Шежірелер 2-жазба 3:1—17
3 Содан соң Сүлеймен Иерусалимдегі Мория+ тауында Ехобаға арнап үй сала бастады+. Кезінде ебустік Орнанның қырманы болған+ сол жерде Ехоба әкесі Дәуітке көрінген еді+. Сонда ол сол жерді ғибадатхана салуға дайындаған болатын.
2 Сүлеймен құрылысты патшалық құруының төртінші жылы екінші айдың екінші күні бастады.
3 Шынайы Құдайдың үйін тұрғызу үшін салынған іргетастың өлшемдері келесідей: шынтақтың көне өлшеміне* сай, ұзындығы 60 шынтақ, ені 20 шынтақ+.
4 Үйдің алдындағы кіреберістің ұзындығы үйдің еніне тең, яғни 20 шынтақ, биіктігі де 20 шынтақ*. Сүлеймен оның ішін саф алтынмен қаптады+.
5 Ал үлкен бөлмесін алдымен арша тақтайлармен, сосын алтынмен қаптады+. Оның бетіне пальма ағаштарының бейнелері+ мен шынжыр өрнектерін түсірді+.
6 Бұдан кейін үйді әсем асыл тастармен әшекейледі+. Қолданылған алтын+ Парваимнен әкелінген еді.
7 Сүлеймен үйдің ішін: арқалықтарын, табалдырықтарын, қабырғалары мен есіктерін алтынмен қаптады+. Қабырғаларына керуб бейнелерін ойып салды+.
8 Сосын ол Ең қасиетті бөлмені+ салды. Оның ұзындығы үйдің еніне тең, яғни 20 шынтақ, ені де 20 шынтақ болды. Патша бұл бөлмені де саф алтынмен қаптады, оған 600 талант* алтын кетті+.
9 Шеге жасауға қолданылған алтынның салмағы 50 шекел*. Патша жоғарғы бөлмелерді де алтынмен қаптады.
10 Сүлеймен үйдің Ең қасиетті бөлмесіне екі керуб мүсінін жасап, оларды алтынмен қаптады+.
11 Керубтердің қанаттарының+ жалпы ұзындығы 20 шынтақ болды. Бірінші керубтің бір қанатының ұзындығы 5 шынтақ еді, әрі ол үйдің қабырғасына тиіп тұрды. Ұзындығы 5 шынтақ екінші қанаты болса екінші керубтің қанатына тиіп тұрды.
12 Екінші керубтің де бір қанатының ұзындығы 5 шынтақ еді, әрі ол үйдің қарама-қарсы қабырғасына тиіп тұрды. Ұзындығы 5 шынтақ екінші қанаты болса бірінші керубтің қанатына тиіп тұрды.
13 Осылай керубтердің жайылған қанаттарының жалпы ұзындығы 20 шынтақ болды. Керуб мүсіндері тік тұрған күйі жасалып, жүздері үлкен бөлмеге* қарап орналастырылды.
14 Сүлеймен көк жіптен, күлгін жүннен, қырмызы жіптен және жұқа матадан шымылдық+ жасап, бетіне керуб бейнелерін кестелеп түсірді+.
15 Сонымен қатар ол үйдің алдына ұзындығы 35 шынтақ екі бағана+ жасады. Олардың басына қойылған тәждердің биіктігі 5 шынтақтан болды+.
16 Патша алқа іспеттес шынжырлар жасап, бағаналардың жоғарғы жақтарын безендірді. Сондай-ақ анар жемісінің 100 мүсіндемесін жасап, солармен шынжырларды көмкерді.
17 Бағаналарды ол Қасиетті бөлменің* алдына, біреуін оң*, екіншісін сол жаққа* қойды. Сүлеймен оң жақтағысын Яхин*, ал сол жақтағысын Бағоз* деп атады.
Сілтемелер
^ Қалыпты шынтақтың ұзындығы — 44,5 см. Бірақ кейбіреулер “шынтақтың көне өлшемі” деген тіркес ұзын шынтаққа нұсқайды, әрі оның ұзындығы 51,8 см деп есептейді. Ә14 қосымшасын қараңыз.
^ Ежелгі шиыршықтардың кейбірінде “120” делінсе, басқаларында және кей аудармаларда “20 шынтақ” делінген.
^ 1 талант 34,2 кг-ға тең. Ә14 қосымшасын қараңыз.
^ 1 шекел 11,4 г-ға тең. Ә14 қосымшасын қараңыз.
^ Яғни Қасиетті бөлмеге.
^ Сөзбе-сөз “ғибадатхананың”.
^ Немесе “оңтүстікке”.
^ Немесе “солтүстікке”.
^ Мағынасы “ол (яғни Ехоба) мызғымастай нығайта көрсін”.
^ “Күшімен” дегенді білдірсе керек.