдайдың үйінде+ сақтаулы тұрған Дәуіт патшаның найзалары мен қалқандарын+ берді.
10 Сосын қолдарына қару ұстаған жұртты орын-орнына тұрғызды. Олар үйдің оң жақ қанатынан сол жақ қанатына қарай құрбандық ошағы мен үйді бойлай патшаны ортаға алып тұрды.
11 Бұдан кейін олар патша ұлын+ алып шығып, тәж кигізді де, төбесіне Келісімді*+ қойып, оны патша етті. Еходай мен оның ұлдары болса оған май жақты. Сосын барлығы: “Патша мың жасасын+!”— деп жар салды.
12 Аталия патшаны мадақтап жүгіріп жүрген жұрттың айғайын ести сала, жиналған халық арасына, Ехобаның үйіне келді+.
13 Ол кіреберістегі бағананың қасында тұрған патшаны көрді. Қасында бекзадалар+ мен кернейшілер тұр екен. Жиналғандардың бәрі қуанып+, керней тартып жатты. Қастарында басқарушылардың жетекшілігімен саз аспаптарда ойнап, мадақ айтып жатқан әнші-күйшілер де тұрды. Сонда Аталия киімінің өңірін айырып жіберіп: “Қастандық, қастандық жасалды!”— деп айғайлады.
14 Діни қызметкер Еходай әскер үстінен қойылған жүзбасыларға: “Аталияны жұрт арасынан алып шығыңдар! Кім оның соңынан ерсе, семсермен өлтіріңдер!”— деп бұйырды. Бұдан алдын ол: “Оны Ехобаның үйінде өлтірмеңдер”,— деп тапсырған еді.
15 Әлгілер Аталияны ұстап алып, патша сарайының Жылқы қақпасының алдына әкеліп, сол жерде өлтірді.
16 Бұдан кейін Еходай Ехобаның халқы болып қала беруге қатысты бүкіл халықпен және патшамен өзара келісім жасасты+.
17 Сосын күллі халық Бағалдың ғибадатханасына келіп, оны қиратып тастады+. Олар Бағалға арналған құрбандық орындары мен оның мүсіндерінің де тас-талқанын шығарды+. Ал Бағалдың абызы Матанды құрбандық орындарының алдында өлтірді+.
18 Бұдан кейін Еходай діни қызметкерлер мен леуіліктерге Ехобаның үйін күтіп ұстауды тапсырды. Кезінде Дәуіт оларды Мұса Заңында жазылғандай+, Ехобаның үйінде Ехобаға арнап түгел өртелетін құрбандықтар шалу үшін топтарға бөлген еді+. Сондай-ақ олар Дәуіттің нұсқауына сай, қуана ән шырқаулары керек болатын.
19 Сонымен қатар Еходай қандай да бір себеппен арамдалып қалған адам Ехобаның үйіне кірмеу үшін, оның қақпаларына күзетшілер+ қойды.
20 Сосын ол патшаны Ехобаның үйінен алып шығу үшін қасына жүзбасыларды+, беделді адамдарды, халық басшыларын және күллі халықты ертіп алды. Олар жоғарғы қақпа арқылы сарайға келіп, патшаны таққа+ отырғызды+.
21 Бүкіл ел қуанды, ал қалада тыныштық орнады. Өйткені Аталия семсермен өлтірілген болатын.
Сілтемелер
^ Бұл Құдай Заңы жазылған шиыршық болса керек.