Шежірелер 2-жазба 30:1—27
-
Езекияның Құтқарылу мейрамын тойлауы (1—27)
30 Езекия бүкіл Исраил+ мен Яһуда еліне хабаршылар жіберді. Ол тіпті ефрем және манаса руларына+ хат жазып, Исраилдің Құдайы Ехобаға арналған Құтқарылу мейрамын*+ тойлау үшін Иерусалимдегі Ехобаның үйіне келуге шақырды.
2 Патша мен оның бекзадалары, сондай-ақ Иерусалимдегі бүкіл жамағат ақылдасып, Құтқарылу мейрамын екінші айда өткізуді шешті+.
3 Өйткені тазару рәсімінен өткен* діни қызметкерлер жеткіліксіз болғандықтан+, әрі жұрт Иерусалимге жиналып үлгермегендіктен олар мейрамды өз уақытында+ өткізе алмады.
4 Мұндай шешімді патша да, күллі жамағат та дұрыс көрді.
5 Сонымен, олар жұрт Иерусалимге келіп, Исраилдің Құдайы Ехобаға арнап Құтқарылу мейрамын өткізу үшін, Бер-Шебадан Данға+ дейін, бүкіл Исраил еліне хабар жіберуді шешті. Себебі бұған дейін жұрт, заң кітабында жазылғандай, мерекені бәрі бірігіп өткізбеген еді+.
6 Содан шабармандар патша мен оның бекзадаларының хаттарын алып, бүкіл Исраил мен Яһуда елін аралауға кірісті. Патша былай деді: “Уа, Исраил халқы! Ыбырайымның, Ысқақтың және Исраилдің Құдайы Ехобаға қайта бет бұрыңдар! Сонда ол Ассирия патшасының+ қолынан аман қалған тамтыққа қайта бет бұрады.
7 Ата-бабаларың мен бауырларың сияқты болмаңдар! Олар ата-бабаларының Құдайы Ехобаға опасыздық жасаған еді. Сондықтан, өздерің көріп отырғандай, Құдай оларды қорқынышты көрініске айналдырды+.
8 Енді соларға ұқсап қыңыр болмай+, қайта, Ехобаға мойынсұныңдар. Оның мәңгілікке киелі еткен ғибадатханасына+ келіп, Құдайларың Ехобаға қызмет етіңдер. Сонда оның лаулаған қаһары басылады+.
9 Егер сендер Ехобаға бет бұрсаңдар, бауырларың мен ұлдарыңды тұтқынға айдап әкеткендер оларға мейірім танытып+, мына елге қайтарады+. Өйткені Құдайларың Ехоба жанашыр әрі мейірімді+. Сендер оған бет бұрсаңдар, ол сендерден теріс айналмайды+”.
10 Шабармандар осындай хабармен ефрем және манаса руларының+ қалаларын аралап, тіпті Забулон жеріне дейін жетті. Бірақ жұрт оларды күлкі етіп, келеке-мазақ қылды+.
11 Сөйтсе де ашир, манаса және забулон руларының кейбір адамдары кішіпейілділік танытып, Иерусалимге келді+.
12 Шынайы Құдай Яһуда еліне де жар болып, оларды патша мен бекзадалардың Ехобаның сөзіне сай берген бұйрығын орындауға бір кісідей жұмылдырды.
13 Осылай екінші айда+ Иерусалимге көп адам жиналып, Ашымаған нан мейрамын+ өткізуге дайындалып жатты. Жиналған жұрт өте көп болды.
14 Олар Иерусалимдегі жалған тәңірлерге арналған құрбандық орындары+ мен хош иісті зат түтететін үстелдердің бәрін қиратып+, Қидрон аңғарына апарып, лақтырып тастады.
15 Бұдан кейін олар екінші айдың он төртінші күні Құтқарылу мейрамына арналған құрбандықты шалды. Сонда діни қызметкерлер мен леуіліктер ұялып, тазару рәсімінен өтті де, Ехобаның үйіне түгел өртелетін құрбандықтар әкелді.
16 Олар шынайы Құдайдың адамы Мұсаның Заңына сай, әдеттегі орындарында тұрды. Сосын діни қызметкерлер леуіліктер әкелген қанды құрбандық ошағына бүркіді+.
17 Халық арасында тазару рәсімінен өтпегендер көп еді. Сондықтан олар Ехобаның алдында таза болулары үшін, леуіліктерге солардың атынан да Құтқарылу мейрамына арналған құрбандықтарды шалу тапсырылды+.
18 Жұрттың көбі, әсіресе ефрем, манаса+, исахар және забулон руынан келгендер, тазару рәсімінен өтпесе де, мейрамның асынан жеді. Бұлары заңға қайшы еді. Бірақ Езекия олар үшін былай деп дұға етті: “Игілігі мол Ехоба+ кешіре көрсін!
19 Киелілік талабына сай тазару рәсімінен өтпесе де, қасиетті мейрамға қатысып жатқандар бар+. Олар мұны шынайы Құдай Ехобаны, ата-бабаларының Құдайын, бар жүрегімен іздеуге бел буғандықтан+ істеп жатыр. Құдайымыз солардың бәрін кешіре көрсін!”
20 Ехоба Езекияның дұғасына құлақ асып, халықты кешірді.
21 Осылай Иерусалимдегі исраилдіктер жеті күн бойы зор қуанышпен+ Ашымаған нан мейрамын+ өткізді. Ал леуіліктер мен діни қызметкерлер күн сайын Ехобаны мадақтап, саз аспаптарымен барын салып Ехобаны дәріптеді+.
22 Езекия Ехобаның алдында қызметтерін зерделілікпен атқарып жүрген леуіліктердің бәрін жігерлендірді. Халық жеті күн бойы мейрамның асын жеп+, татулық құрбандықтарын шалып+, ата-бабаларының Құдайы Ехобаға алғыстарын білдірумен болды.
23 Бұдан кейін күллі жамағат мейрамды тағы жеті күнге созуды шешіп, сол күндерді қуанышпен өткізді+.
24 Яһуда патшасы Езекия жамағатқа арнап 1000 бұқа, 7000 қой, ал бекзадалар 1000 бұқа, 10 000 қой берді+. Бұл кезде көптеген діни қызметкерлер тазару рәсімінен өткен еді+.
25 Осылай Яһуда елінің күллі жамағаты, діни қызметкерлер мен леуіліктер, Исраил елінен келген күллі жамағат+, сондай-ақ Исраилден келген және Яһуда елінде тұрып жатқан жатжерліктердің+ қуанышында шек болмады.
26 Исраил патшасы Дәуіт ұлы Сүлейменнің кезінен бері мұндай мейрам болып көрмегендіктен, Иерусалим зор қуанышқа толды+.
27 Соңында леуілік діни қызметкерлер халыққа батасын берді+. Құдай олардың дауысын естіді, дұғалары оның тұрағына, көкке жетті.
Сілтемелер
^ Түсіндірмені қараңыз.
^ Сөзбе-сөз “өздерін қасиетті еткен”. Түсіндірмедегі “Қасиетті” сөзін қараңыз.