Шежірелер 2-жазба 33:1—25
33 Манаса+ 12 жасында патша болып, Иерусалимде 55 жыл билік етті+.
2 Ол кезінде Ехоба исраилдіктердің алдынан қуып шыққан халықтардың жеркенішті істерін қайталап, Ехобаның алдында ұнамсыз істер істеді+.
3 Манаса әкесі Езекия құртып жіберген+ ғибадат төбелерін қайта соқты, Бағалға арнап құрбандық орындарын және қасиетті бағаналар* да жасады. Бұнымен қоймай, бүкіл көк әскеріне табынып, соларға қызмет етті+.
4 Ертеректе Ехоба: “Мен өз есімімді мәңгіге Иерусалимде орнықтырамын+”,— деген еді. Ал Манаса Ехобаның үйінде құрбандық орындарын жасады+.
5 Ол Ехобаның үйінің екі ауласында+ күллі көк әскеріне арнап құрбандық орындарын жасады.
6 Сонымен қатар ол өз ұлдарын құрбандыққа шалып, Бен-Хенном аңғарында+ отқа өртеді+, сиқырлықпен+, сәуегейлікпен, бақсы-балгерлікпен айналысты, аруақ шақырушылар мен көріпкелдер тағайындады+. Осылай Ехобаға ұнамайтын істерді көптеп істеп, оны қорлады.
7 Манаса өзі жасатқан мүсінді шынайы Құдайдың үйіне+ қойып қойды. Ал осы үй жөнінде Құдай Дәуіт пен оның ұлы Сүлейменге былай деген еді: “Мен осы үйде, сондай-ақ күллі Исраил руларының арасынан таңдап алған Иерусалим қаласында өз есімімді мәңгіге орнықтырамын+.
8 Исраил халқы Мұса арқылы берген Заңымды толықтай ұстанып, бұйрықтарымның бәрін және жарлықтарым мен шешімдерімді мұқият орындап жүрсе, мен енді қайтып оларды ата-бабаларына берген осы жерден аластатып, қаңғыртып жібермеймін”.
9 Бірақ Манаса Яһуда мен Иерусалим тұрғындарын теріс жолға түсіріп, әбден адастырды. Олар кезінде Ехоба исраилдіктердің алдынан құртып жіберген халықтардан да бетер зұлымдық жасады+.
10 Ехоба Манасаға да, халыққа да қайта-қайта хабар жіберумен болды, бірақ олар еш құлақ аспады+.
11 Сондықтан Ехоба оларға Ассирия патшасының қолбасыларын жіберді. Олар Манасаны мұрындықтап*, қол-аяқтарына мыс кісен салып, Бабылға алып кетті.
12 Басына осындай күн туғанда, патша Құдайы Ехобадан ықыласын түсіруді сұрап жалбарынып, ата-бабасының Құдайының алдында зор кішіпейілділік танытты.
13 Манаса Құдайға дұға ете берді, бұған оның іші жылып, ықыласын түсіруді сұраған жалбарынышына құлақ асты. Құдай оны Иерусалимге қайтарып, қайтадан патша етіп қойды+. Сонда Ехобаның шынайы Құдай екеніне Манасаның көзі жетті+.
14 Осыдан кейін ол Гихонның+ батыс жағындағы Дәуіттің қаласының+ сыртынан өте биік етіп қабырға тұрғызды. Қабырға аңғарды бойлай отырып, Опелді+ айналып өтіп, Балық қақпасына+ дейін созылды. Бұған қоса, патша Яһуда еліндегі бекіністі қалалардың бәріне қолбасылар тағайындады.
15 Сонымен қатар Манаса Ехобаның үйінен бөтен құдайлардың бейнелері мен пұт мүсінін алып тастады+. Ол Ехобаның үйі салынған төбедегі және Иерусалимдегі өзі жасаған барлық құрбандық орындарының+ да көзін құртты. Патша оларды қаланың сыртына шығарып тастады.
16 Сосын ол Ехобаның құрбандық ошағын жөндеп+, соның үстінде татулық+ және ризашылық құрбандықтарын+ шала бастады. Патша Яһуда халқына да Исраилдің Құдайы Ехобаға қызмет етуді бұйырды.
17 Халық Құдайлары Ехобаға құрбандық шалатын болды, бірақ мұны ғибадат төбелерінде істеді.
18 Манасаның басқа да істері, Құдайға айтқан дұғасы, аян алушылардың Исраилдің Құдайы Ехобаның атынан оған айтқан сөздері Исраил патшаларының тарихы жазылған кітапта баяндалған.
19 Сонымен қатар Манасаның айтқан дұғасы+, жалбарынышына Құдайдың құлақ асқаны, кішіпейілділік танытқанға дейін жасаған барлық күнәлары мен опасыздығы+, қай жерлерге ғибадат төбелерін жасап, қай жерлерге қасиетті бағаналар*+ мен мүсіндер орнатқаны аян алушыларының жазбаларында баяндалған.
20 Ақырында Манаса ата-бабаларына қосылды да, сүйегі өз үйінің маңына қойылды. Оның орнына ұлы Амон таққа отырды+.
21 Амон+ 22 жасында патша болып, Иерусалимде екі жыл билік етті+.
22 Амон әкесі Манаса сияқты, Ехобаның алдында ұнамсыз істер істей берді+. Ол әкесі жасаған мүсіндердің+ бәріне құрбандықтар шалып, соларға қызмет етуді доғармады.
23 Амон әкесі Манасаға ұқсап Ехобаның алдында кішіпейілділік танытпады+, қайта, айыбына айып қоса берді.
24 Ақыры қызметшілері қастандық жасап+, патшаны өз үйінде өлтіріп кетті.
25 Бірақ халық Амон патшаға қастандық жасағандардың бәрін өлтіріп+, әкесінің орнына ұлы Жосияны патша етіп қойды+.
Сілтемелер
^ Түсіндірмедегі “Қасиетті ағаш бағананы” қараңыз.
^ Мүмкін: “үңгірлерден ұстап алып”.
^ Түсіндірмедегі “Қасиетті ағаш бағананы” қараңыз.