Шежірелер 2-жазба 24:1—27
24 Жоғас патша болғанда жеті жаста еді+. Ол Иерусалимде 40 жыл билік құрды. Оның анасы бер-шебалық Сибия болатын+.
2 Діни қызметкер Еходайдың көзі тірісінде Жоғас Ехобаның алдында ұнамды әрекет етіп жүрді+.
3 Еходай оған екі әйел алып берді. Әйелдері Жоғасқа ұл-қыздар туып берді.
4 Біраз уақыт өте Жоғастың жүрегінде Ехобаның үйін жөндеуге деген ықылас пайда болды+.
5 Содан ол діни қызметкерлер мен леуіліктерді жинап алып: “Жыл сайын Яһуда елінің қалаларын аралап, Құдайларыңның үйін жөндеу үшін бүкіл Исраилден ақша жинаңдар+. Тездетіп іске кірісіңдер”,— деп тапсырды. Бірақ олар еш асықпады+.
6 Сондықтан патша жоғарғы діни қызметкер Еходайды шақырып алып былай деді+: “Неге сіз леуіліктерден Яһуда мен Иерусалим халқынан қасиетті салық жинауды талап етпейсіз? Кезінде Ехобаның қызметшісі Мұса куәлік сандығы тұрған шатырға+ арнап Исраил қауымынан қасиетті салық жинауды тапсырған еді ғой+.
7 Әлгі зұлым әйел Аталияның+ ұлдары шынайы Құдайдың үйіне бұзып кіріп, Ехобаның үйіндегі+ киелі заттардың бәрін ұрлап әкетіп, Бағалдарға табыну үшін қолданған жоқ па еді?!”
8 Сонда олар патшаның бұйыруымен жәшік+ жасап, оны Ехобаның үйінің қақпасының сыртына қойды+.
9 Бұдан кейін күллі Яһуда елі мен Иерусалим қаласында Ехобаға арнап қасиетті салық+ төлеуге қатысты жарлық шықты. Бұл салықты кезінде шынайы Құдайдың қызметшісі Мұса шөл далада жүрген Исраил халқы үшін бекіткен еді.
10 Бұған барлық бекзадалар да, жұрт та қуанды+. Олар жәшік толғанша, әкелген садақаларын сала берді*.
11 Леуіліктер өз уақытында жәшікті патшаға табыстайтын. Олар ақшаның жиналып қалғанын көргенде, патшаның хатшысы мен жоғарғы діни қызметкердің көмекшісі келіп, жәшікті босатып+, қайтадан орнына апарып қоятын. Олар күн сайын осылай ететін. Осылай көп ақша жиналды.
12 Сосын патша мен Еходай ақшаны Ехобаның үйіндегі жөндеу жұмыстарының бақылаушыларына беретін. Олар болса Ехобаның үйінде жөндеу жұмыстарын жүргізетін тас қашаушылар мен шеберлер жалдайтын+. Сондай-ақ бақылаушылар Ехобаның үйіндегі жөндеу ісіне темір және мыс ұсталарын да жалдайтын.
13 Осылай жөндеу жұмыстарының бақылаушылары іске кірісіп, жұмыс алға басты. Олар шынайы Құдайдың үйін бекітіп, бұрынғы қалпына келтірді.
14 Жөндеу жұмыстары аяқталған соң, олар қалған ақшаны патша мен Еходайға әкеліп берді. Ол екеуі бұл ақшаны Ехобаның үйіндегі қызмет кезінде, яғни құрбандық шалынғанда, қолданылатын бұйымдар жасауға, сондай-ақ тостағандар, басқа да алтын-күміс бұйымдар жасауға жұмсады+. Еходайдың көзі тірісінде Ехобаның үйінде үзбей түгел өртелетін құрбандық шалынып тұрды+.
15 Еходай егде тартып, қанағаттандырарлық өмір кешіп, 130 жасында көз жұмды.
16 Исраил халқына және шынайы Құдай мен оның үйіне қатысты жасаған ізгілігі үшін+, Еходайдың сүйегі Дәуіттің қаласындағы патшалар қабірінің біріне қойылды+.
17 Еходай өлген соң, патшаға Яһуда бекзадалары келіп, иіліп тағзым етті, патша оларға құлақ асты.
18 Содан халық ата-бабаларының Құдайы Ехобаның үйін тастап, қасиетті бағаналар* мен пұттарға табына бастады. Осы күнәлары үшін Яһуда мен Иерусалим халқына Құдайдың қаһары қайнады.
19 Ехоба оларды өзіне қайтару үшін пайғамбарларын жіберіп отырды. Пайғамбарлар талай рет ескерткенімен, олар құлақ асудан бас тартты+.
20 Еходай ұлы+ Зәкәрияға Құдай рухы қонып, ол халықтың алдында тұрып: “Шынайы Құдай мынаны айтады: —Неге сендер Ехобаның өсиеттерін аяқасты етесіңдер? Бұдан істерің алға баспайды. Сендер Ехобадан бас тарттыңдар, енді ол да сендерден бас тартады”+,— деді.
21 Бірақ олар Зәкәрияға қарсы сөз байласып+, патшаның бұйыруымен оны Ехобаның үйінің ауласында таспен атқылап өлтірді+.
22 Осылай Жоғас патша оның әкесі Еходайдың өзіне танытқан айнымас сүйіспеншілігін ұмытып, оның ұлын өлтіртті. Зәкәрия болса өлер алдында: “Ехоба істеген істерің үшін жауапқа тартсын+!”— деді.
23 Жылдың басында Сирия әскері Жоғасқа қарсы аттанып, Яһуда елі мен Иерусалимге басып кірді+. Олар елдегі бекзадалардың+ бәрін өлтіріп тастады, ал тонап алған олжаны Дамаск патшасына жіберді.
24 Халық ата-бабаларының Құдайы Ехобаны тастап кеткендіктен, сириялықтар елді жаулап алуға аз әскермен келсе де, Ехоба Яһуданың қалың әскерін олардың уысына салып берді+. Осылай сириялықтар Жоғасқа шығарылған үкімді жүзеге асырды.
25 Олар кеткенде, патша қатты жаралы болып жатты*. Сонда діни қызметкер Еходайдың ұлдарының*+ қанын төккені үшін, Жоғастың өз қызметшілері оған қарсы сөз байласып, төсекте жатқан жерінде өлтіріп кетті+. Патшаның денесін олар Дәуіттің қаласында жерледі+, бірақ патшалар қабіріне қоймады+.
26 Оған қарсы сөз байласқандар+ аммондық әйел Шиматтың ұлы Забад және моабтық әйел Шимриттің ұлы Ехозабад еді.
27 Жоғастың ұлдары және оған қарсы айтылған үкімдер+ жайлы, сондай-ақ оның шынайы Құдайдың үйін қалай жөндегені+ туралы патшалар туралы жазбаларда баяндалған. Жоғастан кейін оның ұлы Амазиях патша болды.
Сілтемелер
^ Мүмкін: “Олардың бәрі әкелген ақшаларын салып болғанша, садақа жасала берді”.
^ Түсіндірмедегі “Қасиетті ағаш бағананы” қараңыз.
^ Немесе “көп дертке шалдығып, ауырып жатты”.
^ Немесе “ұлының”. Көптік жалғау Зәкәрияның мәртебесі жоғары болғанын көрсету үшін қолданылған болса керек.