Ғалаттықтарға 4:1—31
4 Енді сендерге айтарым — мұрагер барлық нәрсенің иесі болса да, бала кезінде оның құлдан еш айырмашылығы жоқ.
2 Әкесі алдын ала белгілеген уақытқа дейін ол қамқоршылар мен үй басқарушылардың қарауында болады.
3 Сол сияқты, біз де бала кезімізде осы дүние қағидаларының құлдығында болдық+.
4 Ал белгіленген уақыт аяқталғанда, Құдай өз Ұлын жіберді. Ол әйелден туылды+ әрі заңға бағынышты болды+.
5 Құдай оны заңға бағынғандарды құн төлеу арқылы азат етіп+, бізді өзінің балалары ету үшін жіберді+.
6 Енді сендер оның балалары болғандықтан, Құдай өз Ұлының бойында бар киелі рухты+ біздің жүрегімізге орнықтырды+. Осы рух: “Абба*, Әке!”— деп шақырады+.
7 Ендеше сен енді құл емес, Құдайдың баласысың. Ал баласы болсаң, онда Құдайдың сені мұрагер де еткені+.
8 Құдайды білмей тұрғанда, сендер жалған тәңірлердің құлы болып келдіңдер.
9 Ал енді Құдайды білгеннен кейін, дұрысын айтқанда, Құдай сендерді білгеннен кейін, қалайша бос+, еш пайдасыз қағидаларға қайта оралып, тағы да оларға құл болғыларың келеді+?
10 Белгілі бір күндер, айлар+, мезгілдер мен жылдарды ерекше көріп, мұқият ұстанады екенсіңдер.
11 Сендерге көмектесу үшін тер төккенім зая кетті ме деп қорқамын.
12 Бауырластар, сендерден өтінемін, мен сияқты болыңдар, себебі бір кездері мен де сендердей болғанмын+. Сендер маған еш жамандық жасаған жоқсыңдар.
13 Өздеріңе ізгі хабарды алғаш рет жариялауға барғанымда науқас болғанымды білесіңдер.
14 Ауруым сендерге сынақ болса да, маған жеккөрінішпен не жирене қараған жоқсыңдар*, қайта, Құдайдың періштесіндей, Мәсіх Исаның өзіндей қабылдадыңдар.
15 Сондағы қуаныштарың қайда? Өзім куәмін, сол кезде, мүмкін болса, көздеріңді ойып алып, маған берер едіңдер+.
16 Ал енді шындықты айтқаным үшін, сендерге жау болып шықтым ба?
17 Сендерді өз жағына шығаруға тырысатындардың ниеті жақсы емес. Олар сендерді менен ажыратып, өздерінен айырылмағандарыңды қалайды.
18 Біреудің сендерді өз жағына ізгі ниетпен шығаруға тырысқаны жақсы. Өзім қастарыңда жүргенде ғана емес, әрдайым осылай болса,
19 балаларым+, бұл сендер үшін жақсы. Мен сендер үшін тағы да толғақ азабын шегудемін. Бойларыңнан Мәсіхтің болмысы көрінгенше осылай болмақ.
20 Дәл қазір қастарыңда болып, өздеріңмен жұмсағырақ сөйлессем ғой! Себебі сендерді түсіне алмай жүрмін.
21 Заңға бағынғысы келетіндер, айтыңдаршы, сол Заңда айтылғандарды естіп жүр емессіңдер ме?
22 Мысалы, онда Ыбырайымның екі ұлы — бірі күңнен+, екіншісі ерікті әйелден+ — болғаны жазылған ғой.
23 Күңнің ұлы әдеттегідей туылса+, ерікті әйелдікі Құдайдың уәдесі бойынша туылды+.
24 Мұның бәрінің астарлы мағынасы бар: екі әйел екі келісімді білдіреді. Оның бірі — Синай тауында жасалған келісім+, яғни балаларын құлдықта болу үшін туған Ажар.
25 Ажар Арабиядағы Синай тауын+ және қазіргі Иерусалимді білдіреді, өйткені ол балаларымен бірге құлдықта.
26 Ал жоғарыдағы Иерусалим ерікті, біздің анамыз — сол.
27 Киелі жазбада: “Қуан, құрсақ көтермеген бедеу әйел! Толғақ азабын тартып көрмеген әйел, шаттана айғайла! Себебі күйеуі бар әйелден гөрі, күйеуі тастап кеткен әйелдің балалары көп болады”,— делінген+.
28 Ал сендер, бауырластар, Ысқақ сияқты уәде бойынша туылған балаларсыңдар+.
29 Сол заманда әдеттегідей туылған бала рух арқылы туылған баланы қудалаған еді+, қазір де солай+.
30 Бірақ Киелі жазбада не айтылған? “Күңді ұлымен бірге қуып жібер, күңнің ұлы ерікті әйелдің ұлымен бірге мұрагер болмасын!”+
31 Сондықтан, бауырластар, біз күңнің емес, ерікті әйелдің балаларымыз.