Шежірелер 2-жазба 25:1—28

  • Амазиях — Яһуда патшасы (1—4)

  • Едоммен соғысу (5—13)

  • Амазияхтың пұтқа табынуы (14—16)

  • Амазияхтың Исраил патшасы Жоғаспен соғысуы (17—24)

  • Амазияхтың өмірден өтуі (25—28)

25  Амазиях 25 жасында патша тағына отырып, Иерусалимде 29 жыл билік етті. Оның анасы иерусалимдік Ехохадан болатын+.  Амазиях Ехобаға ұнамды істер істеді, бірақ онысын бар жүрегімен істеген жоқ.  Патшалық билігі берік орныққаннан кейін, ол әкесі Жоғасты өлтірген қызметшілерінің көзін құртты+.  Бірақ ол Мұсаның Заң кітабындағы Ехобаның өсиетіне сай, олардың балаларын өлімге кеспеді. Заңда былай делінген еді: “Балалары үшін әкелері, әкелері үшін балалары өлімге кесілмесін. Әркім өз күнәсі үшін ғана өлімге кесілсін”+.  Амазиях Яһуда еліндегі яһуда және бениямин руларының күллі ер-азаматтарын жинап алып, әулеттері бойынша мыңбасылар мен жүзбасылардың басшылығымен сап түзеуді тапсырды+. Сосын 20 және одан жоғары жастағы жігіттерді тіркеуге алды+. Найза мен қалқан ұстап соғысуға жарамды майталман сарбаздардың саны 300 000 екен.  Бұған қоса, патша 100 талант* күміске Исраил елінен 100 000 мықты сарбаз жалдады.  Бірақ оған шынайы Құдай адамы келіп, былай деді: “Патша, Исраил әскерін өзіңмен бірге ертіп шықпа! Себебі Исраил елінде, ефремдіктердің арасында, Ехоба жоқ+!  Ұрысқа өзің аттанып, батыл шайқас! Әйтпесе шынайы Құдай жау алдында сені тізе бүктіреді. Өйткені Құдай қолдай+ да, тізе бүктіре де алады”.  Амазиях шынайы Құдай адамынан: “Исраил жасағына төлеп қойған 100 талант күмісті қайтемін?— деп сұрап еді, ол: —Ехоба саған одан да көп бере алады+”,— деп жауап берді. 10  Содан Амазиях патша Ефремнен келген жасақты таратып, елдеріне қайтарып жіберді. Олар болса яһудалықтарға қатты ызаланып, ашуға булыққан күйі елдеріне қайтты. 11  Ал Амазиях батылданып, жасағын Тұзды аңғарға+ өзі бастап барды. Сол жерде ол Сейір өңірінің 10 000 адамын өлтірді+. 12  Яһудалықтар жаудың тағы 10 000 адамын тірідей ұстап алып, бір жардың басына әкеліп, төмен қарай құлатып жіберді. Олардың бәрі мылжаланып өлді. 13  Ал осы екі арада Амазиях соғысқа ертпей, елдеріне қайтарып жіберген жасақтың сарбаздары+ Самариядан+ Бет-Хоронға+ дейінгі Яһуда қалаларын шауып, 3000 адамды өлтіріп, көп олжа алып кеткен еді. 14  Амазиях патша болса едомдықтарды жеңген соң, Сейір тұрғындарының құдайларын өзімен бірге алып келді. Патша оларды өзіне құдай етіп алып+, солардың алдында бас ұрып, құрбандық түтінін түтете бастады. 15  Сонда оған Ехобаның қаһары лаулап, “Өз халқын сенің қолыңнан құтқара алмаған сол құдайларға неге табынып жатырсың+?!” деген хабармен пайғамбарын жіберді. 16  Пайғамбар әлі сөйлеп тұрғанда, патша: “Сені патшаның кеңесшісі етіп қойған ба едік+?! Доғар+! Әйтпесе өлімге кесілесің!”— деді. Пайғамбар сөзін доғарды, бірақ: “Осы ісің үшін әрі менің кеңесіме құлақ аспағаның үшін, Құдай сені құртуды ұйғарғанын білемін+”,— деп қосты. 17  Кеңесшілерімен ақылдасқан соң, Яһуда патшасы Амазиях Исраил патшасы Иқудың немересі Ехохаз ұлы Жоғасқа: “Шық, екеуміз бетпе-бет соғысайық!”— деген хабар жіберді+. 18  Сонда Исраил патшасы Жоғас Яһуда патшасы Амазияхқа мынадай хабар жолдады: “Ливандағы тікенді бұта Ливан қарағайына “Қызыңды менің ұлыма әйелдікке бер!” деген хабар жіберіпті. Бірақ Ливандағы жабайы аңдардың бірі өтіп бара жатып, тікенді бұтаны таптап кетіпті. 19  Сен: —Мен Едомды тас-талқан еттім+!— дейсің. Енді содан көкірегіңе нан пісіп, даңқыңды шығарғың келіп отыр. Бірақ өз үйіңде отыра бергенің жақсы. Әліңе қарамай, әлек болма, әйтпесе өзіңді де, еліңді де пәлеге душар етесің!” 20  Бірақ Амазиях тыңдамады+. Бұл шынайы Құдайдың еркімен болды. Өйткені Яһуда халқы Едомның құдайларына табынып кеткендіктен+, Құдай оларды жауларының қолына беруді ұйғарған еді+. 21  Содан Исраил патшасы Жоғас Яһуда еліне аттанды. Ол Яһуда патшасы Амазияхпен Яһуда жеріндегі Бет-Шамиш+ қаласында кездесіп, сол жерде шайқасты. 22  Бірақ Яһуда әскері Исраилден жеңіліп қалып, әрқайсысы үйді-үйіне қашып кетті. 23  Исраил патшасы Жоғас Яһуда патшасы Ехохаздың* немересі Жоғас ұлы Амазияхты Бет-Шамиште тұтқындап, Иерусалимге әкелді. Жоғас Иерусалим қабырғасын Ефрем қақпасынан+ Бұрыш қақпасына+ дейін талқандады. Бұл аралықтың ұзындығы 400 шынтақ* болатын. 24  Сондай-ақ Жоғас Ғабит-Едомның қарауында болған шынайы Құдайдың үйіндегі бар алтын-күміс пен бұйымды, сондай-ақ патша сарайының қазынасын+ талан-тараж етті. Бұған қоса, кепілге адамдар алды. Сосын Самарияға қайтып кетті. 25  Яһуда патшасы Жоғас ұлы Амазиях+ Исраил патшасы Ехохаз ұлы Жоғас+ өлген соң, тағы 15 жыл өмір сүрді+. 26  Амазияхтың басқа да істері Яһуда мен Исраил патшаларының тарихы баяндалған кітапта бастан-аяқ жазылған. 27  Амазиях Ехобаға еруді қойған кезден бастап, Иерусалимде оған қарсы қастандық ұйымдастырылды+. Патша Лахишке қашып кетті, бірақ оның артынан адамдар жіберіліп, ол сол жерде өлтірілді. 28  Оның мәйіті аттармен әкелініп, Яһуда қаласындағы ата-бабаларының қабіріне қойылды.

Сілтемелер

1 талант 34,2 кг-ға тең. Ә14 қосымшасын қараңыз.
Ахазия деп те аталады.
Шамамен 178 м. Ә14 қосымшасын қараңыз.